Жазушылар одағының басшысын сайлау – жазушылардың өз iсi!..

6
1144

БҰҒАН ЕШКIМНIҢ ДЕ, ТIПТI ЕЛ ПРЕЗИДЕНТIНIҢ ДЕ АРАЛАСУҒА ҚҰҚЫ ЖОҚ

“Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Нұрлан Оразалин ҚР Президентiнiң жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды. Елбасының арнайы шешiмiмен бұдан былай Нұрлан Мырқасымұлы сенаторлық пен бұрынғы қызметiн (Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы) қатар атқаратын болды.

“Қазақ әдебиетi” газетi дәл осылай деп жазды (30 тамыз – 5 қыркүйек, 2013 жыл). Бұ қалай сонда? Сенаторлық – оңай-оспақ қызмет емес, кiм-кiмнен де өзiнiң күш-жiгерiн сарқа жұмсауды талап ететiн жауапты жұмыс. Ал ендi Н.Оразалин сенаторлықты да, оған қоса Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы қызметiн де атқарса, онсыз да тұралап жатқан Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы мүлде тоқтап қалмай ма?

Бiз бiр топ жазушыдан осы мәселе жөнiнде пiкiр бiлдiрудi сұрадық.

 	 http://abai.kz/sites/default/files/kabdesh_7.jpgҚабдеш Жұмадiлов, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi:

БIЗГЕ ЖАРТЫКЕШ БАСШЫНЫҢ КЕРЕГI  ЖОҚ

–   Нұрлан Оразалиндi қай­да алып кетсiн, мейлi министр қойсын, сенатор етiп қойсын, онымен еш шаруам жоқ. “Қой асығы демеңiз, қолыңа жақса сақа тұт” демекшi, қолайына жаққан екен, сенатор етiп қойыпты. Ендi бiз, жазушылар, Н.Оразалинмен дұрыстап қоштасып, өз төрағамызды сайлап алуымыз керек.

Бiр қолыммен – сенаторлықты, екiншi қолыммен – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағалығын алып жүр­ем десе, онда кiм-кiмге де айтарымыз мынау: Бiзге ондай жартыкеш басшының керегi жоқ!

Кеңес өкiметiнiң кезiн­де әдебиеттi дамыту үшiн мемлекет арнайы қаржы бөлетiн. Осы қаржы Мәдениет ми­нистр­лiгiнде пайдаланбай қалған, үнемделген қаржыдан құралып, содан кейiн ғана әдебиетке бөлiнедi екен. Осы­ның жай-жапсарын бiлiп алған өңкей iрi жазушылар “Бұл – әдебиеттi қорлау!” деп, Орталық Комитеттiң алдына мәселе қойғаны есiмде қалыпты. Сол айтқандай, қазiргi күнi әдебиеттiң құлдырап, қадiрi де кетiп, беделi де қалмағаны айтылудай-ақ айтылып жүр емес пе?! Ендi келiп Қазақстан Жазушылар одағын бүтiн басшы да емес, жартыкеш басшы, яки екi қыз­мет­тiң тiзгiнiн ұстаған басшы басқаратын болса, әде­биет­тi қорлау дегенi­мiз де осы ғой. Демек, әде­биет – негiзгi емес, қосалқы, жанама шаруашылық есебiнде басқарылады да сонда.

Бұған жол беруге болмайды! Жедел пленум шақырамыз ба, жоқ төтенше құрылтай шақырамыз ба, мұның алдын алу керек!

 	 http://abai.kz/sites/default/files/isabekov_4.jpgДулат Исабеков, жазушы, драматург, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi:

ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ АРЫ МЕН ҰЖДАНЫН АЯҚҚА ТАПТАТУҒА БОЛМАЙДЫ!

– Егер, шынымен-ақ, “арнайы шешiм” бар болатын болса, бұл – бiрiншiден, Еңбек заңына қайшы. Екiншiден, бұл – шешiм жазушылардың азаматтық құқығын ескермеуден туған.

Осының бәрi маған жазушылардың ары мен ұжданын аяққа таптағандық болып сезiледi. Бiздер, жазушылар, өзiмiздiң арымыз бен ұжданымызды ешкiмге қорлатпауға тиiспiз. Басқа төраға сайлап алуға тиiспiз. Шұғыл ұйымдастыру пленумын шақырған жөн.

Мен Н.Оразалиннiң сенаторлық пен Қазақстан Жазушылар одағы басшылығын қатар атқару жоғары жақтың ықпалымен болды дегенге сенбеймiн. Мұның бәрi – қолдан ұйымдастырылған және төменнен ұйымдастырыл­ған тiрлiк.

Жалпы, Қазақстан Жазушылар одағының тарихында мұндай болған емес, Жазушылар одағын ешкiм жанама түрде басқарған жоқ. Н.Оразалин Жазушылар одағын 18 жыл басқарды. Ешкiм қолынан қаққан жоқ. Қонышынан басып, қолынан келгенiн iстедi. Ендi осы тойғанымен кетуi керек қой…

 

 

 	 http://abai.kz/sites/default/files/medetbek_3.jpgТемiрхан Медетбек, ақын, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi:

БҰЛ — ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАУЫМЫН ҚОРЛАУ

Мен, өз басым, Нұрлан Ораза­лин­нiң президент жарлығымен сенатор болып тағайындалғанына түк те таңғалған жоқпын. Қазiргi таңда көбiне көп елдiң сөзiн емес, билiк­тiң сөзiн сөйлеп жүрген осындай адамдар ғана лауазымды орындарға ие бола алады. Бұл — үрдiске айналғалы қашан! Әрине, жаның күйiнедi, қаның қайнайды, қолдан келер бас­қа шара жоқ. Сондықтан да Нұрлан Оразалиннiң сенатор болғанына таңғалғам жоқ.

Менi таңғалдырғаны – президент мырзаның Нұрлан Ора­залиннiң бұрынғы қыз­метiнде, яғни Қазақстан Жазушылар одағын одан әрi басқара бере­дi деген сөзi болды. Апыр-ау, бұл қалай? Қос палаталы парламентке сайланғаны болсын, тағайындалғаны болсын, бiр­де-бiр депутат бұрынғы қыз­метiн атқарып отырған жоқ қой. Тiптi мұндай үрдiс дүние­жүзiнде жоқ. Сонда Нұр­лан Оразалин дүниежүзiн­дегi ай­құлақтанып туған ерекше тұлға болғаны ма? Жоқ әлде, ол Жазушылар одағының басшылығынан кете қалса, Жазушылар одағының шаңырағы опырылып ортасына түсе ме? Оған неге осыншалықты айрықша қамқорлық жасалынып отыр? Түсiнiксiз… Әйтпесе, Жазушылар одағының жұмысын шырқ үйiретiн жiгiттер, Құдайға шүкiр, жетерлiк.

Оның үстiне, президенттiң бұл шешiмi заңға қайшы ғой. Жазушылар одағының басшысын сайлау – жазушылардың өз iсi. Оған ешкiмнiң де, тiптi президенттiң де араласуға құқы жоқ. Өйткенi Жазушылар одағы – қоғамдық ұйым. Егер араласты ма, онда ондай әрекет — жазушыларды жұрт деп санамау, яғни олардың құқын аяқасты ету, оларды қорлау боп шығады. Сондықтан Конс­титуция кепiлi болып саналатын президент мұндай асығыс шешiмi­нен бас тартар деген ойдамыз.

Қазiр Нұрлан Оразалиннiң соңынан ерген сөз көп. Кезiн­де (В.Храпуновтың тұсын­­да) қалалық әкiмшi­лiк тарапынан Жазушылар одағына берiлген жер телiмi “Aягөз” деп аталатын көтерме базарға айналып, жалға берiлген болатын. Ол базар өзiнiң мойнына Жазушылар одағының алдында қаржылай болсын, басқалай болсын, көптеген мiндеттеме­лер алған едi. Ақырында, сол базармен жасалынған келiсiм­шарт та, сонымен бiрге мойнына алған мiндетте­мелер де зым-зия жоқ боп кеттi. Сондай-ақ тау бет­кейiндегi Шығармашылық үйiнiң тағдыры да жазушыларға белгiсiз. Ол да әлгi жалға берiлген жер сияқты қолды боп кеттi ме? Бейхабармыз. Бiрақ түптiң түбiнде олардың бәрi су бетiне қалқып шығады ғой. Ол кезде сенатор Нұрлан Оразалин сенатта отырар ма екен, жоқ әлде…

 

 	 http://abai.kz/sites/default/files/koishybai.jpgБейбiт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы:

ӘДЕБИ ТӨРЕЛЕР БҰДАН БЫЛАЙ БIЗДI АЛДАЙ БЕРМЕУГЕ ТИIС

– Н.Оразалин сенатор болыпты, президент оған Жазушылар одағын да басқара бер деп айтыпты деген хабар менi таңырқатты. Парламент секiлдi заң шығарушы биiк өкiлдiк мекеменiң депутаттар корпусы өте сауатты, адал, заңнаманы, ақиқатты, шындықты бәрiнен жоғары қоятын әдiл, шыншыл адамдардан жасақталады ғой деп ойлаушы едiм. Ал Оразалиннiң мұндай талаптарға жауап бере алмайтыны бесенеден белгiлi. Өйткенi ол Одақ басшылығына әдiлетсiз жолмен жеткен едi, тап сол әдiлетсiз­дiктiң түрлi тәсiлдерiн қолдану арқылы, заңнаманы белiнен баса отырып, мiне, он сегi­зiншi жыл, қаламгерлер бiрлестi­гiнiң өзгермес бастығы болып келе жатыр.

КСРО Жазушылар одағының жарғысы бойынша, қайта құру кезеңiнде шақырылған Қазақстан жазушыларының 1991 жылғы съезi Қазақстан Жазушылар одағының болашақ жар­ғысының бiрiншi хатшыны баламалы жолмен съезде тiкелей дауыс беру арқылы сайлау, съездi бес жылда бiр өткiзу тәрiздi негiзгi нобайларын белгiледi де, толық мәтiнiн қабылдауды съезде сайланған басқармаға тапсырып, тарады. Тұңғыш жарғының мәтiнi Тә­уелсiздiктен кейiн iле-шала, 1991 жылғы желтоқсанның екiншi жартысында өткен басқарма пленумында қабылданды. Сонда белгi­ленген, жоғарыда аталған ереженi белгiлi бiр мақсатпен ұйымдасқан топ 1996 жылғы съезде бұзды. Жарғыға тиiстi ретпен түзетулер енгiзу арқылы емес, өрескел түрде жаңа жар­ғы қабылдау жолымен. Жаңа жарғы бо­йынша ендi бiрiншi хатшы съезде тiкелей дауыс беру арқылы сайланбайтын болды. Ендi бiрiншi хатшы одақтың басқармасында сайланады деп белгiлендi. Бiрақ мұнда мынандай айырмашылық орын алды: егер кеңестiк дәуiрде бас­қарма мүшелiгiне кандидаттар съез үстiнде ұсынылып, съез делегаттарының жасырын дауыс беруiне жiберiлетiн болса, тәуелсiз­дiктiң бесiншi жылын бастан кешiп отырған демократиялық дәуiр жазушылары басқарма құрамын сайлауда өз ерiк-жiгерiн еркiн бiлдiруiне мүм­кiндiк беретiн жасырын дауыс беру құқынан айырылып қалды. Оразалин сол жаңа жарғы бойынша “сайланды”: съезд төралқасы “басқарма мүше­лiгiне лайық” деп мiнбеден оқып берген сексен адамнан құралған тiзiмдi делегаттар ашық дауыспен бекiтiп, тарап кеттi. Ал сайлауға жиналған “выборщиктер” – сол 80-дей басқарма мүшесiнiң қырық шақтысы басқарманың бiрiншi хатшылығына сайлану үшiн жасырын дауысқа түскен үш кандидаттың iшiнен Ораза­линдi таңдады. Осылай “тақ­қа” отырған жаңа басшы iс жүзiнде одақтың 600-дей мүшесiнiң 15 пайызының ғана “сенiмiне” ие болған-ды…

Жаңа жарғыда жазушылар съезi төрт жылда бiр өтедi деп белгiленген. Алайда сол жаңа жарғының тап осы мерзiмдiк шарты бiрде-бiр рет сақталған емес. 2000 жылы өтуге тиiс съезд мерзiмi­нен екi жыл асырылып, тек 2002 жылы әрең болды да, Оразалин “қайта сайланды”. Жеңiске масаттанған Оразалин мен оның командасы одан кейiнгi съездердi де мерзiмi­нен кешiктiрiп, “асықпай” өткiзудi әдетке айналдырды: 2006 жылы күтiлген съездi бiр жыл асырып, 2007 жылы өткiздi, одан 2011 жылы өтуге тиiс съездi тағы бiр жылдан астам уақыт өткеннен кейiн – 2012 жылы шақырды.

Заңдылықты сақтамау сол “ұйым жарғысына сәйкес” шақырылған соңғы съезде де үстемдiк еттi. Күн тәртiбiне жарғыны талқылау туралы мәселе енгiзу ұсынысы қойылғанда, Оразалин: “Жарғы екi жүз адам қатысқан конференцияда қабылданған, ендi оны съездiң күн тәртiбiне қосудың қажетi жоқ” деген уәж айтты. Делегаттар “екi жүз адам қатысқан конференцияда” жасалған жарғылық өзгерiс­тердi съезде – 777 делегат қатысуға тиiс ең жоғарғы органда – өздерi талқыламаса да, тым құрығанда, қарастырып, дауыс берiп бекiтiп беруге мiндеттi екендiктерiн ойға алмады. Айтпақшы, төраға атауы да – Ораза­линнiң жарғыны өз еркiмен бұрмалауының “жар­қын” көрiнiсi. 1996 жылғы жарғы бойынша Одақ басқармасының бiрiншi, екiншi және басқа да хатшыларын сайлау көзделген болатын. Кейiнiрек, соңғы он шақты жыл көле­мiнде, 1996 жылғы съезде қабылданған жарғыда көз­дел­меген төраға, төрағаның бiрiншi орынбасары, орынбасары деген лауазымдар пайда болды. Пәлен хатшысы бар хатшылық оларға қоса жүрiп жатыр. Мұн­дай құрылымдық қым-қуыт бей-берекетсiздiк съездiң талқылауынсыз, жар­ғыдан тыс жасау қаншалықты көңiлге қонады? Бұл өзi заңды сыйламаушылықпен ағайындас тiрлiк емес пе екен? Әлде мұның бәрi жазушы қауымнан құпия түрде, яғни съездiң қарауына ұсынылмай-ақ, астыртын заңдастырылды ма екен? Осындай-осындай ойына келгендерiн iстей беретiн адам қалайша сенат депутаты сынды аса мәртебелi лаузымға тағайындал­ған? Ерiксiз таңғаласың.

Жазушылар одағының кезектi бiр пленумында “одақтың құрметтi төрағасы” лауазымы тағайындалған болып шықты. Осынау “құрметтi төрағалыққа” құмартушылықтың астары уақытында көп сөз етiлдi. Оның себебi тереңде екен. Оразалин мен оның командасы Жоғарғы сот судьяларына жол тауып, күллi заңдылыққа пысқырмастан, Қазақстан Әдеби қорын 1997 жылдың басында жойғызып жiберген едi. Әдеби қорды жойғаннан кейiн, оның басқаруындағы Шығармашылық үйдi Оразалин командасымен өз қарамағына алған, бiрақ жұмысын жүргiзе алмады. Он шақты жыл бойы бос қаңы­ратып қойды. Аздырып-тоздырды. Ақыры Үкiметтiң көмегiмен жөндеуден өткiздi, алайда жөнделген Үйдiң жұмыс iстеуiн ұйымдастыруға жазушыларды тартпады. Одан гөрi, ғимаратты әлдебi­реулерге жалға өткiзудi қолайлы һәм тиiмдi көрдi. Қандай құжат жасалды – құпия. Бүгiнде қаламгерлер шығармашылық мақсаттарына орай онда барып тұра алмайды: ол шетелдiктердiң үш жұлдызды қонақүйi, аула салып қоршап алған, күзетi бар. Жанындағы бұрын жазушылар серуендейтiн бақтың кiмге қызмет етiп жатқаны да құпия. Одақ ғимаратының жалға берiлу жағдайы, қала әкiмдiгi берген көтерме базар, облыс әкiмдiгi бөлген алма бағы, Астанадан алын­ған жер телiмi – бұлар не күйде? Құпия… Осылар жайында Нұрлан Оразалин Жазушылар одағы мүшелерiне ешқашан есеп берген емес, жалпы, шаруашылық мәсе­лесiн бiрде-бiр рет ашық талқыға салып көрген жоқ.

Мiне, ендi Оразалин сенат депутаты болып тағайындалды. Президенттiң сенiмiне бекем кiрген адам екенiн көрсеттi. Ендi кiм не дей алмақ? Бұдан кейiн қай қаламгер қандай ой түймек? Қалыптастырылған жағдайға көн­дiгiп жүре беремiз бе? Әлде шын тұтастықтың шынайы пiкiр алмасуларда, әдiлеттi шешiмдер қабылдай бiлуде екенiн есте ұстап, өзiмiздi- өзiмiз өркениетке, демократия талаптарына сай тәртiпке келтiруге бiлек сыбана кiрi­се­мiз бе?! Менiңше, әдеби төрелер бiздi бұдан былай алдай бермеуге тиiс. Оразалин 17 жыл iшiнде жиған тәжiрибесiн сенаттың игi­лiгiне жарата берер, ал бiзге әдiлеттi шығармашылық одақ қажет. Халыққа риясыз қызмет ететiн Жазушылар одағы керек. Оны өзiмiз жасауға мiндеттiмiз.

Бұл үшiн не iстеуге тиiс­пiз? Әрине, алдымен Оразалинге неге наразы екенiмiздi жан-жақты парықтау ләзiм. Оның өз командасымен бiрге жылдан-жылға үзбей айтып келе жатқан өтiрiгiнiң: “Бiр кездерi “ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында” кете жаздаған ұйым ғимараттары қара шаңырақ қарауына қайтарылды” деген жалған “қаһармандығының”, жасанды сылтауының артындағы жазушылардың шығармашылық мүддесiне қатысты iске оралымсыздықтарын ашып талдап, алдағы күндерге дұрыс бағдар жасау жөн. Бұл үшiн бiрiншi кезекте Жазушылар одағын басқаруға лайықты қаламгерлердiң бағдарламаларын тыңдап, талқыға салу арқылы, iштерiнен ең дұрысын таңдауға тиiспiз. Мұндай шараны жүзеге асыра алатын жиынды ұзаққа созбай шақырған дұрыс. Ол төтенше құрылтай болуға керек. Оған барлық одақ мүшелерiн қатыстыруға жағдай жоқ болса, айталық, әр бес жазушыдан бiр өкiл келетiндей етiп, облыстардан, Астана мен Алматыдан делегаттар сайлату қажет. Солар – 777 жазушы атынан шешушi дауыспен келетiн 150–160 қаламгер – қанша уақыт қажет етiлсе, сонша уақытын жұмсап, мәселенi иiн қандыра талқыласын да, әдiл, сындарлы шешiмдер шығарсын. Менiң ұсынысым – осы!

«Жас Алаш» газеті

6 ПІКІРЛЕР

  1. Жазушылар одағын 18 жыл бойы басқарған дегенді естігенде жағамызды ұстаймыз. Бұл дегеніңіз бір ұрпақтың жасындай емеспе. Бұл орынды бүкіл қазақ білетін, қазаққа барлық басшылардан да беделді, сөзі өтетін адам болғаны жөн. Оның ары да, қолы да, ісі де таза, түзу болғаны дұрыс. Халқын өзінен жоғары қоятын, барлық қаламгердлерді қазақ мүддесіне қызмет істететін адам керек.

  2. Н.Оразалинді президент сенат депутаты қылсын болмаса жазушылар одағына қайта басшы қылсын. Екі қайықтың басын ұстаған суға кетер деген Оразалин мырза, саған айтылып жүрмесін. Болмаса халық жазушылары не бітіріп отырсыңдар, жаңа төраға сайлап алыңдар, осылай кете берсе, құдай біледі облыс әкімі сенат депутаты болса, сол облысын басқара беретін болар. Яғни сенат депутаты ойыншық болғаны. Ендеше осы бізге сенат керек пе? Қадірсіз сенаттың не керегі бар.

  3. Соңғы кезде Интернеттен,газеттен,теледидардан көріп,оқып,естіп жүрген сайын,мынадай түйінге келдім: Кешегі Совет заманы қайта келген бе деп қаласың ?! Себебі,қайда барсаң да – еститінің » билік солай ұйғарды». Сонда қалай – бұл демократия ма, әлде партократия ма? Құтты баяғы кез- бәріне билік араласады. Әдебиетке де,өнерге де,-бәріне Өзі жалпақ шешей!

  4. Шындығында, саясат пен әдебиетті бір арнаға тоғыстыру дұрыс емес. Сондықтан, Н.Оразалин Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасынан босатып, орнына әдебиетті жетік білетін басшы отыру керек. Ел зиялыларының көтеріп отырған мәселесі өте құптарлық.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз