АЛАШ АСПАНЫНАН АҚҚАН ЖҰЛДЫЗ

1
1877

      

               2010 жылдың 14 сәуірі таңғы сағат 8-де Алаштың ардақты ұлы, көрнекті қаламгер, журналист-зерттеушi, қоғам қайраткерi, Халықаралық “Алаш” сыйлығының, ҚР Журналистика академиясының «Алтын самұрық» ерекше сыйлығының иегерi, ұлтшыл тұлға Хасан Оралтай 77 жасында Мюнхенде ауыр науқастан қаза болды.

        «Жас Қазақ үні» газеті ұжымы марқұмның артындағы ел-жұрт, туыс-туғанына көңіл айта отырып, бірнеше жүрекжарды лебіздерді ұсынуды жөн көріп отырмыз.

газет ұжымы

 

«МЕН  ҰЛТШЫЛ  ҚАЗАҚПЫН!»

          Хасан Оралтай Қазақстан астанасы Алматыға тұңғыш рет 1991 жылдың 5 маусым күнi келiп қонды. Ол жылдар қазақтың ұлт-азаттық идеясының ұраншысы болған “Азаттық” радиосының қазақ бөлiмiн басқарған Оралтайдан қазақстандық қазақтар бейне Әзiрейiл көргендей үркетiн. Өйткенi, Хасан Оралтай олар үшiн басқа бiр әлем, басқа бiр дүниеден келген тұлғадай жайсыз, жат, қауiптi көрiнетiн. Ал Хасан Оралтай болса, кездескен сайын коммунистердiң ат-тонын ала қашатын жаулары Алашорда көсемдерiн пайғамбардың ақ туындай төбесiне көтерiп айтудан жалықпайтын… Атажұртқа ұшақ табаны тигенше аузы дұғадан кетпедi. Қалтасында қызыл партия билетi жүргенiмен, жан қуысында азаттық идеясы өшпеген бiр топ патриот қазақтар оны әуежайдан құшақ жая қарсы алды. Алайда Хасан Оралтай оларды шошытып, ертесiне күтпеген жерден Медеу шатқалында көпшiлiк жиналған дастарқан басында азаттық аңсаған “Алаш маршын” орындады.

          Сол кезде әлгi қалтасында қызыл билетi бар, дардай қызметi бар ұлт патриоттары дастарқанды тастап тұра қашты. Мiнеки, бiз бiлетiн Хасан Оралтай осындай еш қазаққа ұқсамайтын тұлға. Әсiресе, коммунистiк илеуден өткен Қазақстан қазақтарына мүлдем ұқсамайтын едi. Несiмен ұқсамайды? Ең алдымен өз халқына деген өшпес перзенттiк махаббатымен ұқсамайды. Қазақ деген халықтың да өзiне тән өзгеге ұқсамайтын Алла берген алаш жолы бар, өз тiлi, дiнi, дiлi, тарихы бар.

…Хасан Оралтай кiшi халықтарды күштеп жоюға, жұтуға негiзделген империялық идеологияның қашанда ымырасыз қас жауы. Оның негiзгi ерекшелiгi – осы көзқараста. Ол – туған халқын ғасырлар бойы илеуге салған империялық идеологияға қарсы ымырасыз күрескер. Оның осы қасиеттерi жергiлiктi қазақтардың көзiне оғаш, тосын көрiндi. Тоқсаныншы жылдар басында елге келген Хасан Оралтай бiр үлкен төрде коммунист қазақтар сiресiп отырған жиналыста сөз бергенде сөзiнiң бiссiмiлләсiн: “ Ағайын! Мен ұлтшыл қазақпын!” деп бастады. Сонда президиумда отырған қызыл билеттiлер бейне қазiр мына зәулiм зал шаңырағы опырылып ортасына түсердей үрпие қалды, төбе шаштары тiк тұрып тына қалды. Коммунистiк көлге атылған тұңғыш кесектей болды бұл оқиға. Өйткенi, бұл социалистiк Қазақстан тарихында өзiн жұрт көзiнше “ұлтшылмын” деп жариялаған тұңғыш қазақ едi.

Смағұл ЕЛУБАЙ,

Жазушы

 

Хасан ОРАЛТАЙ

            Хасан Оралтайдың өмірі Елім деп еңіреген Едігелер тарихын жазумен өтті. XX ғасырда Шығыс Түркістан аталатын Қазақ жерінде ел үшін, жер үшін, Қазақ үшін алып барылған арпалыс пен Қазақтың еркіндікке деген талпынысының аяғында шет елдерге, батыстық елдерге ауып барған Қазақтардың өмір шежіресін жазған-ды.

           Өмірінің сонғы 50 жылы, Алты Алаштың атын жамылған ұлтшыл зиялылар тарихымен Қазақстанның көкейтескен маңызды бүкіл мәселелерін жазып жариялаумен өтті. Қазақ үшін өз бойын кернеген ойын дауыстап айтып, қалам сермеп тарихта қалдыруға тырысқан жан еді. Жұмыс бабымен Азаттық радиосында істеген кезден бұрын да кейін де, қарлығаш қанатымен су сепкендей болса да Қазақтың өзекті мәселелерінің жаршысы мен жыршысы жұмысын атқаруға талпынды.

           Хасан Оралтайдың жазушылық, өз білгенінше тарихшылық ролі алдымен Шығыс Түркістан қазақтарының Ұлт-азаттық күресін қолына қалам алып алғашқы болып әлемге жариялаудан бастады. Осыдан жарты ғасыр бұрын (1961) алғаш кітабы «Еркіндік жолында Шығыс Түркістан қазақ түріктері» еңбегі, Түркияның Ізмір қаласында баспадан шықты. Сол кездің өзінен бастап батысқа босқан Қазақтың ХОМЕРОС (HOMEROS) деген атаққа лайық екендігін дәлелдеген адам еді. Өмірінің сонғы кезеңіне дейін әрі өзі жазған, әрі өзі ұйымдастырған еңбектердің барлығының көздеген мақсаты Қазаққа пайдалы, Қазаққа қатысты, Қазақтың өткенімен келешегі үшін өзекті мәселелерге арналды.

            Хасан Оралтай, жалпы адамзат тағдырымен салыстырғанда, өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген-білген, бәрінен де сабақ алып өз өмірін де, өз ата-анасының өмірін де алға сүйреп ата-ана қарызын шамасы келгенінше өтеп, атадан ұл туса осындай ақ болсын дегізген адам. Хасан Оралтай өзінен кейінгі ұрпаққа да «міне, менің Әкем!» деп кеуде кере айтуға ылайықты әке болған. Бір сөзбен айтқанда жеке өмірінде көздеген арманына жеткен адам. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Өзінің ұлты үшін, Қазақ үшін, балалық шағында кетуге мәжбүр болған артта бұлдырап қалған қасиетті Қазақ жері үшін, сол қасиетті отанда әрі көзі жұмылып томпайып жатқан аяулы туғандардың қурап қалған сүйектері үшін, әрі көздері жаудырап артта тірі қалған туыстар үшін, жалпы алғанда жалпы Қазақтың қамы сияқты, өзіне қасиетті бүкіл ұғымдар үшін демінің ақырына дейін, әл дәрмені жеткенше қызмет етуге қайрат еткен жан. Балапан ретінде ұяда көрген өнегесін ұшқанда ұластырған, ұластырғанмен қоймай одан әрі жалғастырып жақсартуға тырысқан жан еді.

            Хасан Оралтай, өз өмірін осыншама жанқиярлық (жан пида) пен қасиетті ұғым сенімдері үшін арнағанда, шен алайын, мал мүлік жинайын, мәнсапқа орындыққа ие болайын   деген пендешілік пиғылдан аулақ болған. Ол Алланың өзіне бұйыртқан дән дәулетінен айырбастаған халал ақшасын ел үшін, дін үшін жұмсаған жан. Мұсылманшылықта жасалған жақсылық, қайыр-қасанат айтылмауға тиіс. Егер айтылса оның сауабы болмайды. Бірақ қалған Қазақ баласына үлгі болсын, елім мен жерім деген Едігелер көбейсін. Бұл үшін Аллах   Тағала күнәға жазбағай!

Мәрием ХАКІМ

Қалибекнемересі

АНКАРА

 

 

       АЛАШҚА ЖОҚШЫ БОЛҒАН, ҚАЙРАН  АҒА!

           Қалибек Райымбекұлы, Оспан батыр Сләмұлы есімдеріне бала күнімізден қанық едік. Ес білген шақта елмен бірге (әрине ұрлап) «Азаттық» радиосын тыңдай бастадық. Азаттық үшін Алаш рухын асқақтатар қоңыр үн сол күндерден бастап «құлақтан кіріп, бойды алды».

           Бәріміздің төркініміз аңызға толы Алтай өңірі болғандықтан Хасан Оралтай есімін еш жатырқамай жылы қабылдадық. Түп төркіні туралы емес, түбінен қотара айтатын Алашшылдығы барша қазақты баураған еді. «Шіркін, сол еркіндікке, жиі айтыла бастаған қазақ даласына жетер күн болар ма екен!». Бұл біздің «Азаттық» үнімен оянған асау жүрегіміздің ата мекен топырағын аңсаған алғашқы арманы болатын. Ақыры тәуелсіздіктің ақ таңы атқанын да сол «Азаттықтан» естідік. Хасан ағамыздың үні жақсылық періштесінің күбіріндей тіпті те ыстық естілді. Көзімізге жас алдық.

           «Хасан Оралтай! Алла сол аяулы жанды көрер күнді жазар ма екен, шіркін!» Бұл екінші арман болатын. Ақ тілектің Алла қабылдамайтыны болмайтын шығар. Қазақстанға келгеннен кейін теледидардан көру мүмкіндігіне ие болып жүрген сол ағамызға 2007 жылы 14-сәуiрде ғана әзер қол жетті.

             Ағамыз осы сапарында Алматы қаласына арнайы шақырылып, 11-сәуiрде Қазақстан Журналистика академиясының БАҚ саласындағы ең мәртебелi жалпы ұлттық сыйлықтарын табыс ету жиналысына қатысып, Академия президентi Сағымбай Қозыбаев мырзаның қолынан «Алтын самұрық» ерекше сыйлығын алған екен.

             14-сәуiр күнi ол кісіні Абай атындағы Алматы мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiнде студенттермен кездесу өткiзiп жатқан жерінен іздеп таптым. Ағамыздың мені сырттай білетіндігіне қуанып қалдым. Кездесуден шыққаннан кейін Досан Баймолдаұлы екеуіміз ол кісімен арнайы сұхбат құрдық. Суретке түстік. Бір көруге ынтық болған ағамызбен ежелден таныс жандардай шүйіркелесіп кеттім. Десе де, кейде: «Қытайлар маған әдейі жіберген жоқ па» деп әзілдеп те отырды. Онысы бір жағы қалжың болғанмен бір жағы шын. Тағдыр тауқіметіне мейлінше ұшырап жат жұртта көп жүрген адамның айналасына күдікпен, сақтықпен қарайтын әдеті Хасан ағамызда да бар еді. Бірақ онысын зілсіз әзілмен білдіре салғанды жақсы көреді екен. Алғашқы кездесуде әңгімеміз жарасып осыдан кейін ол кісімен үнемі интернет арқылы хат алысып тұрдым.

            2008 жылы маусымда сапар сәтi түсiп, Түркияның Станбул, Анкара, Измир қалаларында болып қайтқан едiм. Осы орайда 8 маусым күні Измирдiң Өздере деген жерiнде жаздық демалыста жатқан Хасан Оралтай ағамызға арнайы сәлемдесе бардым.

           Жергiлiктi салт бойынша Егей теңiзiне шомылуға ұсыныс еткен ағамыз әңгiме-дүкенiн қыздырып, көп сырға қандырды. Менің бір ғана күн болып аттанатынымды білгенде ағамыз едәуір көңілсізденіп қалды: «Мұндай аз уақытқа келгенше келмей-ақ қойғаның жөн еді ғой» деген өкпе-назын да жасырмады. Уақытымыз аз болғанмен аузымыз әңгімеден босамады.                 Сонау Алтайдан Анодолыға, одан Қазақстанға дейін бір шарлап қайттық-ау деймін.

           Енді ойласам соның бәрі түс сияқты. Біздің соңғы рет көсіле әңгімелескенімізді есіме алсам ағамыздың: «көп күн неге болмадың» дейтін реніші бекер айтылмаған екен. Дидарын бір көруге зар болған Хасандай ірі тұлғамен онан кейін ұзақ сырласудың реті болмады. Соңғы рет Қалибек Хакімнің 100 жылдығына орай Алматыда болған сәттерінде қалың қарбаластықтың арасында қысқаша әңгімеден ары бара алмадық. Соңғы көруім де сол болды. Әңгімесіне құмарым қанбай «әттең тағы бір сырлассам-ау» деп жүргенде тағдырдың орналастыруы басқаша болды.

         2010 жылдың 14 сәуірінде Түркиядан немере қарындасы Мәриям Хакім хабарласып тұр: «Хасан Оралтай қайтыс болды» дейді. Интернетте ғана хат алысып жүріп ақыры мәңгілік алыстағанымызды мойындауға мәжбүр болдық. Әттең…уақыт қайырылмайды. Ағамыздың қоңыр үні, Алаш үшін ақтарылатын әңгімесін енді тек қана жазбалардан іздейміз. Қазақ рухани әлеміндегі «Хасан әліппесін» ақтарамыз.

           Қазақ диаспорасы аталатын әлем туралы айтқанда соның аспанындағы жарық жұлдыздардың бірі Хасан Оралтай еді. Артына жолақты ізін қалдырып ағып түсті. Шетте жатқан бес милион қазақ қана емес, күллі Алаш жұрты қара жамылды. Шығыс Түркістанда туып, Такламаканды кесіп, Гималайды асқан, Үндістан-Пәкістанды басып, Түркияға тұрақтаған аяулы жанның соңғы демі Германияның Мюнхен қаласында үзілді.

          Алашқа жоқшы болған қайран аға, жатқан жеріңіз жаннат, топырағыңыз торқа болсын.

          Сіздің ұлтшылдық рухыңыз ұрпақтар бойына дарып, елдің ертеңі үшін еңіреп өтер ерлеріміз көбейсін.

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ

1 Пікір

  1. Хасекем бізге, Түріктің тілімен айтқанда «Әке Жартысы», алыстағы қайран Қазақ елінің ой бауырымдап айтқан сәлемін Қасекемнің «бір көзі» ретінде оқыдым, санаға түйдік… Ағамның фаниде артында қалған төрт көзіне де жеткіземіз бұл үніңізді. РАХМЕТ…

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз