АНТИПОЭЗИЯ: Азаттық жырына бомба қойылды

           Алаштың алдаспан ақыны Ақсұңқарұлының 60 жылдық мерей тойын жұрттың бәрі күткен еді. Анығында қарағандылықтардың тағатсыздана тосқаны 9-ыншы сәуір күні Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрында өтетін Серік ақынның шығармашылық кеші болатын. Облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған кештің мазмұнды өтеріне барлығы шүбәсіз-ді.

             Соның айғағындай, жыр кеші басталмай жатып, театр іші көрерменге лық толды.

            Өлең, оның ішінде жақсы ақынның поэзиясы – еркіндіктің самалы іспетті емес пе? Серік ақын ортаға атойлай шығып, алғашқы өлеңін оқи жөнелгенде-ақ көрермендер дүр сілкінгендей болған. Бірақ, көп ұзамай күбір-сыбыр басталды. Алдымен Астана мен                Алматыдан келген қонақтар көрермендер ортасынаның-шыңсыз шығарылып әкетілді. Жыр кешінің қадірлі қонақтары Нұрмұхан Оразбеков, Төлен Әбдіков, Жұмабай Шаштайұлы, Зарқын Тайшыбай, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Дидар Амантай, т.б ақын-жазушылар не болып жатқанын аңғара алмай қалды десе де болады. Содан кейін ортаға шыққан аталмыш театрдың директоры Кеңес Жұмабеков: «техникалық жағдайға байланысты жай-жайдан шығып, үйлеріңізге тараңыздар. Аса күрделі техникалық жағдай» деп хабарлады. Бір сұмдықтың болғанын сезген жұртшылық шамалы уақытта театрды тастап сыртқа шықты. Халық далаға шығып үлгермей-ақ өрт сөндіру, ТЖ, ҰҚК қызметкерлері театр ғимаратын қоршап үлгеріпті. Ішкі істер қызметкерлерінің аузынан шыққан сараң мәліметтерден білгеніміз: театрға бомба қойылыпты! Жаманат хабар кірпік қаққанша тез тарады. Тіпті ақын Темірхан Медетбек:

«Онсыз да заман қату,

Бұл деген ақын тойын арандату...» деп жіберді.

           Сонымен көңілдері су сепкендей басылған Қарағандының жыр сүйер қазағы үйді-үйіне тарады. Асыға тосқан жыр кеші басталмай жатып аяқталды. Онсыз да күнделікті тіршіліктің күйбеңінен қажыған жұрттың «жыр тыңдаймын» деген аңсар тілегін көпсінген кім болды екен? Әлде, кімдер болды екен? Осындай ауыр ойлар еңсесін басқан, көңілі қаяулы шұбырған халық Бұхар жырау көшесінің бойымен теңіздей толқыпкетіп бара жатты... «Кірленген жүрек өзі үшін, Тұра алмас әсте жуынбай...» деп ұлы Абай айтпақшы қалың көрермен сол күні Ақсұңқарұлыдай ақынның жасын жырларына жуынбақшы еді, кеудесін қапқан замананың ыс-тозаңынан бір сәтке болса да, арылмаққа ниеттеніп еді. Алайда, «бомба қойылды» деген бір ауыз сөз жыр кешінің тағдырын шешті. Бірақ мұндай арандатулар ақынның өлмес жырларының тағдырын шеше алмайтыны хақ. Қайта осындай қитұрқы қиянат дүр сілкіндірген ақын ағамыз батыраш пиғылды, қотыраш қылықты міскіндерге өзінің қылыштай өткір, жебедей ұшқыр, асқақ жырларымен жауап берер әлі.

        Сөйтіп, Құлагерліке балта сілтемесе, көңілі көншімейтін қазақ қоғамы әлі де сол күншілдік деген қарау пиғылдың қалың торынан шыға алмай жатқанын тағы бір дәлелдеді. Бұрын балта сілтеуші еді, енді бомба бар олардың қолдарында! Тап бір Әл-Каиданың тероршыларымен ауыз жаласқан ба, дерсің?! «Азаттық, неткен ғажап ең!» -Асынау асқақ атау иеленген жыр кешінде бомба жармақшы боп жүргендердің мақсаты не сонда? Егер, шыныменен, қазақтың азаттығын көре алмай жүргендер болса ше?

          Кейін белгілі болғандай, оқиға орнына бірден жеткен арнайы қызмет «бомбы қойылған» деген ақпаратты жоққа шығарды. Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті орын алған оқиғаға байланысты ҚР қылмыстық кодексінің 272-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. «Біз ақпарат түсісімен жедел қауіпсіздік шараларын ұйымдастыра бастадық. Жарылғыш зат іздеушілер еш қатердің жоқтығына толықтай көз жеткізді. Қазір осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып отыр. ТЖ, өрт сөндіру, тағы басқа қызметтерге келтірілген залал бойынша нақты есептеулер жасалып, істің беті толығымен ашылады деп сенеміз», дейді

            Қарағанды облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Роза Ібілдаева. Әзірше күдіктілер қолға түскен жоқ. Қазіргі заманауи құрал жабдықпен жабдықталған арнайы мамандар мұндай қылмыскерлердің ізін суытпай құрықтайтын көрінеді. Егер таба алмаса... Онда, гәп сонда деседі...

 

 

Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,

ҚАРАҒАНДЫ