ОРТА ҒАСЫРДА - ЙОРДАН, БҮГІН - ОЛЖАС...
2010 ж. 20 сәуір
2584
2
Соңғы 4-5 айдағы «Ел бірлігі» доктринасы мен, оған балама Ұлттық саясат Тұжырымдама- сын талқылау қоғам дамуындағы түпкілікті түсініспеушіліктің негізі - біздегі ұлттық идеяның қалыптаспағандығын көрсетті.
Сонымен қатар, ана тіл мен ел мәселлелері көтерілген осы талқылаулар бұрын алдымызда асқар таудай ағаларымыз деп арқа сүйеп жүргендердің шағын бір төбе екендігіне көзімізді жеткізуде. Әлде, біз Мақтымқұл айтатын таулардың шөккен кезіне кездестік пе екен? Төбенің де төбесі болады. Оның бірі өкпек жел мен боранда паналайтын ықтасын болса, екіншісі аздаған желдің өзін ұйытқыған боранға айналдырады. Біздің айтып отырғанымыз өздеріне керек кезде Ел мен Жердің мүддесін ойланбастан сатып жүре беретін, бойында ұлттық болмысы жоқ, жаһандық мәңгүрттерге айналып, өңменнен өтетін өкпек желдің өтіне айналып бара жатқандар туралы.
І.Кеңесбаевтан кейін, мемлекеттік тіл мәселесі көтерілгеннен бастап оған қарсы жүйелі түрде күресіп келе жатқандардың бірегейі Олжас Сүлейменов екені белгілі. Г.Колбиннің тікелей тапсырысымен «Известия» газетінде, «Қазақстанда екі мемлекеттік тіл болуы керек», т.б., әйтеуір қазақ тіліне қарсы басталған оның құлаш-құлаш мақалаларының соңғы 20 жылдан астам уақытта толастайтын түрі көрінбейді. Әрине, Олжастың талантты ақын екеніне ешкім күмән келтірмес. Оның «АЗиЯ»-сы кезінде жас буынның оянуына белгілі үлес қосқан жақсы еңбек екені де белгілі. Кезінде «Невада-Семей» қозғалысын басқарып, жақсы ұйымдастырушы екенін көрсеткенін әлі халық ұмыта қойған жоқ.
Олжекеңнің осы «крест жорығы» сол 86-ның желтоқсаннан кейін басталды. Желтоқсан кезінде көпшілік Олжас аға буын атынан көшеге шыққан жастарды қорғап дұрыс сөзін айтар деп күтті. Тіпті бір топ жас оның үйінің алдына барып шақырғаны да белгілі. Бірақ, сол жерде Олжас шықпады.
Олжастың қазақ тіліне қарсы істеп жатқан әрекеттерінің сыры неде және оның ұлтқа зияны қандай?
Қалай болғанда да таланты ақынның осы келеңсіз істері бәрімізді қынжылтады. Мүмкін ол қателескен болар. Оны ағайындықпен дұрыс жолға салайық деп марқұм Қ.Қайсенов бастаған көпшілік басу айтқанымен, одан шыққан нәтиже көрмедік.
Осыдан бес жыл бұрын Әзірбайжанның Ресейдегі жылының аяқталуына байланысты О.Сүлейменовтің «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында «...әзірбайжандар мен қазақтар тек орыс тілі арқылы дами алады», яғни бұл тілдердің немесе ұлттардың болашағы жоқ дегенін, аузына сөз салды ма, әйтеуір содан бір айдан кейін тап сол радиодан В.Жириновский, «қазақта жер жоқ, тарихы болмаған, тілі дамымаған ...» деп жалғастырғанын әлі ел ұмытқан жоқ. Сондағы олардың мақсаттары бір болғаны ма?
Содан жарты жылдан кейін, Ұлттық кітапханада 7 томдығының тұсау кесерінде сөйлеген сөзінде Олжас, «... осы жиында менің досым Мұхтар (Шаханов) отыр, бірақ мен қазақ тілін Алматы қаласына енгізуге қарсы екенімді Президентке айтамын» дегенін сол жиында отырған қала әкімі И.Тасмағамбетов, Ұлттық кітапхана директоры М.Әуезов, және көптің ішінде отырған біз де естідік.
Одан кейін Олжастың, «қазақ ғалымдары 17-18 ғасырлардағы тұлғаларын білмейді», «қазақ тілі ескі тіл, ол қажетті сөздерді орыс тілінен транформациялай алмайды ...», «қазақтар ауылдан шыққан...» т.б. негізсіз айыптарын бірнеше жылдан бері естіп келе жатырмыз. Бұл Олжастың біз білетін ғана қырлары. Қазақ тіліне соншама шүйлігетіндей, қазақты туған сол ма еді?
Сонымен қатар, соңғы жылдары О.Сүлейменов халық саны бойынша ТМД аймағында төртінші орын алатын Қазақстан тәуелсіз ел бола алмайды дегенді уағыздап жүр. Бұл не, сау адамның сөзі ме, ауру адамның сандырағы ма? Орыстар, «надежда умирает последней» дейді. Ал, онікі үміті өзінен бұрын өлген пенденің тірлігі.
Жақында М.Шаханов өзіне Г.Колбиннің, «Сен жақсы ақынсың. Бірақ, қазақ тілін қорғап неге босқа әуре боласың. Оның болашағы жоқ. Теңіздегі ірі балықтарға әлсіз балықтар азыққа қалай керек болса, сіздер де бізге сондай керексіздер. Сендер бәрібір тәуелсіз болмайсыңдар. Болам десеңдер де ана тілін білмейтін қазақтардың өздері қарсы болады. Одан да адамзат мәселесімен айналыссайшы ...» дегенін айтты. Соған қарап, біздің Олжас ақын сол көсемсымақтың өсиетіне адалдық танытып жүрген жоқ па деген де ой келеді.
Жалпы оның жеке басында ешқандай шаруам жоқ. Тіпті бір ақынды білмей өтсем де өкінбес едім. Бірақ, айтпаса сөздің атасы өледі. Тұтас бір ұлтқа тиісетін ол кім? Ол ақын бола тұрып, Ұлттан биік Тәңір ғана екенін түсінуі керек еді. Ұлт биліктен де, сарай ақындарынан да, жұмыр басты пенденің бәрінен де биік. Оны түсінбесе, жыртық үйдің де иесі болатынын және үй артында дұшпан боатынын түтіну керек. Осының ешқайсысын түсінбеген адамға не деуге болады?
Осылай өз ұлтын жақсы көруге бола ма? Ал, жақсы көрмесе, ондағы мақсаты қандай? Ол да түсініксіз?! Сондықтан, біз артынан келе жатқан буын оның тірлігін қазаққа қарсы әрекет деп білеміз және оның осы істерінің теріс екенін айту міндетіміз. Себебі, осындай талантты адамдардың өз қандастарына қарсы істеген әрекеттерін дұшпандар бірнеше ұрпақтан кейін де пайдаланғаны тарихтан белгілі. Мысалы, Аттиланың өлімінен кейін ғұннан шыққан Рим тарихшысы Йордан деген өмір бойы ғұндарды жабайы, Аттиланы қанішер деп жамандаумен өтті. Оның осы әрекетіне таң қалған римдіктер, оны «айғырдың бауырынан сүт іздеген соқыр құлын» деген еді. Одан бері 16 ғасыр өтсе де сол Иорданға сілтеме жасаған тарихшылардың жазбаларынан әлі күнге тарихымызды тазалай алмай келеміз. Сол сияқты Олжастың жоғарыда жазғандарын белгілі уақыттан кейін басқалар пайдаланбасына кім кепіл?
Ол қазақ тілін біле ме, білмей ме, оның өз шаруасы болар. Бірақ, тек ұлттың намысына тимей, елді дұшпанның табасына қалдырмай, өзімен-өзі жүрсе екен. Бір жағынан, өзімізден үлкен адаммен жағаласып жатудың орынсыз екенін де түсінеміз. Бірақ, ол сөз теру емес, ана тілдің тағдыры мен ел намысына байланысты болғандықтан, оған немқұрайлы қарап отыруға болмайды. Себебі, ана тілі – ол дүниедегі бар байлықтың құндысы, ұлттық болмыстың құдіреті, иісі қазақ баласын біріктіретін қасиетті күш, ұрпақтан ұрпаққа берілетін асыл мұра! Сол асыл мұраны аялап, керек кезінде қорғай білу, дамыту және келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру – ол әрбір баршаның қасиетті міндеті. Біздің ұстанымыз осындай.
Олжасқа ара түскен ағамыздың сұхбаты биліктің тапсырысы ма, әлде өзінің шын ниеті солай болды ма, ол жағы да түсініксіз. Себебі, ол Олжасқа шын жаны ашитын досы болса, онда соңғы 24 жылда досына дұрыс ақылын неге айтпаған? Әлде, ағамызға ана тілдің тағдыры бәрі бір ме екен? Басқа-басқа, саусақпен санарлықтай құрметтейтін ағамыздың осы жерде татарға тілмаш болғаны дұрыс болмады. Олжас тілі шықпаған сәби емес, ол өз ісіне өзі жауап беретін жасқа баяғыда жеткен. Сол ағамыз елге шынымен жаны ашитын болса, онда ақсап жатқан ана тілдің мәселесін шетте жүрген досына неге түсіндірмейді.
Әлгі ағамыз біз данышпанбыз, Олжас биліктен биік дегенді айтады.
Біз де ағаларымыздың сондай болғанына шын жүректен қуанамыз және елдің атын шығаратын ерлердің көп болғанын тілейміз. Бірақ, сол ағаларымыздың кейде, небір шенеуніктер қоңырау соқса, жыланға арбалған торғайдай болып, ел мүддесіне кереғар істерге баратынын есі дұрыс адамға түсіну қиын. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын 28 қаламгер мазмұны «... қазақ мемлекетінің тарихы 1991 жылдан басталу керек» деген тақырыптағы ашық хатқа қол қойды. Белгілі саяси мақсат көздеген бұл хаттан кейін елдегі тарих институттары қазақ мемлекеті, яғни қазақ хандығы бастауын қай кезден алатынын анықтап жазудан бас тартуда. Себебі, оған соншама «данышпан» қол қойғаннан кейін дұрысын жазса жұмыстан кетеміз деп қорқады.
Осындай, сатқындыққа ұласатын принципсіздіктің кесірінен тарихымызды да, мәдениетімізді де, тілімізді де түзете алмай келеміз. Ондай елдің өзінің де түзелуі екіталай. Өздері елді бүлдіруге араласқанымен қоймай, біреулерге араға түсіп, қараны ақ деп дәлелдемек болады.
Егер Олжас билікке елдегі басылымдардың ішінде қазақ тілінде шығатындардың үлесі 5 пайызға жетпейтіні немесе елдегі ақпарат кеңістігіндегі мемлекеттік тілдің үлесі 8 пайыздан аспайтыны, мемлекеттік тілде бір де бір толыққанды телеарнаның жоқтығы, т.б. мәселелерді шешпесе де қойып жатса, онда оның биліктен биік екеніне сенер едік. Ол қазақтың мәселесін айтпай-ақ қойсын, елді жайлаған сыбайлас жемқорлық, газеттердің зорлап жабылуы т.б. мәселелер туралы бір ауыз сөз айтқанын естімедік қой. Осындай мәселелерге аузын ашпайды екен, онда қазақ тіліне де тиіспей тыныш жүрмей ме?
Жалпы, мәселе биліктен биік, не аласа тұру емес, қандай жағдайда адам болып қалуда болса керек. Осыған ақыл мен парасат жетпей жатса біз не істеуіміз керек?
Жоғарыдағыдай келеңсіз жағдайлар қайталана бермес үшін және ана тілінің абыройын көтеру мақсатында мемлекеттік тілді қолдамай, оған қарсы шығатындардың және тілді дамытуға атсалыспайтын әртүрлі деңгейдегі лауазымды адамдардың «атын шығару» мақсатында республика деңгейінде арнайы сыйлықтар жариялап, энциклопедия шығарып, қажет болса БҰҰ мен ЮНЕСКО-ға хат жазуға тура келеді. Энциклопедияға енгендердің «ерлігін» 100 жылдан кейін де кітапханалардан табуға болады.
Жоғарыдағы мәселелер Тұжырымдаманы кейбіреулердің қабылдағысы келмеуінен шығып отыр. Оның артында негізгі мәселе – ол мемлекеттік тілдің, яғни мемлекет тағдырын шешіп, оның болашағын айқындайтын шаралар қаралғандықтан және оның маңызын бүгінгі күні барлығы толық түсінбегендіктен, оған тоқталуға тура келеді.
Тұжырымдаманың кейбір сыншылары қоғамды «қазақ ұлтшылдығымен» қорқытқылары келеді. Осыны 1986-ның желтоқсанынан кейін де естігенбіз. Ол, Қазақстандағы тұрақтылықтың негізгі кепілі - қазақ халқы екенін мойындағысы келмейтіндердің ісі. Егер қазақ ұлтшылдығы болатын болса, бұл ел экономикасының 75-80%-ын 8,0 мыңнан астам біріккен кәсіпорын мен соншама шетелдік компаниялар билеп, қысқа уақытта елді 4,0 мыңнан астам әртүрлі діни секталар қаптамас еді ...
Мәселе, біздегі билік, оппозиция мен зиялылардың бір бөлігі отарлық санадан арылып мемлекет құратын ұлттық идеяның маңына топтаса алмауында. Осы мәселе шешілмей біздің елдің бағы ашылмайды.
Ұлттық мемлекет – ол байырғы қазақ жерінде мыңдаған жылдар бойы өзінің дербес тілі, жазуы, күнтізбесі (мүшел), мәдениеті, дәстүрі және жерінің негізінде қалыптасқан мемлекет. Көне түркі мемлекеттері мен Алтын орданың мұрагері Қазақ хандығын көрші мемлекеттер, одан кейін қазақ елі мен жерін Ресей мен Кеңес Одағы, енді бүкіл әлем мойындады.
БҰҰ-ы да Қазақстан Республикасын авторитарлы-ұлттық мемлекеттер қатарына жатқызды. Тұжырымдаманың авторлары да ұлттық мемлекеттің саяси жүйе ретінде Конституцияда бекітілуін талап етеді. Әлем елдерінің 90%-дан астамы ұлттық мемлекеттерге жатады.
Оның ішінде Швейцария конфедерациясынан басқа еуропаның барлық елдері, Ресей Федерациясынан басқа ТМД-ның барлық елдері, Түркия, Қытай, Жапония ... олардың ішінде АҚШ заңдылықтан тыс мемлекет.
Біздегі кейбіреулердің америкалық модельді «қазақстандық ұлт» түрінде бізге енгізуге тырысуы – мұхиттың арғы жағындағы мемлекеттік құрылымның мәнін түсінбегендіктен болса керек. Себебі, АҚШ-тың әрбір штаты автономды, олар әрқайсысы өз заңдарын шығарып, сол заңдарға бағынады. Олардағы мемлекеттік құрылым біздегіден мүлдем басқа. Тіл саясатында оларда бір мемлекеттік тіл – ол ағылшын тілі ғана. Негізінен осы АҚШ мемлекетінің ықпалымен ағылшын тілі әлемде ең кең тараған тілге айналды. Осыдан 270 жыл бұрын бұл мемлекеттің негізін салушылар сол кездегі ағылшындардың үлесі 34% ғана болса да, қоғамды біріктіріп, елді дамыту үшінбір тілдің қажеттілігін түсінді. АҚШ-тың мемлекеттік құрылымы сол елдің жағдайы мен ділі батысқа бейімделіп құрылған.
Кезінде Латын Америкасы елдері АҚШ-тың заңдарын түгел көшіріп алғанымен, 2 ғасырдан астам уақыт өтсе де дамыған өркениетті елдердің қатарына қосыла алмады. Керісінше оларда наркомафия, сауатсыздық, сыбайлас жемқорлық т.б. өркениетті демократиялық қоғамға жат үрдістер дамуда. Себебі, бұл құрлықта ділі шығыстық, негізінен испантілділер тұрады. Яғни, бұл құрлыққа АҚШ заңдары сай келмейді және ешқашан да бейімделмейді. Халық өз діліне (менталитет) сай келмейтін заңдарды қабылдамағандықтан олар орындалмайды. Сондықтан, ол қажетсіз және қауіпті үрдіс. Оның алғашқы «жемістерін» елде тіркелген мыңдаған секталардан көрудеміз. Біз шетелдік компаниялар 90 жыл билеп, өздерінен кейін қираған кен орындары мен кәсіпорындарды қалдырған Латын Америкасынан сабақ алуымыз керек. Біз осы құрлықтың отарлану және жартылай отарлану жолын қайталаудамыз. Біздің шетел капиталынан кейін ел қандай болып қалады?
Жанұзақ ӘКІМОВ