«Көкпар» хабары көкпарға ұшырады ма?

«Жас қазақ үні» Республикалық

апталық газетінің Бас директоры Қ.Исаға

Қадірлі Қазыбек Исаұлы!

          Сіздің ү.ж. 30 наурыздағы №9 хатыңыз бойынша келесіні хабарлаймыз.

         «Қазақстан» ұлттық телеарнасында 22 наурыздан бастап жаңа телевизиялық маусым басталды. Оның қарсаңындағы бірнеше ай бойы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Көркемдік кеңесі арна программингін талдау мен сараптауға негізделген ауқымды жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде арнамызда бірнеше жылдан бері жүріп келе жатқан, форматы ескірген бірқатар бағдарламалар мен хабарларды эфирден алу туралы шешім қабылданды. Олардың ішінде біздің эфирде үш жылға жуық жарық көріп келген «Бизнес ақпарат», «Таутұлға», «Мирас», сіздер атап отырған «Көкпар» және тағы басқа бірқатар бағдарлама бар.

         Өздеріңіз жақсы білетіндей, үздіксіз жүріп отыратын телевизиялық шығармашылық үдеріс (процесс) белгілі мерзім өткен соң көрсету программингін жаңартып отыруды  талап етеді. Яғни, әр жобаның өмір сүру уақыты мен көрсетілу мерзімі болады. Сондықтан кей бағдарламалардың жабылып, кей бағдарламалардың ашылып жатуы тіршілік заңдылығына тән құбылыс.

          Мысалы, тек 2009 жылы ғана біздің программингтің 80 пайызы жаңартылып, қазір арнамызда 50-ден аса жоба жүріп жатыр. Олардың ішінде соңғы бір айдың ішінде жарық көрген сазды-сауық «Кеш жарық», танымал тұлғалар образын ашу арқылы Отанға, оның тарихы мен мәдениетіне деген сүйіспеншілікке баулитын «Келбет», тікелей эфирде көрермендер сауалдарына заңгерлік кеңес беретін «Заң алаңы» және «Правовое поле» бағдарламаларын, «Айгөлек» республикалық балалар сазды сайысын және басқа да жаңа туындыларды атауға болады.

        Сол себепті, бұл жерде қандай да бір саяси астар іздеу жөнсіз болар еді деп санаймыз.

           Көркемдік кеңес өз жұмысын ұдайы жалғастырып келеді және алдағы уақытта жабылған хабарлардың орнына жаңа заман талабы мен күн тәртібіне сай жаңа жобаларды жүзеге асыру мәселесін қарастырып жатыр.

           Ал енді, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бұрынғы бас редакторы  А.Ықсановқа келер болсақ, ол отбасылық жағдайына байланысты өзінің өтініші бойынша жұмыстан босатылды.

            «Қазақстан» ұлттық телеарнасының редакторы Н.Әбдібеков жұмыстан шығарылған  жоқ және ол туралы өтініш берген емес. Қазір ол редактор ретінде қызметін жалғастыруда.

 

Басқарма төрағасы Ж.ОМАРОВ

 

 

 

 

 

“Көкпардың” жабылып қалғаны жайында жаңа естідім.Ұлттық арнадағы тамаша бағдарламалардың бірі болатын.Өкінішті, сөз бостандығы жоқ бізде.Бұлай бола беретін болса, пікірталас алаңына айналар бағдарламалардың қажеті шамалы.Көрермендер де жасампаздықтан шаршады, оларға да шындық керек!Кедендік одақтың сыры да, жыры да көп…Демократиялық елде тұрып жатқанымыз құр далбаса.Әлихан ағамыздың айтып отырғаны дұрыс.Кеден комиссиясы жұмысы туралы ақпарды Ресей баспасөзінен ғана оқимыз, бізде қашан ол туралы ашық жазылады?

АйАру

Әлихан Кокпарда дұрыс айтты. Кедендік одаққа қарсы тағы басқа не ұйымдастыры алады екен Ақжолдағы ағалар?

Дархан Қарсақбай

Шындықты айтқаны үшін қазақ “Көкпары” жабылып қала беру керек пе? Оған қаншама қаржы жұмсалды емес пе?

Мұхтар

Біздің БИЛІК осылай жасырынып, өзінің саясатына қарсы сын мен мін айтқандарды қудалаудан басқа нақты істеп жатқан жағымды ісі жоқтың қасы... Өз Халқының несібесін қорғай алмай отыр...

Бейсенбай