Тасада қалған ТАСТЕСКЕН

         ОҚО, Сарыағаш ауданына қарасты, Таскескен елді мекеніндегі мектепті айтпас бұрын, оның өткен тарихына оралғанды жөн көрдік.

        1937 жылдан 1940 жылға дейін жалғызбасты Құрымбай деген ақсақалдың жер үйі «мектеп» рөлін атқарып келді. 1940 жылы салынған екі қоржын там 1952 жылға дейін мектеп болып келсе, 1952 жылы колхоз бастығы Т. Белгібаевтың тіркестіріле салынған үш бөлмелі тұрғын үйі мектепке берілді. Жылдан-жылға балалар саны артқан сайын тұрғын үй есебінен салынған мектеп ұзара береді. Қазір ұзындығы 190 метрден асады. Бүгінгі халі өте аянышты жағдайда, оның әр қабырғасының сыртынан тіреу дуал соғылған. Бөлмелердің іші жарылып тұр. Қазіргі қауіпті жағдай ата-аналарды қатты алаңдатады. 1940-1948 жылдар аралығында бастауыш, 1948-1977 жылдар аралығында 7 жылдық Абай атындағы мектеп, 1977 жылдан бері С. Торайғыров атындағы орта мектеп атанып келеді. Осыдан 73 жыл бұрын Құрымбайдың «үй мектебінде» 6 ғана бала оқыған болса, биыл сол көрсеткіш 100 есеге өсіп – 700 ден астам бала мектеп қабырғасынан білім алып жатыр. Біз осы жөнінде №30 С.Торайғыров атындағы жалпы орта мектеп жөнінде жазушы, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы Мамыр  Тарақтыұлын сөзге тарттық. Ол былай деді:

            «Мен сіздің келгеніңізді пайдалана отырып, өзімнің көптен көкейімде жүрген мәселелерді айтқым келіп отыр. 1992-2003 жылдары ауданымызда жаңа жобадағы бір де бір мектеп салынбаса, Таскескен ауылы бұл кезекті 73-жылдан бері зарыға күтіп отыр. Бұл жердің тұрғындары да балаларының жаңа мектепке оқығанын қалайды. Таскескен тұрғындарының жанды жеріне тиетін мәселе шаш-етектен екені сырт көзге білінбейді. Аулымыз ауданнан – ауданға, совхоздан – совхозға допша лақтырылып келген. Абай атындағы колхоздың экономикасы енді жөнделіп келе жатқанда 1957 жылы оны Карл Маркс атындағы колхозға қосып жібереді. Сол кезде 21 тұрғын үй, клуб, монша, су құбыры, тас жол салынып, «ендігі кезек мектепке » деп жүргенімізде 964 жылы Келес ауданы Чапаев атындағы совхоздың еншісіне берілді. Ол тұрғын үй, бөлімше кеңсесін, гараж, бір мақта сарайын салумен шектелді. 1976 жылы Сарыағаш ауданаралық мал   бордақылау бірлестігіне, одан кейін 1986 жылы «Мәдениет» мемлекеттік кооперативтік бірлестігіне өткізілген. Міне шырағым, маңдайымызға жаңа мектеп осылай бітпей қалған. Лақтырулар кесірінен 1958 жылы салынған клубымыз құлап тұр. Айта берсек зарымыз өте көп. Аудан әкімінің әр есеп берген жиналысында айтылып та жүр, амал қанша, «баяғы жартас бір жартас»... Тыңдар құлақ болса тағы айтайық кітапхана мен телефон АТС-і біреудің құлайын деп тұрған үйіне жайғасқан. Менің атқамінер мырзаларға айтарым біздің келешегіміз балаларға «балабақша» салдыруды ұмытпаңыздар. Бірлестік директоры Ы.Шымкентбаев 1992 жылы аулымызға 1 дүкен, ФАП, 10 шақты тұрғын үй салып, 600 балаға арналған жаңа типті мектепке шаруашылық есебінен қаржы бөліп, іргетасын, қабырғаларын тұрғызған кезде ақшалар ауысып, құрылысқа бөлінген милиондаған қаржы құнсызданып кетті. Көп өтпей бірлестігіміз тарап, бітпеген мектебіміз сатылып кеткен. Бұрынғы   парламент мәжілісінің төрағасы Ж. Тұяқбайдың алдына ауыл азаматтары кіргеннен кейін 2003 жылы облыстық бюджеттен 19 миллион теңге қаражат бөлінген болатын. Мердігер компания жерді тегістеу, су сіңіру, таптау жұмыстарын жүргізіп, 10 милиондай қаржы игерген кезде, 2005 жылы белгісіз себептермен қаңтар айында құрылыс жұмысы тоқтатылды. Содан жергілікті инвестициялық жобалар тізбегінің 2008 жылғы жобасына ендіріліп 222,9 милион теңге бөлінгені жарияланды. Өкінішке қарай, ол қаржы су тасқыны болған елдімекенерге (ақпан 2008ж) аударылып, құрылыс үшінші рет тоқтатылды.

            Мектептің жобалық-сметалық құжаттары қайта өңдеуден өткіздіріліп, құны 602 миллион теңге болды, құрылыс жұмыстары 2009 жылдың жоспарына енгізілді деп естіген едік... Бірақ, төртінші рет артқа сырылып қалып атқан жағдайы бар».

           Ия шындығында мектеп құрылыс жоспарға енуін енгенімен, не үшін одан сызылып тастала береді? Аудандағы атқамінер ағалар ойланып, толғанып жүргенде мектеп – оның бетін аулақ етсін! - бір күні ұстаздар мен оқушылардың үстіне құлап кетуі әбден мүмкін. Әне, сол кезде жайбарақаттық қалып, зыр жүгіріс басталары анық. Сіздерге керегі сол ма, құрметті әкім-қара мырзалар?

 

Назипа МАМЫҚОВА