"Ай, дүние–ай!.." Бұл - Мұқтар Тайжанның ашынғанда шығатын айқайы...

 

Мен Мұқтар Тайжанмен 2012 жылы  жазда бүкіл Қазақстанды 40 күн бойы бірге жүріп аралаған адамның бірімін (тобымызда белгілі журналист – Өмірзақ Ақжігіт және жүргізуші бала болды). Мұхтар экспедицияның қаржылық демеушісі, әрі жетекшісі еді. Сонда байқағаным: Мұхтар өте жомарт, ақкөңіл, жаны ашығыш жан екен. Талай рет жол–жөнекей кездесіп қалған тұрмысы төмен жандарға ақшалай да көмек берді. Сонда ол осыны ақшасының көптігінен жасаған жоқ. Ол бай да емес. Оның бұлай істеген себебі – қиналған әрбір қазақты көргенде оның жүрегі ауырады. Солардың мұң–зарын есітіп, мына кең дүниеге симай кететін. Арлы–берлі жүріп, екі қолының жұдырығын түйіп жоғары көтеріп тұрып «Ай, дүние–ай» деп, ішкі запыран күйігін шығарып алатын.         Бірде шілденің ми қайнатқан қатты ыстық кезінде, Маңғыстаудың қырық–шұрық жолының бойында сусын сатып отырған әйел кісінің қасына тоқтадық. Қарасақ, немере емес, шөбере сүйетін жасқа жеткен қарт ана екен. Жағдай сұрап едік, ол кісі «Е шырақтарым, несін сұрайсыңдар… Қырық жасымнан асқанда көрген, әлі отызға толмаған жалғыз ұлым бар еді, былтырғы болған Жаңаөзен оқиғасында оққа ұшты. Мен үшін өмірдің мағынасы жойылып, баламның соңынан «О дүниеге» кетпек болдым, бірақ содан қалған бұғанасы қатпаған төрт немерем «жібермеді». Солар аштан өлмесін деп осында отырмын. Шешелері нәпақы табам деп Алматы асқан. Ол тиын–тебен жібергенше нанын тауып берейін, қазір өлсемде» дегені. Бәріміз абыржып қалдық. Мұхтар, әдетінше арлы–берлі жүрді де, екі жұдырығын түйіп, қолдарын жоғары көтеріп тұрып «Ай, дүние–ай» деп, айқайлап жіберді. Қарасам екі көзінде мөлтілдеген жас тұр. Қарт апаның зарын тыңдап, көңілін аулап, біраз тұрдық. Қоштасарда Мұхтар қалтасынан жүз мың теңге алды да апаның алақанына салды. Апа мұндайды күтпеген еді. Қатты абдырап қалды. Шынында да бұл заманда құлақ есітіп, қөз көрмеген біреу келіп жүз мың теңге бере ме?! Берді! Мұхтар берді!

Геройхан ҚЫСТАУБАЕВ, қоғам қайраткері