МАҒАУИН – ДИССИДЕНТ ЕМЕС

        d0bcd0b0d293d0b0d183d0b8d0bd2Тұрысбек Сәукетаевтың «Общественная позиция» апталығының 14 ақпан 2010 жылғы санында жарияланған «Мұқтардың мұңы» атты екі Мұқтардың бірін аспандатып, екіншісіне тіл тигізіп тұқыртқан мақаласын кезінде оқымаппын. Ол туралы «Жас қазақ үні» газетінің таяудағы № 13 санында жарық көрген «Бізде ұлттық намыс бар ма?» атты Қызылордалық арлы азамат Тобаш Ембергенұлының мақаласынан оқып-біліп, ашынуымның шегі болмай  отыр.

        Біріншіден, басын ашып алатын шындық – Мұқтар Мағауиннің диссидент еместігі. Оны ешкім де шет елге кетуге мәжбүрлеген жоқ, үкімет те, билік те қуған жоқ. Чехияда тұратын, сонда «Азаттық» радиосында қызмет атқаратын ұлының қолында, жан тыныштығы жағдайында шығармаларын жазып шығарып жатыр. Ұлының үйі -өз үйі емес пе. Тарығып-зарығып, елім-айлап аһ ұрып өзегі өртенуде дегенге өз басым сенбеймін.Және Қазақстанда оның шығармаларын жариялауға тыйым салынбаған.Жазғаны жазғандай жарық көруде. «Жармағы» да, басқалары да.Ендеше Мағауиннен диссидент жасап, ол халық үшін, ұлт үшін арыстандай алысып, құғын-сүргін, қудалау көріп жүр деп даурығысқан топтың көздеген мүддесі не деген сұрақ туады.

         М.Мағауиннің Қазақстан Үкіметіне де, билікке де еш өкпесі болмауға тиісті. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, том-том кітіптары үзіліссіз жарық көріп жатты, жазушылар одағында, оның басылымдары мен баспаларда басшы қызметтерде, құрметті, сыйлы орындарда отырды.

           Оған кім қорлық көрсетіпті? Ешкім де. Қайта өзі «Жұлдыз» журналында ұзақ жылдар бас редактор болып жүргенде, өзге жазушыларды қырып кете жаздаған жоқ па?!

          Бүкіл қазақ пен қырғыз жазушыларына бір өзін «Мен!» деп қарсы қойып,ешкімді көзіне ілмей қойды емес пе. Сөйтіп қорлықты ол көрген жоқ, қайта қазақ жазушыларына Мағауиннің өзі қорлықтың көкесін көрсеткен.Одан сөз естімеген, тілі тимеген қазақта ақын мен жазушы аз-ақ шығар.Оның өз қаламдастарына соншалықты өшпенділікпен шүйліккеніне себеп табу қиын.Өзі айтпағанын «Жұлдыз» журналы беттерінде Бекділда Адамжаровқа айтқызды, Соның қаламымен үсті-үсті соққылар берді. Оларды қайта жаңғыртпай-ақ қоялық.

          «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Ә.Меңдеке де өз газетінде жуықта Мағауин туралы бір бет мақала жариялап, оны айдауда жүргендей, халық үшін құрбан боп қамауда қалғандай етіп суреттейді. Оны елге қалай келтіреміз, қалай шақырамыз, шақыра қалғанда қай бетімізбен шақырамыз деген сияқты сөйлемдерді үйіп төгеді. Оның суреттеуінше бүкіл қазақ қауымы оның алдында борышты екенбіз, айыпты екенбіз.Енді сол айыбымызды, кінәмізді қалай жууды ойлауымыз керек екен.

        Жоқ, бекер. Оның алдында ешкім де айыпты да, кінәлі де емес. Рас, Мағауин жақсы жазушы. Шығармаларында қоғамның келеңсіз кемшіліктерін әшкерелеп, шындықты көркем шығарма тілімен суреттеп, ашына айтып жүрген суреткер, айтулы қаламгер.

       Егер солай жазуға таланты, шындықты өткір жазуға батылдығы жетіп тұрса неге жазбасқа, жазды. Шындықты шырқыратып жазғаны үшін елден алғысын алып жатыр.Бірақ сол үшін жазушы халқына міндетсініп, кісімсуі керек пе? Сол үшін біз оның алдында жалбақтауымыз керек пе?

         Бәріміз бағалап жүргеніміздей, жақсы жазушы болса, солай жақсы жазу оның міндеті, борышы.

         Енді мәселенің екінші қырына келер болсақ, Т.Сәукетаевтың қазақ ұлтының ұлы тұлғасы, халқымыздың аяулы азаматы Мұхтар Шахановқа тіл тигізгені, «көкенің жүзін осы бір қара дақ көлегейлеп тұрады» деп Мұхаңның жарқын жүзіне күйе жаққаны кім-кімді де ашындырмай қоймайды. Тұрысбек мырза, сіз осы парықсыз қылығыңыз арқылы, сол қара дақты өз жүзіңізге жағып алып отырсыз, өзіңіздің жазушы атыңызға жуырда жуылмайтын жаман ат жапсырдыңыз. «Бізде ұлттық намыс бар ма?» деген Тобаш Ембергенұлының сауалы көпше қойылғанымен, тікелей сізге қойылып отыр. Расында сізде ұлттық намыс бар ма? Бар болса, сол ұлтымыздың ақ бетінің ары болып, жаралы жүрегімен ұлтқа атылған оқты қолымен қағып, амбразура аузын кеудесімен жуып жүрген, бүгіннің нағыз Бауыржан батыры Мұхтар Шахановқа қарсы шығып, оған жоғарыдағыдай тіл тигізер ме едіңіз. Тіпті, олай етуге сіздің титімдей де моральдық құқыңыз жоқ. Осы әрекетіңізбен өзіңіздің моральдық бейнеңізге көлеңке түсіріп, адамшылық деңгейіңіздің, азаматтық позицияңыздың қаншалықты төмендігін көрсетіп, өзіңізді өзіңіз әшкерелеп алғаныңызды байқайсыз ба? Мақала авторы Тобаш: «Мұхтарда атаңның ақысы кетіп пе еді», деп дұрыс айтқан. Бар қазақ соны айтады сізге. Расул Гамзатов : «Қарғыс атсын қарғысыма кезіксін, еcуастар ана тілін қорлаған» демеп пе еді. Иә, дәл солай деген. Ал Шаханов кім? Сол қасиетті ана тіліміз үшін, елдігіміз үшін, жеріміз үшін, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін, ұлтымыздың ар-намысы үшін екі рет операция, үш рет инфаркт алған жаралы жүрегімен, Сәукетайлардың атқан сан сөз-оқтары қадалған кең кеудесімен мұзжарғыштай қалың мұзды қақ жарып, алға қойған ұлы мұрат-арманынан қыл елі таймай келе жатқан күрескер сардарымыз. 2005 жылы Түркияда жүрегіне ауыр операция жасатқаннан кейін, бар болғаны жарты айдың шамасында Қазақстан жазушылар одағының Конференция залында «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының құрылтайын өткізіп, сол қоғамды құрып, іске кірісті. 2007 жылы Алматыда студенттер сарайында «Рух» партиясының құрылтайын шақырды. Және сол партияны құрды да. «Рух» партиясы арқылы қазақ халқының төмен түсіп, жоғалып бара жатқан рухын қайта көтеріп, асқақтатқысы келді. Ол партия тіркелмей жатса, Мұхтардыңкінәсі емес. Өткен жылы «Ел бірлігі» доктринасына қарсылық қозғалысын бастап, ұлт патриоттарын соңынан ерте білді, топтастыра білді. Сардарлық, командирлік, талантын танытты. Жеңіске жетті, жеткізді.

            Бұл аз десеңіз сол жылы «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысын құрды. Мұхаңның 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасындағы көзсіз ерлігі өз алдына эпопея. Ол ел үшін ерлік жасаудың ерен үлгісі боп, қазақ халқының тарихында алтын әріптермен жазылып мәңгіге қалады. Мұхтар Шаханов – қазірдің өзінде тарихи заңғар тұлға. Оған енді қанша тыраштанғандар көлеңке түсіре алмайды. Шаханов атына айтылған теріс сөздерді халық қабылдамайды. Осындай сөзді айтып қалған ақсақал жазушымыз Әзілхан Нұршайықовтың абыройын азайтып алғанын жақсы білеміз. Жұртшылықтан Мұхтарға айтқан сөзінен жүз есе ауыр сөз естіді.Тіпті оның классик еместігін, қатардағы әңгімешіл жазушы екенін аңғартқандар да болды. Осынау жасқа келгенде бұл Әзекеңнің естуге тиіс сөзі ме еді? Міне Т.Сәукетай да соның кебін киіп, абыройсыздыққа ұшырап отыр. Оған қарсы ашына үн қатқан Тобаш Ембергенұлы қатардағы қызылордалық азамат. «Алға» ХП-ның белсендісі дейді. Бар атағы сол ғана.Міне бұл фактілер Мұхтар Шахановтың халық жүрегіне аяулы бейне болып орныққанының айқын көрінісі.Оның абыройын халық болып қорғайды. Кім де кім Мұхаңның жағасына жармасқысы келсе, ол өз жағасының он жерден жыртылатынын, абыройының айрандай төгілетінін біліп жүрулері керек. Мен асыра айтып отырғаным жоқ, дәлелді-уәжді

сөз айтып отырмын.

           Аттап өтуге болмайтын үшінші мәселеге келелік. Т.Ембергенұлы жоғарыдағы мақаласында екі Мұхтарды бір-бірінен жақсы, жаман деп бөліп қарамайық деп аталы сөз айтқан. Дұрыс. Дегенмен Мағауин тұлғасын соншама асқақтатып жүргендерге тағы бірнеше уәж айтпасқа шара жоқ. «Мұқтар мұңы» деп оның ел үшін егіліп, халық үшін көкірегі қарс айрылып, қайғырып жүргенін Сәукетай да, Меңдеке де жазудай-ақ әсерлеп жазады. Егер шын солай болса, неге ол сол ел үшін, жер үшін, тіл үшін жандарын ортаға салып күресіп жүрген ұлт патриоттарының қатарынан табылмайды?! Шахановты айтпағанда, өзі қатарлы қаламдастары, жазушылығы өзінен бір де бір кем емес Дулат Исабеков, Софы Сматаев, Тұрсынбек Кәкішев, Темірхан Медетбек, Ғаббас Қабышев, Қабдеш Жұмаділов және басқа қалың қазаққа аттары белгілі Асанәлі Әшімов, Болат Атабаев секілді айтулы азаматтар тізе қосып, ұлт мүддесін қорғап күреске шыққанда, олардың айбарлы да айбынды дауыстары бір топтың емес бүкіл қазақ халқының қосыла шыққан үніндей боп естілді. Билік те солай қабылдап, ұлт патриоттарымен санасуға мәжбүр болды. Ел еңсесі көтеріліп қалды.

           Мағауиннің «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып ғұмыр бойы істей бергісі келгені, орнынан алғанына қатты ренжігені, шет ел асып кетуіне соның да әсері болғаны ешкімге жасырын емес. Одан кейін бас редактор болған Темірхан Медетбек те ауыстырылып, орнына  Ұлықбек Есдәулетов тағайындалды. Темірхан да іштей ренжіген, налыған, бірақ өкпелеп ешқайда кетіп қалған жоқ.Ұлт патриоттарының қатарынан табылып,өзінің қуатты поэзиясын ел мүддесі жолындағы   күреске қосып, қаракөз қандастарымыздың құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленуде. Солардың және бәріміздің аузымыздағы сөзімізді көркем тілмен кестелеп, өжет те өткір үнмен жеткізуде.

          Жоғарыда аттары аталған ақындар мен жазушылыр, өнер адамдары қоғамдағы кеселдер мен әділетсіздіктерге қарсы көркем шығармаларымен де, жауынгер жанр-публицистикалық мақалаларымен де және соларға қоса нақты іс-қимыл әрекеттерімен де күресуде. Демек сөз жүзінде ғана емес іс жүзінде күресуде. Ұлт үшін керегі міне осы! Осындай күрес! Меніңше, өкпешіл, кекшіл болу адамгершілікке жатпайды.

          Меңдеке Мұхтар Мағауинді елге қалай қайтарамыз? Қалай, қайтып щақырамыз? – деп қиналады. Бұл жөнінде мынадай мысал келтірелік. Біраз жылдар бұрын орысша газеттердің бірінде шап-шағын мысал-әңгіме жарияланды.

           Бір әйел ұзақ толғатады. Тоғыз күн, тоғыз түн деген ештеңе емес, айлар бойы бала тумай, құрсақта ерегісіп жатып алады.Баланың аты ұмытпасам Максимилиан. Ол бала айтады: «Жер бетінде әділетсіздіктер, зорлық-зомбылықтар орын алған, онда барып қорлық көрер жайым жоқ, осы жатқан орным жайлы, осылай жата беремін», дейді.

            Баламен дәрігерлер,психологтар байланысқа шығып, әрі үгіттейді, бері үгіттейді. Анасының жанын қинай беруге болмайтынын айтады, бірақ көндіре алмайды.

            Сонда бір әпенді келіп: Әй, сен, неменеге былжырап, бұлданып, шіреніп жатырсың.Сол әділетсіздіктермен, зорлық-зомбылықтармен шық та күрес! Мүмкін соларды жойып, жеңетін батыр сен боларсың! – деп аталы сөз айтады. Мына сөз балаға қатты ұнап, жерге топ ете түскен екен дейді.

            Бала Максимилиан тоқтаған аталы сөзге ата Мағауин неге тоқтамайды. Мұхаңды міне солай  шақырайық. Келсін, қайтсын елге! Жай жазушылардың емес, күрескер жазушы қаламгерлердің, ұлт патриоттарының қатарына келіп қосылсын. Өзі көркем шығармалары арқылы яғни сөзбен күресіп, әшкерелеп жүрген қоғамдық кеселдермен енді тікелей білек сыбанып іспен күрессін. Ұлтымыздың басына төнген қауіп-қатерлердің қара бұлттарын өз қолымен ыдыратуға күшсалсын. Білекке білек, күшке күш қоссын. Әйтпесе, жай шақырудың қажеті қанша? Жоқшылық көріп жүрсе бір сәрі.

Сөз соңын Мұхтар Шахановқа арнағанды жөн көрдім. Қадірлі Мұха, бүгінгі таңда соңынан ел еретін сенімді тұлға Сардарымыз  өзіңізсіз. Әзекеңдер мен Сәукетайлардың сүйкенген сүйіксіз сұйық сөздеріне мұқалмаңыз!

            Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол! –деп Абай айтқандай, халқымыздың сүйініп жүретін сүйікті ұлысыз. Солай болып қала бересіз. Олжасымыз Алжас болып кетті.Табаныңыздың таймай келе жатқанына, табандылығыңызға таңдай қағып сүйсінеміз. Қазақ деген халқыңызды әлі де сүйсінте беріңіз.Соңыңыздан еретін сарбаздарыңыз көбейе түссін. Алладан амандық тілеймін. Құдай өзіңізге қуат берсін!

 

Жұма-Назар

СОМЖҮРЕК