«ЖЕЛТОҚСАН ЭПОПЕЯСЫ» – қазақ қасіретінің көркем тарихы

            d0bcd2b1d185d182d0b0d180-d188d0b0d185d0b0d0bdd0bed0b2-22Қазақ әдебиеті тарихында – деректі роман жанрына қалам тербеген жазушылар аса көп емес. Қазіргі қоғам мәдениетіндегі болып отырған өзгерістерге сай, оқырман қауым біріңғай философиялық, психологиялық, тарихи романдардан гөрі, шынайы өмірдің шындығына негізделген, тарихи-саяси, ақпараттық-интеллектуалдық мәлімет беретін деректі роман жанрына қызығушылық танытуы да түсінікті.

             Алайда халық ақыны Мұхтар Шаханов проза жанрына, оның ішінде қазақ әдебиеті тарихында қарқынды дами қоймаған деректі роман жанрына қалам тербеуі, өзінің оқырман қатарын толықтыру, сұранысқа ие болу мақсатында емес, қоғамымызда әлі күнге дейін жете қарасытырылып, толық бағасын алмаған, не сан ғасырлардан бері шешімін таппаған – ұлт тағдыры, ұлттық рух болмысы, ұлттық сана, ұлттық мүдде, ата тарих алдындағы қарыз бен парыз сынды әлеуметтік категориялардың бұлқыныспен ортаға шығуы, «айтылмаса, сөздің атасы өледі»,–демекші айтылмаса болмайтын, ұлт үшін маңызды мәселелерді көркем проза түрінде баяндауы деп бағаланса керек. Дана Л.Толстой «жазбауға шыдай алмағанда жаз» дегеніндей, ұлт ақынының да бұл тақырыпта кең көлемді туынды жазбауына мүмкіндігі қалмағандай.

 

                Қазақ романдарында саяси тақырыптарды арқау еткен романдар аз емес (Ж.Шаштайұлы «Біздің заманның Аязбиі», Б.Мұқай «Өмірзая», т.б.). Зерттеуші А.Ісімақова қазақ романы жанрында саяси арыз-шағым, түрмедегі адамдардың тергелуі, т.б. тәсілдерді алғаш қолданған қаламгер және туынды деп Б.Мұқайдың «Өмірзая» романын атайды [1, 259 б]. Дегенмен Б.Мұқайдың романы деректі роман емес, қазақ әдебиетіндегі деректі роман жанрының классикалық нұсқасы – М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» (Алматы, 2006 ж, –624 бет). Қаламгердің бұл туындысын неліктен деректі роман жанрының классикалық үлгісі деп атаймыз деген сауалдың туындауы заңдылық. Романның көтеріп отырған тақырыбының қазақ халқы үшін маңыздылығымен, ел Тәуелсіздігінің алғадайы болған Желтоқсан тақырыбының өзектілігімен, яғни саяи-әлеуметтік дискурсының көкейтестілігімен, идеялық-эстетикалық жүгінің зәрулігімен ғана емес, шығарма композициясында қолданылған әдіс-тәсілдердің молдығында, шығарма жанрымен үйлесім, үндестігінде, жарасымдылығында, орнықтылығында болса керек. Саяси номенклатураның, архив деректерінің осындай кең диапозонда әдебиетке келуі бұрын-соңды болмаған дүние. Жазушы саяси құжатнама, құқықтық деректер, архив материалдарын шашау шығармай, оның көркемдік құнын, әсерін кемітпей, кәнігі қалыптасқан жазушы шеберлігімен, ұтымды баяндау тәсілін пайдалана отырып, эмоциялық-экспрессиялық тұрғыда бір деммен жазылғандай тебіреніске жетелейтін, саяси-тарихи нысанда жасыған намысынды, жоғалуға шақ тұрған ұлттық рухынды оятатын құнды дүние жасай білген.

               Көркем әдебиет қатып қалған қасаң қағидалардан, сірескен ережелерден тұрмайды. Ұлттық мәдениетіміздің көш басында тұратын әдебиетімізде, оның ішінде поэзия жанрында ақындарымыз әрқашан шығармашылықтың табиғатымен тереңдей бермей, қоғам жағдайына, әлеумет тағдырына алаңдаушылық білдіріп, соған мойын бұрып отырған. Ғұлама Абай, ойшыл Шәкәрім, сұңғыла Мағжан поэзиясындағы ғажап терең сыршыл лирикамен қатар, дидактикалық-әлеуметтік, деклатаривтік дискурстағы өлеңдері ел тағдырында маңызды орын алуы, ақын өлеңдерінен рух алған, санасы оянған қазақ азаматтарының ел мүддесі үшін күреске шығуы, ғасыр басындағы қазақ ұлтының ел болып саяси аренаға шығуына, кейінгі кеңестік дәуір, соңғысы тәуелсіз ел болғандағы қазақтың қазақтығына өң беріп, суат болып тұрған дүниелер.

              Саяси-әлеуметтік, декларативтік дискурс – М.Шаханов поэзиясының діңгегі, әрине бұл Шаханов поэзиясы тек саяси лирикадан тұрады деген сөз емес, оның ғажап лирикасы, ондағы адамгершілік, гуманистік рух, махаббат лирикасы, азаматтық пафос ол өз алдына бөлек тақырып. Поэзиясындағы негізгі дискурс автордың проза жанрындағы шығармасының да негізгі сарынына айналған. Бұл түсінікті де жәйт.

             М.Шахановтың романы «Желтоқсан эпопеясы» деп аталғанымен мәселе тек 1986 жылы желтоқсан айында болған көтеріліспен шектелмейді. Жазушының «Рух пен ыза дауылы немесе ғасырлар қойнауынан атылған оқ» айдар таққан екінші тарауында ғана емес, осы тараушаға атау болған сарын шығарманың өң-бойынан тұтас көрінеді. Қазіргі   таңда аксиомаға айналған нәрсе – Желтоқсан көтерілісі Қазақстан басшылығына Г.В.Колбиннің келуінен туындаған наразылық емес, ол 300 жылға жуық орыс отаршыларының езгісіне қарсы бағытталған, ақын тауып айтып отырған «ғасырлар қойнауынан атылған оқ» әрекет.             Ол оқ – кектің, намыстың оғы емес, халықтың өзін-өзі сақтау инстигінен, ұлт табиғатынан, ұлт болмысынан туындап отырған терең тамырлы дүние. 1986 жылғы Г.Колбиннің Қазақстанға басшы болып тағайындалуы, отаршылдық жүйенің шектен шығуы, не өзіне тажал болып жабысқан шарықтау шегі.

          Белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы кешегі тоталитарлық сана сеңін бұза қоймаған тұста «Қазақ қалай орыстандырылды» (1993 ж) атты кітап шығарып, ұлттық сананы дүр сілкіндергені белгілі. Ғалым осы  кітабында «Сана қалай орыстандырылды», «Жер қалай орыстандырылды», «Дін қалай орыстандырылды» деп қадау-қадау тарауларға бөліп, патшалық Ресейдің және кешегі Кеңес өкіметінің қазақ халқын отарлауға, тіпті жер бетінен жоюға бағытталған саясат жүргізгендігін ашық дәлелдеп, залым саясаттың бет пердесін сыпырып тастағаны шындық. М.Мырзахметұлының осы еңбегі үшін тарих саласы бойынша – Мемлекеттік сыйлықты берсе болар еді, тарихшыларымыз әлі күнде кейін кешенді түрде талдап, айта алмай жүрген дүниені әдебиетші, ғалымымыздың сол   елең-алаң шақта айтуы, заманында жасалған ерлік, қаһармандық рухтың көрінісі.

           Осы кітаптан бастап, қазақтың көрген қасіреті туралы кітаптар басылым көрді, ол еңбектер де қазақ тарихын білуге, ұлттық сананың, рухтың оянуына елеулі әсер етті (Сапабек Әсіп «Қазақ жерінің тағдыры», Талас Омарбектің еңбегі, Ш.Елеукенов., Ж.Шалғынбаеваның «Қазақ кітабының тарихы», «Қызылдар қырғыны», С.Мұхтарұлының «Кәмпеске» т.б.). М.Мырзахметұлы ұлт тағдырына байланысты еңбектер беруді тоқтатқан жоқ, мерзімді басылым беттеріне қазақ қасіретіне байланысты мақалалары жарияланып отырады. М.Шахановтың танымымен түйісетін ғалымның «Жалын» журналында жарияланған «Біз қалай мәңгүрттендік?!» атты мақаласы отаршылдық саясатты және біз бүгін зардабын тартып отырған оның жемісінің генезисін,   табиғатын толық көрсетіп береді [2, 2-13 бб].

            Желтоқсан көтерілісінің зерттелуінің бас-қасында жүрген Мұхтар ағамыз, «ә» дегеннен-ақ бұл әрекетті «ұлттық рухтың бұлқынысы» деп бағалап, сіресіп тұрған әкімшіл-әміршіл жүйе құрылысымен азаматтармен тізе қосып күресуі, ғасырлар бойына қанға бөккен, алты басты айдаһар, талай ұлттарды жалмаған сайын араны ашыла түскен, Бұхарекең айтатын «жамандықта міні жоқ», «аузы-басы жүн кәпір» отаршылардың басты мақсат-мүддесін тани білуі, кейінгі тәуелсіздік алғанға дейін созылған, үш жүз жылға бергісіз үш жылдың көлемінде Орталықтың қазақ халқына таңып отырған жаласын, көрсетіп отырған зорлығын әшкерелеуде елеулі істер атқарады. Бұл тарихи іс посткеңестік республикалардағы азаттық үнімен ұласып, жарты әлемді тітіреткен айдаһардың ажалына алып келді емес пе?!

           Жазушы архив материалдары, саяси-құқықтық құжатнамалармен қатар, Ресейде демократия лебі есе бастаған кезеңдердегі бұрынғы кеңестік жүйеде басшылық жұмыс істеген белді тұлғалардың, тарихшылардың, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінде қызметте болған ардагер қызметкерлердің жарияланған еңбектерін дереккөз етеді.

           Автор еңбегінің «Желтоқсанда оянған садизм немесе мейірім мен ұят шегінісі», «1937-ші жыл жаңғырығы немесе қара мысықты іздеу» атты тарауларында Желтоқсан көтерілісін жалқы оқиға, құбылыс емес, тұтас ұлттық трагедия деп қарап, кешегі тарих пен желтоқсан көтерілісін байланыста, сабақтастықта алып қарауы қаламгердің төл тарихын терең білетін, жанымен сезінген перзенті екендігін көрсетеді. Тұтастандыру үрдісін, не синтездеуді автор жалаң сөздермен емес, архивтік құжаттар арқылы аша түседі. Бұл әдіс әрине, оқырман қауымға өте терең әсер етеді. Тарихи құжаттардың алдында ешкімнің де бұлтармасы аян. Ұлттық сананы қалыптастырудың, оятудың ерекше тиімді және өнімді тәсілі, дегенмен автор айтуы бойынша, бұл салада да «әттеген-айлардың» көп екендігі, әсіресе   Желтоқсан көтерілісіне, тіпті оған ғана емес, кешегі Кеңес өкіметінің 20-30, 40-50,86-90 жылдардағы жүргізген отарлық саясатына байланысты көптеген құжаттардың жоқ болуы, не қасақана жойылуы, танысуға рұқсат берілмеуі, Ресей архивтерінде темір тордың ішінде жасырулы екендігі өкінішпен  баяндалады.  «Ұлтсыздандыру саясаты немесе Желтоқсан көтерілісіндегі ұлт мүддесі» атты тарауын романның түйіні деп айтса болады. Л.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясының төртінші томын өзінің философиялық, дүниетанымдық концепцияларына арнаса, М.Шаханов романының соңғы тарауын тарихи-саяси параллель жасаумен қорытындылайды. Және бұл өте дұрыс, сәтті жасалған талдау. Желтоқсан көтерілісінің астарында ұлттық азаттыққа деген арманы, мұңы-зары, отарлау саясатына деген қарсылығы, наразылығы менмұндалап тұр.

         Желтоқсан көтерілісі – қазіргі замандағы қазақ қасіретінің бір көрінісі. Ал қазақ қасіреттен көз ашпаған халық, яки 300 жылға жуық орыс отаршыларының езгісінде ұлт болып жойылып кетудің аз-ақ алдынан қайтқан халық. Романның соңғы тарауы патшалық Ресей кезеңінде қазақ халқына қарсы жүргізілген саясат пен Кеңестік дәуір кезеңдегі жымысқы саясатын аяусыз әшкерелейді, шығармаға сөз берсек: «...1931-1933 жылдардағы           Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған нәубеттен, әдейі саналы түрде ұйымдастырылған ашаршылықтан 5,2 млн. Қазақтың үш миллионға жуығының қырылуы коммунистер қолымен жүзеге асырылды.

          Малынан, күнкөрістік бар қорегінен айрылып, колхоздарға күштеп кіргізілген, әсіресе орталыққа, шекаралас мемлекеттерден қашықта орналасқан адамдар түгелдей опат болды» [3, 494].

        М.Шаханов «Желтоқсан эпопеясы» романында қазақ қасіретінің тұтастай алып қарастырып, генезисін ашады. Тарих тағылымына ой жіберумен қатар, Қазақстанның бүгінгі күніне де байланысты концепцияларын айтады. Кешегі отаршылдық, құлдық, тоталитарлық санадан әлі күнге дейін арыла алмай отырған, не сол отаршылдық ойраны жемісін беріп, этнодеформацияға ұшыраған қазақ қауымының көңіл алаңдатарлық жайына да тоқталуы, автордың мәселені кешенді, тұтас көре білуінде десек болады.

           Қазақтың ұлттық мүддесіне, ұлттық сана, ұлттық рухқа байланысты  түйіні шешілмеген мәселелер баршылық. Бұл тұрғыдан келгенде «Желтоқсан эпопеясы» деректі романы М.Шаханов шығармашылығының түйінді жемісі. Лирикаларымен қатар, соңғы кезеңде өлеңмен жазылған бірнеше романдарды дүниеге әкелген («Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы»), сондай-ақ заңғар жазушы Ш.Айтматовпен бірге жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты танымдық-философиялық, саяси-тарихи концептісі жаңашыл, эстетикалық тағылымы мол эссе жанрында жазылған ғажап еңбектерінің кульминациясы ретінде «Желтоқсан эпопеясының» тууы заңдылық. М.Шаханов көтерген тематика бұл романда мейлінше ашылған, бұрын-соңды жазғандарының қорытпасы, қосындысы.

         «Желтоқсан эпопеясының» жетістігі – ұлттық сипаттың, мүдденің, рухтың алдыңғы қатарға шығуы. Аталмыш өлеңмен жазылған романдарда әлеуметтік қасиет-құндылықтар, этикалық аспектілер арқау болса, деректі роман тарихи-саяси аспектіде жазылған. Деректі романды тұтастай алғанда М.Шаханов еңбектеріне тән тағылымдық, танымдық, тәрбиелік әсері мол.

         Автордың көркем әдебиетте ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде ұлт мүддесінің жанашыры болып жүргені айдай аян. Қазіргі таңдағы М.Шахановтың өмірдегі де, өнердегі де басты тақырыбы – ұлт тағдыры, ұлт мүддесі. Қазақ елі үшін бұл тақырып өткір тұрған тақырып. Себебі посткеңестік республикалар ішінде отаршылардың құрығына ерте ілігіп, ғасырлар бойына көндікпей қарсылық көрсетіп, қасық қаны қалғанша қармысып өткен ұлт – қазақ ұлты және ең үлкен зәбірді де көрген ұлт – қазақ ұлты. Сондықтан да этнодеформацияға жүйелі түрде ұшыратылған халық та – қазақ. М.Шахановтың қазақ зиялыларымен тізе қосып, елімізге жүргізілген отаршылық саясат өзінің саяси бағасын алу керек деп жар құлағы жастыққа тимей зар қағып жүруі тектен-тек емес. Қазақтың қасіретті тарихына, әсіресе сол 1731 жылдан кейінгі тарихына көз жіберген адамның тебіренбеуі мүмкін емес. Мағжан ақынның ғасыр басында зарлаған дауысы құлағымызға келіп тұрғандай:

Жаралы құба жоңда кім зарлаған?

Қансырап, қанын жұтып, кім сарнаған?

Қайғылы сар даланы күңіреткен,

Зарына адам шыдап тұра алмаған?

«Беу, қазағым-ай», зарлаған, қансыраған, қан жұтқан, сарнаған, күңіренген, зарына адам шыдап тұра алмаған – сенсің ғой! Ал бүгінгі ұрпақ тау-тау болып үйілген, көмусіз қалған өліктерді ұмытып, әруақтарды аттап, «қарын» қамымен әуреміз! Мұхаңның да зар қағып жүргені сол баяғы зар еңіреген қаймана қазақтың мүддесі!

           Уақыт өтер, замана өзгерер, қасіреті қалың қазақтың бұл күні де тарихтың бір парағы болып аударылар. Кешегі Бұхар, Дулат, Абай, Мағжан. Ахмет, Алихан, Міржақып, М.Әуезовтер салған ұлт мүддесі тұрғысындағы мұқалмас жол бүгінде өзінің жалғасын – М.Шаханов, М.Мырзахметұлы, С.Елубай, т.б. сынды ұлт зиялыларынан тауып отыр. Демек, ұлы жолдың өлмегені, себебі халық тұрғанда бұл жол өлмейді.

          Жазушы М.Шахановтан ұлт тарихында мәңгілікте қалатын эпопеяның жалғасын күтеміз.

 

Ноябрь КЕНЖЕҒАРАЕВ

филология ғылымдарының

кандидаты