ТӨЛЕГЕНГЕ ОРАЛУ

2
2170

(жалғасы)

          Әрине, бұл тұста Төлегеннің ақындығы туралы айтпауға болмайды. Ол туралы «Қазақ әдебиетіндегі» (1958 жыл, 10 шілде) «Жыр неге жұтаң?» деген мақала ғана Төлегеннің ақындық рухын көтермей, поэзиясының сыр-сипатын ашуға қызмет етпей сынады. 

«Қазақ әдебиетіне жалынды ақын Төлеген Айбергенов әр жол, әр шумағынан тер иісі мен тіршілік тынысы аңқып тұрған «Құмдағы мұнаралар» атты өлең кітабын алып келді. Біз осы кітап арқылы поэзиядағы бүгінгі Маңғыстауды ашқандай болдық. Төлеген Айбергеновтың осы жыр жинағын оқырман қауым да, әдебиет сарапшылары да кезінде бір ауыздан поэзиядағы тың үрдіс, жаңа құбылыс деп қабылдады. Ол жырлардың небәрі оншақты жыл көлемінде көп тиражбен әлденеше рет басылып шығуы сол пікірлердің дұрыстығын байқатса керек. Әрине, ешқандай тақырып бір жазушының, немесе бір ақынның жекеменшігі бола алмайды. Сондықтан жұмысшы Маңғыстау тақырыбы да Төлегенмен басталып, Төлегенмен аяқталып қалған жоқ. Бүгінгі Маңғыстау бейнесі қазір де көптеген ақындардың творчестволары арқылы молыға, дами түсуде, яғни әрбір ақын поэзиядағы «өз Маңғыстауын» ашуда. Қанағат ету – творчество адамы үшін, жалпы әдебиет үшін қатер» дейді ақын Темірхан Медетбеков.

         Төлеген туралы сөз айтқандарға риза болып,  жақсылығымды үйіп-төккім келеді де, жазбағандарға «жазыңдар, жақсы сөздеріңді аямаңдар, кейінгі жастар білсін Төлеген туралы» дегім келеді.

IV. Байқасам талай ақын мінездерін, Санайды дербес құдай дүр өздерін, – деп ақын Кәкімбек Салықов айтқандай қазіргі жас ақындар бойындағы бір нашар қасиет – өзіне дейінгіні де, кейінгіні де көзге ілмеу, өз өлеңін өзгеден жоғары қоюшылық, кеудеге  нан пісушілік керемет дүние тудыруға кедергі жасайды. «Лениншіл жаста» Мұқағали Ғабит Мүсіреповпен кездескені туралы жазды.

             Сонда «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын мақтағанда ыңғайсызданыпты. Ақын Төлеген туралы Ғабекең естелігі де осыған саяды. Ғабит Мүсірепов: «Маған жастардың ішінен марқұм Төлеген Айбергеновтің менмендігі жоқ қарапайым ғана адамдықмінезі қатты ұнаушы еді. Бір күні ойда жоқта екеуміз жолыға қалдық. Алдында біраз өлеңдерін оқыған едім, солардың өзіме ұнағанын айттым. Байқап тұрмын, мақтауымды ол жай сыпайылық үшін ғана қабылдаған сияқты. Айтқандай-ақ сөзімді аяқтаған кезде:

-Ой, Ғабе, жаңа сіз айтқан жақсылықты да, жаңалықты да мен өзіміздің халық ақындарынан алып жүрмін ғой. Тіпті, сіз Ақансерінің мына бір-ақ өлеңіне еліктеуден туған өлеңімді де байқамадыңыз-ау, – деді күліп. Амал бар ма, біз қазақ әдебиеті екі-үш дарыннан  ерте айырылдық. Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген». Шын жақсы ақын әрі қарапайым, әрі талантты. Басқаша айтсақ:

Біреу мықты өркенді тармағымен,

Біреу күшті шен-шекпен салмағымен.

Даналықтың мұраты қайда десең,

Ол биік қой өзінің арманымен.

Тағы да Кәкімбек Салықов. Дұрыс! Төлегеннің ұйқаста жеткен жетістігі өз алдына әңгіме етуге тұрарлық дүние. Шәмші Қалдаяқов туралы Қадыр Мырзалиевтің «Қайырмадан қайырма тудыратын композитор» дегені бар еді. Төлеген «ұйқастан ұйқас тудыратын ақын – өлеңінің музыканты». «Қаратау» өлеңінде:

Есен-сау бармысыңдар, армысыңдар,

Армысыңдар, қария, қарлы шыңдар.

Төсінен керуен-керуен көш өткен тау,

Сен менің керуен-керуен алғысымды ал.

Сенбісің сияқты орман күй ақтарған,

Ұзатқан қыздың көші сияқтанған.

Жаныңда саз қалды ма, наз қалды ма,

Сан тұлпар дүбірлеткен тұяқтардан.

«Құтбайға».

Термесі қою арман маужыраған,

Зердесі ескен самал тау–жырадан.

Теңдесін бұл аймақтан таптырмайтын,

            Кеудесі күмбірлеген ән-жыр ағам, – деп жазады. Төлегеннің бір мықты ерекшелігі – ол ұйқас қуып кетпейді. Мағынасыздыққа ұрынбайды. Оның зәресі ұшып қорқатыны да сол мағынасыздық, сылдыр сөз. Сұлу тіркес. Қазіргі жас ақындардың көбінде сұлу сөзге құмарлық басым. Олар құр жылтырақ болып көзге ұрып, ой салмағын мүлдем жеңілдетіп жібереді.

             Төлегеннің бала кезіндегі өлеңдерінің өзінде шарқ ұрған ізденіс аңғарылады. Бұған Мағираш Сарикованың әңгімесі дәлел. «Асқар ақынға (Тоқмағанбетов) Төлеген келді. Қағілез қара бала. Екеуі әңгімелесіп отыр екен, үстеріне кірген едім, Асқар аға таныстырды:

– Міне, Мағираш!

Төлеген орнынан ұшып тұрды. Осы ұшып тұрған сәті есімнен кетпейді. Ол кезде мен білмедім. Бұл – екі жыл бұрын маған хат жазған Төлеген еді. Қарақалпақ жағынан келген, қисық жаға, оюлы көйлек киген қағілез қара бала ерекшеленіп тұрды. Біраздан соң, Төлеген маған келіп:

– Хатымды алдың ба! – деді.

– Алдым.

– Неге жауап жазбадың!

– Жалқаулығым ұстады, – деп көңілін жықпай жауап бердім. Өлеңі аса ұнамаған болатын.

Әлсіз еді. Бұл – бірінші кездесуіміз болатын

», «Бір тойым бар» (1989жыл) кітабына енген «Мағирашқа хаттан» үзінді келтірейін:

Саңқ еткен Қызылорда қаласынан,

Үніңді естіп жаным аласұрған.

Болашақ шабытыңа нұр тілеймін,

Қол созып Қарақалпақ даласынан.

Көп болған жоқ  өлеңнің аймағына,

Менің де құшағымды жайғаныма.

Шыңына шығам деген үмітім бар,

Тайсам да, жығылсам да тайғағына.

Мен сендей өзен емен күркіреген,

Жырым бар өткіншідей сіркіреген.

Қусам да құйрығынан ұстатпай жүр,

Бір сырлы, сегіз қырлы сылқым өлең.

             Әрине, бұл дос болмақ ақ ниетпен жазған Төлегеннің өлең-хаты ғана. Өзі оны жинақтарына ендірмеген, әлсіз дүние санаған.

              Екінші кездесуде, ҚазМУ-де болған жарқырап жанып кеткен көзі есімде қалыпты. Ақындық қуат белгілі ғой, от болып жанып кетті. Ақкөңіл болатын. Сәбит Мұқанов басқарған бұл әдеби кеш қызықты өтті. Әбіш, Әділбек, Қадырлардың студент кезі. Сонда Төлеген «Жаныңа жаңбырлатып жақын келдім» деп басталатын өлеңін оқыды. Соңына таман шықты. Қарақалпақстаннан келді деп таныстырды. Көзі жарқырап, буыршындай бұрқырап тұрып оқыды өлеңді. Кейін мұндай болады деп кім ойлаған. Кейін іздесем де ізін таппай қалдым ғой. Қайта менің хат жазысып, үміт күткендерімнен түк те шықпады. Төлегенмен неге хат жазыспадым деген ой қинайды кейде…».

           Тағы бір айтпағым – Төлегеннің өзіне дейінгі ақындардың шығармаларын түгел оқып, көбісінің өлеңін жатқа білгендігі.

              V.Тұтқабай Иманбеков: «Бауырлас Қарақалпақ елі Төлегеннің жырына қанықтығын танытты, ықыласы бөлек екенін аңғартты. Біз соған сүйіндік.

             Осынау ықыласты Төлеген өзінің сыршыл  өлеңдерімен, айрықша достық жүрегімен, сағынышымен жаулап алған ғой. Нөкістегі Қарақалпақ университетінде Төлегенге еліктеп жыр жазатын, Төлегенше елтіп өлең оқитын, Төлегенше әр жырды жатқа төгетін жастарды көргенде жаңаша сезіммен сергіп едік.  Жатқа оқу дегеннен шығады. Тегінде Төлеген жырын қағаздан шұқылап оқуға қатты қынжылатын. Ал өзі бүкіл өлеңін басынан аяғына дейін дауылдатып оқып шығып, ол аз болғандай бәрін аяғынан басына қарай түгел кері оқып, керемет қызықтыратын-ды. Мұның өзі жұртқа өрлеме әсер тудырайын деген әуейіліктен емес, жүрегінің кеудесіне сыймаған жұтынған сәттері екен-ау, шіркін.

Төлегеннің бойындағы тамаша қасиеттің бірі өзгенің қуаныш өз қуанышындай қабылдайтындығы еді. Жақсы бір өлеңің шықса жаны шаттанып, желпіне оқитын. Ол менің 1967 жылы жарық көрген «Ақ қайың» атты алғашқы жыр жинағыма өзімнен кем толқымаған сияқты».

            Иә, Төлеген фольклордан, Абайдан, Ілиястан, шығыс поэзиясы алыптарынан жас басымен көп үйреніп, қабылдап, қорытып, өзінше жол таба білгендігімен де ерекшеленеді. Бұл 30 жас үшін аз емес. Сырбай Мәуленов: «Сырдария облысында  үш-төрт кездесу өткізілді. Төлегеннің жолда жазылған махаббат өлеңдерінде Шығыс поэзиясының сарыны молырақ жатқан сияқты  көрінеді. Соны бір ескерткенімде: 

– Мен Қарақалпақстанда туып өстім ғой. Қазақ ақындарымен енді-енді араласып келеміз. Сіз Абдолла мен Қасым жайында айтыңызшы. Оларға сенімді серік болдыңыз ғой, – деді Төлеген.

            Абдолланың жанының тым нәзіктігін, Қасымның қажыр-қайратын өршіл рухын айтқанда оның жас баладай жаны толқиды.

– Шіркін, екеуі де ерлікке емтихан тапсырған қаһарман ақындар емес пе? Өздері батыр, өздері батыл халықтың ойын деп басып,  елдің арманын шертетін өлеңдерді жазып кеткен ғой, – дейді. Ал, құрметті жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» кітабында Төлеген ұйқастары туралы айтылған сөздерді артық және асығыс пікір деп ойлаймын. Әйтпесе, Ілияс Жансүгіровтың 1960 жылы шыққан (шығармалар жинағының бірінші томындағы «Шаттық жыры» атты ағыл-тегіл сезіммен 1934 жылы жазылған өлеңінің:

Күніміз әлемді алсын жарқылдаған,

Үніміз жерді жарсын саңқылдаған.

Шуымыз шаттығымен шалқып көкке,

                Туымыз тұрсын биік алтындаған, – деген жолдарын оқығанда Төлеген екпіні еске түсетіні несі екен?! Кейінгі жас толқында мұндай ұйқастар мазмұнға қызмет етсін, етпесін асып-төгіледі, артығымен табылады. Олардың көбі Төлегенге еліктеуден ғана тура қабылдана салған, әсерден туған ұйқастар. Ал арғы-бергі поэзия інжу-маржандарын тізерлей оқып, қопара төңкеріп, жақсы-жаманын екшеп-айырып, қорыта жыр жазу қазіргі жастарда сирек. Мұқағали Мақатаев күнделігінде 1976 жылдың 25 ақпанында былай деп жазыпты. Оның пікіріне қосылған артық емес: «Фольклорымыздың бай екені даусыз. Оны кез келген халықтың кез келген фольклорымен қатар қоюға болады. Егер фольклорымызды әдебиетімізбен салыстырсақ, онда соңғысы көп кедей көрінеді. Ол оның әлі жасаңдылығынан, буыны қатпағанынан.    Жазғыш көп болғанымен, жазылғаны (мәнді толыққандысы) әлі аз. Біз жазылған нәрсенің санына қарап қарықпыз. Көркем әдебиеттің коллективті еңбек емес екенін ойлайтын уақыт жетпеді ме? Ол мейілінше даралықтан туады. Және белгілі бір уақыттың есебі де, фотографиясы  да емес. Ол қоғамның, дәуірдің сынынан өтуге тиіс… Егер қадір-қасиеті миллиметрлік қана болса, шақырымға созылған тізімдер әдебиетті құрай алмайды».

          Ақынның өмірдің қиыншылығы мен қызығын бірге бөліскен жары Үрниса:

-Төлегеннің ішінде бір поэма кетті. Әбден пісіріп, жатқа айтып жүріп, қағазға сосын түсіретін, – дейді, – «Сен айт, мен жазайын» десем,  «қоя тұр» дейтін. Әлі піспеген деп есептеген шығар. «Бір магнитофон алайықшы» деумен кетті…

          Кезінде Төлегенмен дәмдес, қаламдас болған жандармен ауызша әңгімеде жазып алған байқампаздықпен айтқан бірер ой-түйіндері де маған ақын мінезін ашатын сияқты көрінеді.

Сабырхан Асанов: – Бір сүйсе өле сүйіп, бір жек көрсе толайым жек көріп кететін ақын  мінезі көзге ұрып тұратын.  – Көз тілімен көріктім,

Көңіліңе салдым ба ой.

Лағындай еліктің

Елең ете қалдың ғой, – деген өлеңін Толғанайға арнап шығарып еді. Жас кезде не болмайды?..

              Темірхан Әліханов: – Төлеген туралы аз жазылған жоқ, бірақ көп те емес. Кейбір әдебиет жанашырларының мақалалары мен үлкен ақындардың сөздерінде аты аталып, мойындалғанымен, оның бүкіл творчествосы жан-жақты талданып, жете зерттелген жоқ. Бұл келер үндер еншісіндегі – игі іс. Төлеген Айбергенов өлеңдерін оқығанда еш бір жалғандық белгісін көре алмаймыз. Мұның басты себебі – оның өзіне қатал да қатаң талап қойып, тек «не айтса да жүрегімен айтуды» қасиетті қағида етіп ұстағандығы деп білеміз. Сағыну арқылы өмір сүретін ақын творчествосының өзегі – сағыныш. Егер Төлегеннің әнші Ғарифоллаға арнаған өлеңін бұрып өзіне арнасақ: «Көкірегінен әсем әннің көк мұхитын шайқаған, сендей саңлақ бұл өмірге келер ме екен қайтадан».

          Аян Нысаналин: – Алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясын алып қарайтын болсақ, осы өзге үн, өзгеше жазылған жырларымен келген Төлеген Айбергеновке тоқтамай кете алмаймыз.

             Қазақ поэзиясындағы Қасымнан кейінгі өзіндік өзгешелігімен дараланған ол жайлы көп айтуға болады… Оның баспасөзге алғаш көрінуі «Ақ қайыңдар» мен одан соңғы жырлары.

             Тұрап Айдаров: – Тәрбиемде болып, лекцияларымды  тыңдаған студенттер арасынан Төлеген Айбергеновтей аса талантты ақын, публицист-журналистер, оншақты ғылым кандидаттары мен оқу-ағарту және партия-совет қызметкерлерінің шыққаны ұлағатты ұстаз еңбегінің сәтті жемісінің нәтижесі деп орынды мақтаныш көремін. Үрниса Айбергенова: – «Арман сапарында», «Жақсылық жыры» деген өлең бар. Оны Төлеген жыршы Жақсылық Мамытовқа арнаған. Ол біздің үйлену тойымызда жырлады   ғой. Сол кісінің әсері Төлегенге өтті. Екінің бірінде Жәкең болып ән салушы еді. Жыршы, әнші боламын деуші еді. Ол кісі келіп Жібек әжемізге тамақ жасатып жүруші еді. Төлеген домбыра тартып, ән салмайтындарды сауық кешке қатыстырмайтын. Оның жақсы көретін өлеңі «Мен саған басыбайлы бол демеймін». Мен қырыққа жетсем жұрт өлеңін жинастырып қояр еді деп мақтанып қоятын…»

(Жалғасы бар)

 

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ,

Жазушылар одағының

мүшесі, ақын

2 ПІКІРЛЕР

  1. СУЫҚ ХАБАР .
    ( Төлеген Айбергенов қайтыс болғанда )

    Қызыл жиек қанталады бейне бір ,
    Суық хабар куәсі боп – Сентярь .
    Нөкіс жақтан алай – түлей жел есіп
    Күңіренді , жоқтау айтып пенделер .

    Кімді алып бара жатты жерлеуге ,
    Сүр табытта жансыз дене құр кеуде .
    Қанша жыла , тірілмейді қайтада
    Қақың жоқ қой , оны өлді демеуге .

    Алма кезек тік көтеріп ақынын ,
    Қаралы ел жылжиды кеп ақырын .
    Бұл ақынның көзі көрген жұрты ғой
    Аттандырмақ дара туған асылын .

    Ақын адам із қалдырды , көз жұмды ,
    Қабырінде жалғыз ауыз сөз тұрды .
    Ескерткішін биік шыңнан қалады
    Денесіне жауып тастап боз құмды .

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз