«Ақ жол» партиясы бір жылда заңдарға жеті жүзден астам өзгеріс енгізді.

10
1657

 

«Ақ жол» партиясы бір жылда заң жобаларына 714  елеулі ұсыныстар мен толықтырулар енгізді. 

 

«Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясының депутаттық фракциясының Бесінші сайланған ҚР Парламентінің екінші сессиясы кезеңіндегі қызметі туралы қысқаша мәлімет

 

2012 жылғы 3 қыркүйек – 2013 жылғы  26  маусым аралығында фракция депутаттары заң жобалары бойынша 44 жұмыс тобының құрамына кірді, 42 қорытынды әзірлеп,  қаралатын заң жобаларына 714-тен астам елеулі ұсыныстар мен толықтырулар енгізді. Партияның орталық кеңсесінде Азаматтарды қоғамдық қабылдау оны ашылған, депутаттар азаматтарды әрбір жұма күні сайын қабылдайды. Осыған ұқсас қоғамдық қабылдау орындары өңірлік филиалдардың жанында да бар. Оларда қабылдауды филиалдың басшылары, ал көшпелі іс-шаралар барысында депутаттар жүргізеді.

Жоспарлы көшпелі іс-шаралар барысында фракция депутаттары 69 елді мекенге барып, қоғамдық қабылдау орындарында 570 адамды қабылдады. Осы кезеңде фракция депутаттары 50 депутаттық сауал жариялады.

Фракцияның 38 отырысы өткізілді. Отырыстар апта сайын сейсенбіде партияның орталық кеңсесінде өңірлік филиалдар мен ОК мүшелерінің қатысуымен тікелей бейнеконференциялар режімінде өткізіледі. Партия активінің дайындалған депутаттық сауалдарды, заң жобаларына ұсыныстарды талқылауға қатысуға мүмкіндігі бар. Фракцияның отырыстарына Мәжілісте қаралып жатқан заң жобаларының әзірлеушілері фракцияның ұсыныстарын талқылау үшін тұрақты түрде шақырылады.

5 қыркүйек – Фракция депутаттары ШҚО-дағы радиоактивтік ластануды жою жөніндегі хаттамалық шешімдердің орындалуын талап етеді. А. Перуашев қол қойып, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жіберілген хатта «2012 жылдың 29 тамызында өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты соңғы халықаралық конференцияда Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев экологиялық қауіпсіздік және азаматтарымызды ядролық сынақтар мен радиоактивтік ластану салдарынан қорғау туралы мәселенің өзектілігін тағы да көтерген болатын» деп атап көрсетілген.

7 қыркүйек – Парламенттік фракция қызметінің негізгі бағыттары бекітілді.  Парламенттік каникул кезеңінде сайлаушылармен болған кездесулер қорытындыланды: барлық өңірлерде 14 мыңнан астам сайлаушылармен 70-тен астам кездесу өтті. Қоғамдық қабылдауларда 163 адам қабылданды.

Партияның тұғырнамасын іске асыруға бағытталған, сондай-ақ әлеуметтік жаңғырту міндеттерінен туындайтын бірқатар заң жобаларына бастамашылық жасауға шешім қабылданды. Жоспарланып отырған заң жобаларының тізімінде: парламенттік оппозиция туралы,  азаматтық қызмет туралы, шағын және орта бизнесті қолдау туралы, аз қамтылғандарды әлеуметтік қорғау туралы, спорт туралы, БАҚ жариялаған кезде парламенттік партиялардың теңдігі туралы, жұмыспен қамту туралы, сайлау туралы және т.б. заң жобалары бар. Сонымен қатар, депутаттық бастамашылық құқығын кеңейтуге, парламенттік тергеп-тексеру жүргізуге,  парламенттік оппозицияның мәртебесіне қатысты Парламент регламентіне өзгеріс енгізуге бастамашылық ету шешілді.

Депутат А. Рысқали төңірегінде қалыптасқан ахуал талқыланды. Азат Перуашев атап өткендей, «Ақ жолда» 80 емес, 8-ақ депутат бар», сондықтан да  біз үшін Парламенттегі әрбір депутаттың даусы бағалы. Және де біздің әрбір депутаттық мандатымыз партия мүддесінде жұмыс істеуі керек».

15 қыркүйек – депутат А. Рысқалидің  өтініші қаралып,  оның мандатын  ОК хатшысы, Қазақстанның Құрылысшылар одағының төрағасы Т.Ерғалиевке беру туралы шешім қабылданды.

А. Перуашев әріптестерін болған жайттан сенсация жасамауға шақырды. Ол ағымдағы жылғы 15 қаңтарда өткен сайлаудан кейін партиядан сайланған депутаттар тізімін бекіту кезінде ОК  Парламенттегі «Ақ жол» өкілдеріне кезең-кезеңімен ротация жүргізуді ұсынғанын айтты. «8 мандатқа ие болу арқылы біз әріптестеріміздің көпшілік бөлігіне өз көзқарастарын іске асыруға  мүмкіндік беруіміз керек, бұған қоса, мұндай тәсіл депутаттарды босқа отырмай, өздерінің депутаттық өкілеттіктерін белсенді пайдалануға ынталандыратын болады» деп атап өткен болатын.

19 қыркүйек – Депутаттық сауалдар жария етілді, олар: 1. Аң шаруашылықтарының ойықты қаруды және тапаншаларды иеленуіне тыйым салуды тоқтату, сондай-ақ аң шаруашылықтарына және жалпы қорықшылық қызметке қажетті өзге де көмекті көрсету туралы (М.Қазбекова); 2. Мемлекеттік органдардың алименттердің мөлшерлеріне қайта есептеу жүргізуіне байланысты әкесі не шешесі тастап кеткен балалардың заңды мүдделерінің бұзылуын болғызбау туралы. Фракция депутаттары Еңбек министрлігінен әкесі не шешесі тастап кеткен балалардың мүдделерін қорғау үшін заңнамаға ұсыныстар енгізуді талап етті (Е.Никитинская); 3. «Астана – Алматы» республикалық трассасын 4 жолаққа дейін кеңейту және қарсы бағыттар арасында бөліп тұратын тосқауылдар орнату арқылы жаңғырту туралы (А.Перуашев).

25 қыркүйек – партияның орталық кеңсесінің жанынан депутаттардың Қоғамдық қабылдау орнын ашу туралы шешім қабылданды. Азаматтарды қабылдау апта сайын жұма күндері 9.00-ден бастап 18.00-ге дейін жүргізілетін болады.

25 қыркүйек – А. Перуашев «Кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жүйелендіру: жай-күйі мен перспективалары»  атты  конференцияда сөз сөйледі. Ол өз сөзінде: «Әділет министрлігі әзірлеген кәсіпкерлік кодекстің жобасы кәсіпкерлік құқық идеясын кемсітеді» деп мәлімдеді.

А. Перуашев осы жобаны дайындаған Әділет министрлігінің конференция қорытындысы бойынша берген өз ұсынысында Кәсіпкерлік кодекстің «нысаналы еместігін» баса айтуын «мекерлік» деп атады. Ол ШОБ мүддесін білдіретін «Ақ жол» ҚДП фракциясының Кәсіпкерлік кодексті әзірлеу қажеттігін толық қолдайтынын айтты.

26 қыркүйек – Депутаттық сауалдар жария етілді, олар: 1. «Қордай» бекетін қоса алғанда, Республиканың кеден бекеттерінде азаматтарымыздың конституциялық құқықтарының жаппай бұзылуы туралы (А.Перуашев); 2. Жер-жерде жекеменшік балабақшалардың шотына ақша қаражатының уақтылы аударылмауына байланысты «Балапан» бағдарламасын іске асырудың жарты жылға дейін кешіктірілуінен бұзылу мүмкіндігі туралы (Н.Жазылбеков).

26 қыркүйек – Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Фракцияның Қылмыстық кодекстің «Жалған кәсіпкерлік» атты 192-бабын алып тастау туралы, сондай-ақ «Заңсыз кәсіпкерлік» деген 190-бабын  нақтылау туралы бастамасын мақұлдады және Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне келіп түскен экономика саласындағы құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту туралы заң жобасын талқылау барысында қарау үшін тиісті Қорытынды жіберді.

3 қазан Депутаттық сауалдар жария етілді, олар: 1. Трансшекаралық Ертіс және Іле өзендерінің проблемалары туралы. Фракция СІМ-ге осы өзендерді пайдалану проблемаларын кешенді шешуде Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау туралы өтініш білдірді (Т.Ерғалиев); 2. Фракция депутаттары қазақстандық балаларға жасырын эксперимент түрінде деп атай отырып, Денсаулық сақтау министрлігі жоспарлаған жасөспірім қыздарға міндетті вакцина егуіне қарсы шықты (М.Қазбекова); 3. Мүгедектерді куәландыру саласындағы жауапты адамдардың құқыққа сыйымсыз іс-әрекеттері туралы (А.Тұртаев).

9 қазан «Нұр Отан» және «Ақ жол» фракцияларының депутаттары техникалық реттеу туралы заң арқылы қазақстандық өндірушілерге Кеден одағының бүкіл аумағында өз өніміне мүдделік қолдау көрсетуге бірегей мүмкіндік жасады. Фракция «Техникалық реттеу туралы» Заңның жаңа редакциясымен жұмыс жасау қорытындылары бойынша баспасөз-конференциясын өткізуді ұйымдастырушы болды. Вице-министр К. Төлеушин, жұмыс тобының жетекшісі, «Нұр Отан» ХДП депутаты Е. Тарасенко мен  бірқатар түзетулердің авторы, «Ақ жол» ҚДП фракциясының жетекшісі А. Перуашев енгізілген жаңашылдықтарға қатысты түсініктеме берді.

12 қазан фракция депутаттары проблемалық қарыздарды беру кезінде салық салу мәселелері бойынша ҚДБ ұсыныстарын талқылады. А. Перуашев Банк өкілдеріне «Атамекен» ХЭП төрағасы мен  ҚДБ Директорлар кеңесінің мүшесі болғанда өзінің Бизнестің жол картасы шеңберінде проблемалық қарыздарды сауықтыру бағдарламаларына Банкті қосуға қол жеткізгенін айтты. Алайда, ҚДБ қайта құрылымдау құқығын алғанымен қиын жағдайда қалған кәсіпорындардың бір де біреуіне көмектескен жоқ. «Ақ жол» көшбасшысы астанадағы, ОҚО-дағы, ШҚО-дағы, Қарағанды, Алматы және т.б. облыстарындағы осындай көмек алуға ұмтылысы сәтсіз болған, ҚДБ-ның қарыз алушы компанияларының тұтас қатарын атап көрсетті. «Олардың кейбіреулері қазір тоқтап қалған, мыңдаған адам жұмысынан айрылды және осы үшін жауапкершіліктің бір бөлігі сіздің Банктің мойнында»,- деп атап өткен А. Перуашев Банк басшылығын  жаңа жеңілдіктерді «сұрай бермей», оларды экономиканың нақты секторын қолдау үшін пайдалануға шақырды. А. Перуашев: «Егер де сіздердің әрекеттеріңіз банктің өзіне ғана емес,  бизнеске де пайдасын тигізер болса,  біз сіздерге көмек көрсетуге даярмыз. ҚДБ мандаты – клиенттерден ақша табу ғана емес, өндірістің перспективалы секторларында жаңа бизнес құрылымдар құру, осыны ұмытпаңыздар», – деді.

14-16 қазан депутат А. Тұртаев Стамбулда Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) 1-ші халықаралық жастар форумының жұмысына қатысты.

17 қазан 2013-2015 жылдарға арналған бюджеттің жобасын талқылау жөніндегі Мәжілістің жалпы отырысында А.Перуашев бюджеттік жоспарлаудың тұтынушылық сипатын сақтау және экономикалық дамуды ынталандыру шараларына жеткілікті назар аударылмай отырғаны туралы мәлімдеді. Сонымен бірге, депутат мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі функцияларын қайталау іс жүзінде тиімсіздікке және бюджет қаражаты шығындарының ұтымсыз жұмсалуына әкеп соғатынын атап өтті.

24 қазан Депутаттық сауалдар жария етілді, олар: 1. Фракция депутаттары «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС функцияларын ҚР заңнамасына сәйкес келтіруді талап етті (А.Перуашев); 2. Қолданыстағы заңнама талаптарын энергия өндіруші компаниялардың бұзғаны үшін жауаптылық туралы – фракция тарифтерді қалыптастыру және энергия өндіруші компаниялардың инвестициялық міндеттемелерін орындауы жөніндегі мәселелермен тағы да Үкіметке өтініш білдірді. Фракцияның осы проблема бойынша депутаттық сауалына Үкіметтен түскен 2012 жылғы 17 мамырдағы жауапта энергия өндіруші компаниялардың қолданыстағы заңнаманы бұзуының көптеген фактілері келтірілген.

31 қазан Мәжілістің жалпы отырысында бюджетті талқылау барысында А.Перуашев индикаторлардың әдіснамалық орнықты жүйесін пайдалану қажеттігі, іске асырылатын бағдарламаларды түзету туралы, бюджеттік жоспарлау мен бюджеттік атқарушылық тәртіптің төмен деңгейі туралы және т.б. бірқатар проблемалық мәселелерге назар аударды.

5 қараша – «Жер ресурстарын тиімді пайдалану бойынша қабылданатын шаралар туралы»  Үкімет сағаты барысында депутат М. Қазбекова Жер қатынастары жөніндегі агенттіктің Қостанай облысында аумақтық органдары  ауыл шаруашылығы индустриясының дамуына  қарсы іс-қимыл жасауда деп мәлімдеді.

7 қараша – Мәжілістің жалпы отырысында салық салу мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында фракция жетекшісі осы заң жобасын әзірлеу және жүргізу құзыретін Экономика министрлігіне бекітіп беруді ұсынды. Депутат: «салық заңнамасын әзірлеумен фискальдық ведомство емес, экономикалық дамудың теңгерімділігіне жауапты  мемлекеттік орган айналысуға тиіс», – деді. Оның пікірінше, бұлай ойлаудың себебі – Қаржы министрлігі  ақша жинауға ғана ведомстволық мүдделі, сондықтан кәсіпорындардың жұмыс істеуі мен олардың бәсекеге қабілеттілігі екінші кезекке ысырылып қалады.

А. Перуашев қазіргі парламенттік сессияның ашылуында Мемлекет басшысының Үкіметке  берген  ДСҰ елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, өзіміздің өндірістік кәсіпорындарға қолдау көрсету  бойынша  шаралар әзірлеу қажеттігі туралы тапсырмасын еске салды. Депутат: «Осы тұрғыдан алғанда едәуір тиімді шаралардың бірі  ҚҚС  салалық мөлшерлемелерін қолдану болып табылады. Салалық мөлшерлемелер Финляндия, Ұлыбритания, Польша, Испания, Канада, Латвия және т.б. елдерде қолданылады. ДСҰ-ға кірер кезде заң жобаларымен жұмыс барысында отандық бизнестің мүдделерін ұмытпауымыз қажет. Мәлім болғандай, ДСҰ салықтық жеңілдіктерге тыйым салады, бірақ та  салалық салық салу мөлшерлемелеріне жол береді», – деді. Осы елдердегі  ҚҚС жалпы мөлшерлемелері 24-28% болғанда,  салалық мөлшерлемелер 0-5%-ды құрайды.  Олар басым салалар: ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп пен тамақ өнеркәсібі, туризм саласы және т.б. салалар үшін қолданылады.

А. Перуашев біздің мемлекеттік органдардың осы тетікті көргілері келмейтініне наразылық білдірді және фракцияның салық салу жөніндегі талқыланып жатқан заңнамаға оны екінші оқылымға әзірлеу барысында тиісті ұсыныстар енгізу ниеті туралы мәлімдеді.

8-11 қараша – «Ақ жол» делегациясы фракция жетекшісі А.Перуашевтың басшылығымен Болгарияға барды. «ГЕРБ» Парламенттік фракциясы бюросының отырысына қатысты, фракция мен партияның өңірлік бөлімшелерінің жұмысымен танысты. «Ақ жол» ҚДП мен Болгариядағы билік партиясы – Еуропалық даму партиясының (ГЕРБ) және олардың парламенттік фракцияларының арасындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды.

Сапар барысында «Ақ жол» өкілдері Еуроодақ пен Болгария Республикасында жергілікті өндірушілерге берілетін инвестициялар, өнеркәсіптік, салықтық және тарифтік преференциялар туралы ауқымды ақпарат жинады. Атап айтқанда, мұнда еуропалық қорлардан тікелей субсидиялар арқылы да, тиісті сомаға салықтан босату арқылы да  жабдықтарды және өндірісті жаңғыртуға салынған инвестицияларды кәсіпорындарға қайтару құралы кең қолданылады. Қазақстандық делегацияның қызығушылығын тудырған, ДСҰ шеңберінде болгариялық өндірушілерді қолдаудың тағы бір тетігі – экономиканың басым салаларындағы  кәсіпорындардың  жалақы қорын 20 пайыздық субсидиялау.

«Ақ жол» ҚДП  фракциясы парламенттің қазіргі сессиясын ашу кезінде Мемлекет басшысы берген,  ДСҰ  елдерінің  тәжірибесі негізінде  отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету шараларын әзірлеу туралы тапсырманы орындай отырып,  жиналған ақпарат негізінде  отандық кәсіпкерлерді қорғау бойынша Үкіметке ұсыныс әзірлейді.

23 қараша – «21-ғасырдағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты конференция ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар Алаштың жетекші қайраткерлерінің мемлекет құрылысына деген көзқарастарын, қазіргі жағдайдағы әлеуметтік-экономикалық және ұлттық мәселелерді зерттеу қажеттігін және жұртшылыққа тәуелсіздігіміздің шынайы маңызын түсіну тұрғысынан қозғау салуды міндет етіп қойды. «Алашорданың құқықтық тұрғыда ақталуына қарамастан, біз, өкінішке орай, олардың бүкіл жасаған істерін лайықты бағалай алған жоқпыз, – деді Азат Перуашев іс-шараның ашылуында. – Әлі күнге дейін Алаш қозғалысын әсіре ұлтшыл сипатта болған деп қабылдау орын алып отыр және біз Алаш қозғалысының шынайы көзқарастарына қарағанда, көбіне кеңестік насихаттаудан және бүгінгі спекуляциядан туындаған осы қауіптенушілік көзқарасты сейілтуіміз керек».

24 қарашада Фракция депутаттары Польша Парламентіндегі «Азаматтық тұғырнама» басқарушы фракциясы басшысының орынбасары Томаш Лензбен кездесті. Фракция құрамына екі палатаның 270 депутаты, 25- Еуропарламенттің депутаты кіреді. Парламентаризм мен демократияның эволюциялық дамуы саласындағы парламенттік фракциялардың өзара ынтымақтастығы мәселелері талқыланды.

22 қараша мен 1 желтоқсан аралығында сайлаушылармен көшпелі кездесулер барысында фракция депутаттары 13 елді мекенде (оның ішінде 6 облыс орталығы) болып, 39 кездесу өткізді, оған 2145 адам қатысты.

11 желтоқсанда «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев АҚШ Төтенше және Өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфаксты қабылдады. Кездесуге фракция депутаттары, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің саяси-экономикалық бөлімінің басшысы Майкл Диксон және Елшіліктің екінші хатшысы Мэтью Голден қатысты. Кездесу партия қызметімен және оның басшылығымен танысуға арналды. Америка дипломаттары фракцияның әлеуметтік-экономикалық мәселелер, көппартиялылықты дамыту перспективалары, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі ұстанымдары мен ұсыныстарына қызығушылық білдірді.

12 желтоқсанда Фракцияның отырысында қазақстандық кәсіпкерлердің мүдделеріне салық заңнамасына түзетулер бойынша жұмысты қорытындылады. Фракция басшысының орынбасары Екатерина Никитинская хабарлағандай, заң жобасын талқылау барысында ҚДП фракциясы жалпы көлемі 160 беттен асатын үш кестеге 95 ұсыныс енгізді. Талқылау кезінде ұсыныстардың бір бөлігі әзірлеуші, бір бөлігі Қаржы министрлігінің теріс қорытындысынан кейін қабылданбады. Қабылданбағандар арасында: жалған кәсіпкерлік үшін ҚР ҚК 192-бабының күшін жою жөніндегі бастамалар, ауыл шаруашылығы үшін ҚҚС нөлдік мөлшерлемесін және өңдеу саласы (тамақ, жеңіл, машина жасау) үшін ҚҚС 6% мөлшерлемесін енгізу туралы ұсыныс; салық бойынша талап ету мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту туралы, салық тексерулерінің мерзімдерін екі айға дейін қысқарту туралы; салық органдары лауазымды тұлғаларының кәсіпорындарға заңсыз келтірген залал үшін дербес жауаптылығы және т.б.

Сонымен бірге, «Ақ жол» депутаттары 52 түзетудің қабылдануына күш салды. Мәселен, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 68-бабының қолданыстағы редакциясынан құқық бұзушылық елеусіз болған кезде әкімшілік жауаптылықтан босатуға жататын адамдар аясы кеңейтілді. Әртүрлі санаттағы субъектілер жасаған әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту (ӘҚБК, 205; 206-1-баптар) мәселесіне барабар тәсілді белгілейтін, сыбайлас жемқорлықты болғызбау (ӘҚБК,208-1-бап), жалған кәсіпкерліктің жолын кесу (СК, 569-бап) мақсатында заңның тікелей қолданылуын қамтамасыз етуге (ӘҚБК, 208-бап) бағытталған түзетулер мақұлданып, қабылданды. Сонымен қатар, «Ақ жол» депутаттары вагон операторларының қызметін ҚҚС төлеуден босатуға; сондай-ақ  ҚҚС  қайтарылуын жүзеге асырмау үшін себептерді қысқартуға, атап айтқанда құқық қорғау органдарының өнім берушінің есептік құжаттамасын алу жағдайларын болғызбауға қол жеткізді. Кәсіпорындардың шоттарына тыйым салуды тоқтату (шығыс операцияларын тоқтату) туралы түзетудің қабылдануы ерекше маңызды болып табылады.

13 желтоқсанда – Азат Перуашев еуропалық БАҚ өкілдерін – еуропалық басылымдардың журналистерін: испандық «La Vanguardia» газеті – Феликс Флорес Гонзалоны, австриялық «Wiener Zeitung» газеті – Инес Шользді, немістің «Neues Deutschland» газеті – Кристин Мелани Одожды, күн сайын шығатын француздың «Midi Libre» басылымы – Рене Феррандоны, итальяндық «AGI» жаңалықтар агенттігі Марта Аллеватоны, сондай-ақ Франциядан фрилансер Грег Делэйниді қабылдады Журналистер елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өзгерістерге, «Ақ жол» партиясының демократиялық оппозициялық партия ретіндегі қызметіне, партияның еліміздің экономикалық және саяси өміріне араласуына қызығушылық білдірді.

20 желтоқсанда Жалпыұлттық  демократиялық коалицияның отырысында Азат Перуашев сатудан ҚҚС-ты салықпен алмастыру туралы ұсыныс жасады, бұл қайта өңдеу өнеркәсібі үшін аса тиімді болар еді. Сонымен бірге ол отандық өндірушілер және ШОБ-тан салықтар есебінен өндірілетін өнімімізді шетелдік компанияларға және олардың иелеріне экспорт үшін ҚҚС қайтарудың қажеттілігін тоқтатар еді. Оның пікірінше, аталған ұсыныс Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы» Жолдауының «Өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық режімін енгізу қажет. Қазір бұл жұмыс басталды. Оны жетілдіру мақсатын қоямын. Барлық қолданыстағы салық жеңілдіктеріне ревизия жүргізіп, оларды мейілінше тиімді ету керек» деп айтылатын 3.2-тармағына тікелей сәйкес келеді.

24 желтоқсанда – Фракция Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын өзінің міндеттерін талқылады. Депутаттар интеллигенцияның әлеуметтік мәртебесі мен қоғамдық рөлін көтеру жөнінде белсенді бастамашылық жасап, қолдауға дайын екенін білдірді. Азат Перуашев Мемлекет басшысы интеграциялық процестерге қатысты қойған басымдықтарға әріптестерінің назарын аударды. «Бұл бағытта жақын міндет Мемлекет басшысы Еуропалық экономикалық одақ құруды белгіледі, Меніңше, Президент оның атауын тұңғыш рет «экономикалық» деген сөзбен бірге қолданды, бұл Еуропалық одақтың бұрынғы жобасынан айырмашылығы ретінде оның рөлі мен мазмұнын қайта тереңірек ойлануды білдіреді. «Ақ жол» партиясы үшін бұл маңызды сәт, өйткені біз соңғы айларда Кеден одағы мен БЭК бойынша серіктестер тарапынан ұлттық заңнамамызға әсер етуге елеулі ұмтылыс туралы мәселені өткір әрі бірнеше рет қойып келеміз» – деп атап өтті Азат Перуашев. Экономикадағы мемлекеттік қатысудың ұсынылған шектеулер шеңберінде депутаттар көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қарсы шықты.

24 желтоқсанда – Фракция Халықаралық Бизнес академиясында «Алаш» қозғалысы» – ұлттық кәсіпкерліктің қалыптасуының жол салушысы атты «дөңгелек үстел» өткізді.

10 қаңтарда– Фракция Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы басшылығының, екінші деңгейдегі банктер өкілдерінің және кәсіпкерлердің қатысуымен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде «дөңгелек үстел» өткізді.«Ақ жол» банк кредитті мерзімінен бұрын жабуды талап етуі мүмкін негіздердің толық тізбесін көрсете отырып кәсіпкерлер мен азаматтардың құқықтарын банктердің бұзуына қарсы тұру үшін банк қарызының үлгі шартын заңмен бекітуді ұсынды, өйткені мұндай талаптарды теріс пайдалану өндірістік кәсіпорындарды шығындарға ұшыратады. Сонымен қатар, Азат Перуашев негізгі қарыз сомасына айыппұлдар мен өсімпұлдарды банктердің есепке жазуын шектеуге шақырды.

11 қаңтарда Фракция депутаттары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен бірге бастамашылық жасаған жұмыспен қамту туралы заң жобасын талқылады. Заң жобасы жұмыс берушілер салалық бірлестіктерінің кәсіби стандарттарын әзірлеуді, студенттер мен оқушылардың өндірістік практикасына кәсіпорындар шығындарын субсидиялауды, жас жұмысшылар мен мамандардың сынақ мерзімі кезеңінде жалақысын субсидиялауды, жұмысты жаңа бастаған қызметкердің сол кезеңде дағдысының жеткіліксіздігінен кәсіпорын мүлкіне нұқсан келтіргені үшін жауаптылығын сақтандыруды көздейді. Бұған қоса, мемлекеттік сатып алу шеңберінде кәсіпорын – тендерге қатысушы қызметкерлерінің жалпы санында ҚР барлық азаматтарының үлес салмағының не осы кәсіпорындағы шетелдік мамандардың жалақысымен салыстырғанда ҚР азаматтары алатын жалақысының үлес салмағының критерийлерін енгізу және т.б. ұсынылады. Болған талқылау бірқатар мәселелер бойынша позициялардың жақындығын көрсетті. Сонымен бірге, А. Перуашев айтқандай, кейбір ережелер қосымша консультацияларды, оның ішінде экономика министрлігімен және қаржы министрлігімен консультацияларды қажет етеді.

Ағымдағы жылғы 10 -19 қаңтарда сайлаушылармен көшпелі кездесулер барысында фракция депутаттары 27 елді мекенде болып, 79 кездесу өткізді, оған 6 656 азамат қатысты.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында фракция депутаттары ТЖМ «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасын сынға алды. Дайындалған қорытындыға сәйкес ұсынылған заң жобасы ел Конституциясының ережелеріне, «Президент туралы» және «Үкімет туралы» Конституциялық заңдарға қайшы келеді, мемлекеттік емес сектордың қызметкерлері мен ұйымдарының заңды құқықтарын бұзады. Фракция депутаттары заң жобасының бірқатар нормаларында сыбайлас жемқорлық сипаты бар, ТЖМ ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының коммерциялық мүдделерін көздейді деп есептейді.

Сонымен бірге, әзірлеуші заң жобасын қабылдаудың экономикалық салдарының есептерін ұсынған жоқ, бұл нормативтік құқықтық актілер туралы заңды және парламенттік рәсімдерді тікелей бұзу болып табылады. Қазіргі кезде фракция мен ТЖМ бірлескен сарапшылар тобының қатысуымен заң жобасын тұжырымдамалық қайта дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр.

19 ақпанда Сенатта өткен жұмыспен қамту жөніндегі «дөңгелек үстел» барысында фракция басшысы осы саладағы көптеген органдардың жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтарын қосқанда, жұмыс тиімділігінің төмендігін атап өтті және «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының іске асырылуын талдау кезінде осы орталықтар арқылы жұмысқа орналасқан қазақстандықтар жұмысының ұзақтығы бойынша мониторинг жүргізуді ұсынды. Азат Перуашев «дөңгелек үстелге» қатысушыларға «Ақ жол» партиясының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі пайымдауларын ұсынды. «Біз жұмыспен қамту саясатының негізгі бағыттарын жұмыс беруші айқындауы тиіс екеніне сенімдіміз. Негізгі міндет жұмыспен қамтудың тиімді жүйесін құру болуы тиіс, соған сәйкес жұмыссыздар сырғытпа жауаптар мен уәделер емес, тұрақты жұмыс алады; ал кәсіпорындар кадрларды толықтырудың сенімді арнасын алады және олардың қажетті біліктілік деңгейін иеленгенге дейін мемлекеттің қолдауына ие болады» – деді фракция жетекшісі.

28 ақпанда «Ұлттың жаңа саяси бағыты жағдайында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы мемлекет пен қоғамның біртұтас майданы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында Азат Перуашев фракцияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларын атап өтті, олардың ішінде: кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялауды қосымша енгізе отырып, шенеуніктер мен ұлттық компаниялардың менеджерлеріне шетелдегі банк шоттары мен өзге де меншіктерді иеленуіне заңды тұрғыдан тыйым салуды енгізу; ЕДБ сыртқы операцияларын бақылау; мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау; мемлекеттік қаражаттың барлық операторларын қоғамдық бақылауға ауыстыру; мемлекеттік органдар мен мемлекеттік компанияларды бәсекелестік ортадан шығару және т.б.  Фракция депутаттары заң жобаларын Парламентке түскенге дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамаға парламенттік азшылық партияларының құқығы үшін шықты. Қазіргі уақытта басқарушы партия үкіметті қалыптастыра отырып, заң жобаларының бағыттылығын да айқындайды. «Тұжырымдаманы дайындау және министрліктер мен ведомстволар жанындағы сараптама кеңестерінде талқылау сатысында партияларың заң жобаларын әзірлеуге қатысуы бастапқы кезеңнің өзінде барлық парламенттік фракциялардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді, бұл көптеген қайшылықтарды болғызбайды және сайып келгенде, қабылданатын құжаттың сапасы мен ашықтығын арттырады» – деп атап өтті А. Перуашев.

Өңірлердегі азаматтарға құқықтық көмектің сапасын арттыру мақсатында «Ақ жол» партиясы филиалдарының заңгерлерін Орталық аппаратта және парламенттік фракцияда кейіннен аттестаттай отырып тұрақты тағылымдамадан өткізу практикасын енгізді.

9 наурызда парламенттік оппозиция мен биліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, экономиканың басым салаларына және әлеуметтік салаға салық салу, «Ақ жол» және Словакия Христиан-демократиялық партиясы арасындағы ынтымақтастық бойынша іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Ағымдағы жылы 18 қаңтар мен 18 наурыз аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 5 студенті фракция аппаратында практикадан өтті.

Ағымдағы жылғы 15 наурызда Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық-экономикалық қылмыстарды одан әрі қылмыстық сипатынан арылту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын оның декларативтігі мен формалды сипатта болғандықтан қолдамады, әзірлеушілер фракцияның кәсіпкерлер мүдделері үшін дайындаған ұсыныстар топтамасын қабылдамаған.

16 наурызда партияның құрылған күні қарсаңында футболдан өткен Парламент біріншілігінде фракция командасы чемпион атағын иеленді. Біріншіліккебарлық партиялардың фракцияларынан, Сенаттан, Мәжіліс Аппаратынан, сондай-ақ Парламент Шаруашылық басқармасынан 6 команда қатысты. Марапаттау рәсімінде «Ақ жол» партиясының футболшылары Парламент кубогын алды.

28 наурызда фракция Әділет министрлігі әзірлеп жатқан Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту туралы заң жобасына ұсыныстар енгізу туралы шешім қабылдады. Парламенттегі саяси партиялар фракцияларының ерекшеліктерін, мәртебесі мен өкілеттіктерін қарастыру, үкіметтік заң жобаларын Парламентке енгізгенге дейін олардың сараптамасына парламенттік фракциялардың қатысу құқығын бекіту ұсынылуда. Депутаттардың заңнамалық бастама жасау мүмкіндіктері де бекітілуде және нығайтылуда; Үкіметпен келісілместен депутаттардың өз заң жобаларын енгізу рәсімін Палата Регламентінде бекіту ұсынылуда. Неғұрлым өзекті мәселелердің қоғам үшін ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін парламенттік зерттеу институтына бастамашылық жасалатын болады.

28 наурызда Фракция көшбасшысы Азат Перуашев полицейлердің ескертусіз қару қолдануына рұқсат беру туралы ІІМ ұсынысына қарсылық білдірді. Мәлімдеме ІІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында «ҚР ішкі істер органдары туралы» Заңның жобасын таныстыру барысында жасалды. ҚДП басшысының пікірі бойынша, ІІМ ұсынып отырған вазаматтар үшін тыйым салу және полицейлер үшін рұқсат беру туралы нормалар құқықтық теңгерімді бұзады.

28 наурызда Ведомствоаралық комиссия халықты жұмыспен қамту туралы фракцияның заң жобасын қолдады. Халықты жұмыспен қату саласындағы проблемалы мәселелерді шешу үшін «Ақ жол» салалық жұмыс берушілер бірлестіктерінің кәсіптік стандарттарды әзірлеуін, кәсіптік техникалық білім алатын студенттер мен оқушылардың өндірістік практикасына кәсіпорындардың шығындарын субсидиялауды, жас жұмысшылар мен мамандардың сынақ мерзімі кезеңінде жалақысын субсидиялауды, жұмысын жаңадан бастаған қызметкердің сынақ мерзімі кезеңінде дағдысының жеткіліксіздігінен кәсіпорынның жабдығына келтірген залалы үшін жауапкершілігін сақтандыруды ұсынды.

30 наурызда фракцияның атына Орталық Қазақстанның педагогтары мен студенттерінен жоғары оқу орындарының меншік нысанына қарамастан сапалы жоғары білімге қолдау көрсеткені үшін алғыс хат келіп түсті. Еліміздегі жеке кәсіпкерліктің дамуын жан-жақты қолдауға бағытталған «Ақ жол» ҚДП желісі» жалпыхалықтың мақұлдауына тұрарлық және оның жақтастарының көбеюіне алып келетін сөзсіз»,- деп жазылған хатта.

2 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы пациенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында «Ақ жолдың» депутаттары екпе алу кезінде ата-аналардың өз еріктерімен және екпені егудегі тәуекелдері туралы жеткілікті түрде хабардар болуын қамтамасыз етудің қажеттілігін тағы да атап өтті. «Бірақ, ата-аналарға екпе егу кезінде болуы мүмкін құбылыстар және аурулар туралы тәуекелділіктерді қоса отырып, толық ақпарат берілуі тиісті екеніне сенімдіміз. Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналардың өздерінің балаларына екпе жасату туралы шешімді түсініп еркін таңдауын қамтамасыз етуге міндетті. Алайда, бізге берілген материалдарда мұндай ақпарат және мұндай таңдау жоқ – деп көрсетеді демократиялық фракцияның депутаттары – ал бұл екпе егудің бастамашыларының ниеттерінің шынайылығына күмәнмен қарауға мәжбүрлейді.».

3 сәуірде Кипр билігінің жергілікті банктердегі ірі депозиттер сомасының 80 %-ын нақты тәркілеу туралы шешімі туралы ақпараттан кейін ол жақта қазақстандық ақшаның бар-жоғын анықтау және оларды елге қайтару қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолданды. «Үкімет және СІМ болып жатқан жағдайлардың бетін ашып қана қоймай, оған Қазақстанның қатынасын да анықтау қажет, әрі қазақстандық бизнестi қорғауы тиіс, сондай-ақ осы жағдайды, Кипрдің пайдасына жататын тәркiлеудегі қазақстандық қаржының сомасы шамамен 160 млрд. теңгені құрауы мүмкін екенін есепке ала отырып, заңсыз шығарылған ақшаларды елге қайтару және ұлттық экономикаға құю үшiн пайдалану керек.»,деп атап өтті депутаттар.

18 сәуірде фракция депутаттары Перуашев Финляндияның Президентi Сауль Ниинистёмен кездестi. Әңгiме барысында кәсiпорындарды, экономиканың басым салаларын және әлеуметтік салаларды ҚҚС салалық мөлшерлемелері арқылы салықтық ынталандырудың фин тәжiрибесi және экономикалық саясаттың басқа мәселелері талқыланды. Әлемдiк экономикалық процестерге Қазақстанның ықпалдасуының тақырыбы да қозғалды.

19 сәуірде Азат Перуашев Сенатта «Қазіргі заманғы парламентаризм: қалыптасу, даму және заңнамалық процесте билік тармақтарының арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру» атты халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінің барысында бірқатар бастамалар жасады:

– Кәсіпкерлердің заңды құқықтарын қорғау парламент қызметінің ерекше түрі болып белгіленуі тиіс – Парламенттік Бизнес-омбудсмен лауазымын құру;

– электрондық Парламент идеясын іске асыру туралы: заң жобаларын қарау бойынша Парламент палаталарының және жұмыс топтарының жалпы отырыстарын интернет арқылы тікелей трансляциялауды жүзеге асыру;

– парламенттік тексеру институтын енгізу және Парламенттің бақылау функцияларын күшейту туралы.

25 сәуірде фракция қаржы-экономикалық қылмыстарды қылмыстық сипаттан арылту жөніндегі заң жобасын қолдаудан бас тартты. Депутаттар құжаттың декларативті және формальды сипаты туралы бұрында айтқан. «Ақ жолдың» көптеген, оның ішінде жалған кәсіпкерлік жөніндегі бапты алып тастау туралы ұсыныстарын жұмыс тобы қабылдамады. Азат Перуашев: «Біздің ұсыныстарымыз есепке алынбаса бұл құжат заң дайындаушылар тарапынан заң жобаларының жұмыс жоспарын орындау үшін ғана жасалған формалды жазба болып табылады. Және құжат нақты экономиканы қылмыстық сипаттан арылтуда, еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартуда жұмыс істемейді.», – деп қорытты.

25 сәуірде фракцияның отырысында «Жол картасы – 2020» бағдарламасының жобасы партияның барлық филиалдарына он-лайн трансляция арқылы таныстырылды. Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерғали Егемберді бағдарламаның негізгі бағыттары мен оны іске асыру құралдары туралы баяндады.

«- Жұмыспен қамту бағдарламасы, онда оңды сәттері де болса да, қазіргі жағдайда маңызды түзетулерді талап етедi. Барлық мұндай құжаттардың түпкі мақсаты – әдемі таныстырылым емес, ал жұмыссыздық мәселесін нақты шешу, кәсіпорындарды қолдау, жұмыс орындарын сақтау және кеңейту екенін есте сақтау керек, – деп атап көрсетті отырыстың қорытындысы бойынша қазақстандық демократтардың көшбасшысы.».

25 сәуірде фракция «Оңалту және банкроттық туралы» заң жобасы бойынша «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Депутаттар Қаржы министрлігiнiң кәсiпорындардың қарыздары үшін кәсіпкерлердің субсидиялық жауапкершілігін енгізу туралы ұсынысын қатты сынға алды. Олар осындай талаптарды қабылдау кәсiпкерлiк белсендiлiктің күрт құлдырауына әкелетiніне сенімді. «Ақ жол» депутаттарының пікірінше, тағы бір жол беруге болмайтын жағдай, оңалатын кәсіпорынның кредиторлар жиналысында «1 теңгесі – 1 дауыс» қағидатын енгізу, сондай-ақ «кепiлдiк несие берушiлердің» пайдасына қарызды өтеудiң кезектiлiгiн өзгерту туралы ұсынысы болып табылады. Бұл кәсiпорындар іс жүзінде жалақы бойынша, декреттік және өзге де әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздарды өтеуге, мемлекетке салық берешектерiн өтеуге құқығын жоғалтатынын білдіреді.

«Ақ жол» депутаттарының өткір сынына іліккен Қаржы министрлігінің дәрменсіз кәсiпорындардың критерийлерiн анықтау бойынша ұсынысы болды: жалақы бойынша 150 мың теңге қарызы болса банкроттық рәсімін енгізу ұсынылады. – Оңалтудың басты мақсаты – кәсіпорынды сауықтыру, тауар өндірісін және қызмет көрсетуді, бюджетке салық төлеуді сақтау, жұмыс орындарын сақтау және кеңейту – деп атап көрсетті бұдан әрі қазақстандық демократтардың көшбасшысы. Қазақстанда банкроттық жоюмен пара-пар болды, компания қалай тоқтайды, солай бөлшектеп сатып жіберіледі, адамдар жұмысынан айырылады, шығарылған жабдықтар қоймаларда жатып тот басады, ғимараттар қаңырап бос қалады, ал экономика тағы бір кәсiпорынды жоғалтады.

27 сәуірде жер қатынастары туралы заң жобасын талқылау бойынша «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. «Ақ жол» фракциясы қазақстандықтардың 10 сотық жерге құқығын қорғауға және жекеменшік принципін қолдауға араша түсті. Заң жобасында пайдаланылмай жатқан жердi соттан тыс алу қарастырылған «Жеке меншiктегі жердi алып қою, жеке меншiктiң конституциялық құқығын бұзу болып табылады және рейдерлiк және сыбайлас жемқорлық үшiн табыс көзі болады.», деп – мәлімдеді «Ақ жол» депутаттары. – «Ұсынылған тетiк жалданған жер телімдері үшiн жарайды. Бірақ жеке меншiктегі жер телімдері үшін жай ғана тартып алу емес, нарықтық тетiктерді қолдану қажет. Егер жер телімін пайдаланбай ұстау тиiмсiз болса, меншік иесiнің өзі-ақ одан бас тартады немесе пайдалануды бастайды.». Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев пікірталас барысында «Ақ жол» депутаттарының осы заң жобасы бойынша бірқатар ұсыныстарын Мәжілістің жұмыс тобының қолдағанын атап өтті. Заң дайындаушылар да әр тармақ бойынша дәйектерді зерттеп, қалған мәселелерді талқылауға дайын.

30 сәуірде фракция Хорватия Республикасының СIМ вице-министрі Йошко Клисович және ХР сауда-экономикалық палатасының Вице-президенті Весна Трнокоп-Танта бастаған Хорватияның делегациясымен кездесті.

2 мамырда – фракция еркін қойма кедендік редимін реттеуге өзгерістер енгізуді, кедендік қоймаға сәйкессіздікті «елеулі» және «елеусіз» деп аражігін ажыратуды ұсынды. Бұл өндірістік циклді тоқтатпай елесіз бұзылушылықты жоюға мүмкіндік береді.

6 мамырда Үкімет жұмыспен қамту туралы заң жобасы фракция ұсыныстарының өзектілігін мойындады – Премьер-Министр Серік Ахметовтің қолы қойылған тиісті хат алынды. ««Жалпы, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша ұсынылған түзетулер өзекті және уақытылы», – деп хатта көрсетілген. Сондай-ақ «Ақ жолдың» жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ұсыныстары қазіргі уақытта әзірленіп жатқан «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» және «Халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларында ескерілетінін атап өтті.

8 мамырда фракция «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының іске асырылуын талқылау үшін «Даму» қорымен бірге «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. әңгімеге Қазақстан құрылысшылар одағының мүшелері, кәсіпкерлер қатысты.

15 мамырда Үкімет жергілiктi өзiн-өзi басқару туралы заң жобасы бойынша «Ақ жол» фракциясының ұсыныстарының өзектілігін және уақытылы берілгендігін мойындады – бұл туралы Премьер-Министрдің
1-ші орынбасары Б. Сағынтаев фракция атына жазған хатында хабарлады.

Демократтар әкімдерге берілген кәсіпкерлердің демеушілік жарғысының есебінен қор қалыптастыру құқығына, жергілікті әкімдердің қызметін мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасынан шығаруға да қарсы шықты.

15 мамырда фракция қаржылық есеп-айырысу және төлемдерді жүзеге асыру кезінде тиындар қолдануды толығымен тоқтатуды ұсынды.

15 мамырда фракция кәсіпорындарды оңалту мен банкроттығы бойынша функцияларды Салық комитетіне беруге қарсы болды. «Олар Өңірлік даму министрлігінің қарамағында болуы тиіс, яғни статистика бойынша салық органы 100 пайыз жағдайда банкроттық рәсімдерде кредитор (яғни мүдделі тарап)  болып табылады және бұдан басқа, шаруашылық субъектілері банкроттығының 90 %-дан астамы дәл осы салық органдарының бастамасы бойынша жүргізіледі.», – деген сенімде «ақжолдықтар».

15 мамырда елдің батыс өңіріндегі бағалы балықтың жойылу қаупін азайту және әлеуметтік айырмашылығын төмендету үшін тауарлық бекіре шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге ұсыныс білдірді. «Бағдарламаны іске асыру батыс облыстарды мұнай саласына балама жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканы әртараптандыруға және ішкі және сыртқы нарықтарда уылдырық пен бекіре тұқымдас балықтар түріндегі қажет етілетін өнімді өндіруге ықпал ететін болады», – деп есептейді демократтар.

19 мамырда фракция астық нарығын реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды. ҚДП депутаттары заң жобасының бірқатар нормаларына қарсылықтарын білдірді. Мәселен, олар элеваторлар дың уақытша әкімшілігіне кәсіпорынның активтерін соттан тыс өткізуге құқық беруіне, сондай-ақ НТК жұмысшыларына уақтылы есептілік бермегені немесе статистика органдарына анық емес мәлімет бергені үшін айыппұлдарды ұлғайтуға қарсы шықты.

Бұрын «Ақ жол» партиясының депутаттары осы заң жобасында электрондық астық қолхаттарын енгізу туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасын сынға алған болатын. Ауыл шаруашылығы вице-министрі М. Өміряевтің хабарлауынша, бұл позиция ескерілді, оның орнына Астық қолхаттарын ұстаушылардың электрондық тізілімі құрылады.

22 мамырда Азат Перуашев Economic Freedom Award Экономикалық еркіндік 2013 халықаралық сыйлығымен марапатталды. Даму және экономикалық саясат институты (IDEA) шетелдік әріптестері – Freidrich Naumann Foundation (Германия), Heritage foundation және Atlas  Economic  Research foundation (АҚШ) бірге құрылтайшы  болып табылады. Институт таратқан хабарда Азат Перуашевтің парламенттік тексеруді енгізу туралы, парламенттің бақылау функцияларын күшейту жөніндегі бастамалары және ҚР ҚК 192-бабын (жалған кәсіпкерлік) жою жөніндегі белсенді жұмысы атап өтілді.

30 мамырда фракция депутаттары Үкіметтің қызметін теріс баға беріп, Үкіметтің 2012 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есебін қабылдауға қарсы дауыс берді.

31 мамырда  фракция Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алуда патриоттық акция өткізді. Фракция депутаттары жұмысқа Мемлекеттік тудың түсіндей ленталар тағып шықты. Алмас Тұртаев фракцияның атынан депутаттық сауал жолдады, онда ол Қазақстанның Тәуелсіздігін алуымен байланысты ресми даталарда мемлекеттік тудың бір бөлшегін тағып шығу жаңа дәстүрін енгізуді ұсынды

4 маусымда фракцияның өтінішінен кейін Алматы қаласының прокуратурасы «Бес тұлғаның» аяқталмаған кешенінің үлескерлерін қолдады.

5 маусымда Фракция депутаттары отандық банктерді қорғап шықты: олардың пікірінше, Ұлттық банк жоспарлап отырған Бірыңғай процессингтік орталық құру, отандық банктердің дамуы үшін айтарлықтай кедергілер тудырады. Олар Бірыңғай орталық құру тұтынушылар үшін сервис деңгейінің күрт төмендеуіне әкеп соғатынына сенімді, өйткені Интернет-банкингтің, мобильдік банкингтің және басқа да инновациялық өнімдердің одан әрі даму мүмкіндігі болмайды.

5 маусымда фракция сыртқы қарыз алуды заң жүзінде шектеуді талап етеді: әрбір қазақстандық 1540 доллар қарыз да болып қалды. «Өте көп мөлшерлердегі сыртқы заемдарды тарту – бұл азиялық аймақтағы бірқатар елдердің басынан өткендей, кредитор-елдерге экономикалық және саяси тәуелділікке әкеліп соғады.»,- деген ойда депутаттар. Қарыз жағдайын, квазимемлекеттік сектордың қарызын қоса алғанда, мемлекет тарапынан тиімді бақылау жүйесін қалыптастыру мақсатында Үкіметтің бюджет бойынша жыл сайынғы жоспарлары мен есептеріндегі индикаторлық бағалау практикасына өтуді ұсынады. Сонымен қатар, мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыз үшін жоғары шекті – ІЖӨ-нің 60 пайыздық жиынтық мөлшерін белгілеу ұсынылады.

7 маусым фракция автожол саласын реформалау жөніндегі заң жобасын қолдамады.

12 шілдеде фракция жетекшісі Оңтүстік Қазақстаннан келген бір топ көп балалы батыр – аналарды қабылдады. Азат Перуашев кездесу қорытындысы бойынша «Ақ жолдың» көп балалы отбасылардың проблемалары бойынша ұстанымдары әзірленеді деп сендірді.

12 шілдеде Фракция зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң жобасын Үкімет Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруды қамтамасыз ететін заң жобаларын әзірлейтінін және заң күшіне енгенге дейін ел парламентіне енгізетінін ескере отырып, Президент редакциясында мақұлдады.

12 маусымда – Фракция депутаттары «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң жобасын қолдады. Олар заң жобасы қазақстандық бизнесті шоғырландыруда тарихи рөл ойнай алатынына және Кеден одағында, ДСҰ шеңберінде бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруда және тұтастай алғанда, ұлттық экономикалық мүдделерді іске асыруда қосымша фактор болатынына сенімді. «Бұл заңның қабылдану барысын Беларусь пен Ресейден мұқият бақылап отырғаны кездейсоқтық емес. Заң қабылданған жағдайда аталған елдердің бизнес-қауымдастықтары да өздерінде осындай қадамдарға бастамашылық жасауға ниеттеніп отыр деген ақпарат бар», – деп қосты депутат.

19 маусымда – Фракция Парламент депутаттары мен қоғам өкілдерін тарта отырып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы тексеру жүргізу талабын қойды.

19 маусымда – Мәжілістің жалпы отырысында фракция «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасын сынға алды. Фракцияның жетекшісі өз сөзінде заң жобасының айқын олқылықтарын атап көрсетті. «Сөз формальдылық жайлы емес, балалар мен қарттарды қоса алғанда, азаматтарымыздың өмірі мен қауіпсіздігі жайында. Сол себепті, «Ақ жол» партиясының фракциясы біздің ұстанымымызды екінші оқылым барысында ескеруді талап етеді. Олай болмаған жағдайда біз заң жобасын Үкіметке қайтаруды талап ететін боламыз», – деп, Азат Перуашев осыған ерекше көңіл аударды.

19 маусымда – фракция «Жол жүрісі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаудан бас тартты.

20 маусымда – «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің пленумы Мәжіліс депутатының бос мандатын Алматы облысы агроөнеркәсіптік корпорациясының басшысы – Қадыралиева Светлана Хайдарқызына беру туралы шешім қабылдады.

Фракция жұмысының кейбір нәтижелері жайлы.

Маңғыстау облысының тұрғыны – 2-еуінің мүмкіндіктері шектеулі 6 баланың анасы                А. Рамазановаға кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін кредит алуға жәрдемдесті.

Фракция қазақ мектептері түлектерінің тегін жоғары білім алу құқығын қорғап қалды. Мектепті қазақ тілінде бітірген Астана қаласы № 48 мектеп-гимназиясының түлегі, «Алтын белгі» иегері Ж. Үрбісіноваға жоғары білімін орыс тілінде алудан бас тартылды. «Сіздердің өтініштеріңіздің арқасында мектепті қазақ тілінде бітірген, осы ЖОО-ның барлық талапкерлері мектептегі оқыту тіліне қарамастан, ҰБТ нәтижелері бойынша қалаған мамандықтарына түсу мүмкіндігіне ие болды», – деп, қазақ мектептерінің түлектері арасындағы ҚБТУ бір топ талапкерлерінің атынан жолданған хатта айтылған.

ҚР-ны газдандырудың бас схемасына ШҚО және Павлодар облыстары енгізілетін болады – Премьер-Министрдің «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттық сауалына берген жауабы.

Үкімет «Астана-Алматы» тасжолының учаскесін төрт жолақты қозғалысқа дейін жаңғырту туралы шешім қабылдады – фракцияның депутаттық сауалына берілген жауап. Үкімет «Астана-Алматы» тасжолының 188 километрлік учаскесін төрт жолақты қозғалысқа дейін жаңғыртуды және кеңейтуді көздеп отыр – бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов 2012 жылғы 19 қыркүйектегі «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттық сауалына берген жауабында хабарлады. Фракция көшбасшысы Үкімет басшылығына алғысын айтып, аталған шешім көптеген отандастарымыздың өмірін сақтап қалуға септігін тигізетініне сенім білдірді. Фракция араласқаннан кейін Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғынына бүйректі ауыстыру бойынша қиын операция өткізуге квота бөлінген болатын.

Алматы қалалық сотының кассациялық алқасы қаулысының күші жойылды.  Бас прокуратура «Ақ жол» ҚДП-ның «Мебель Сервис Плюс» ЖШС шарты мен шешімдерін және оны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы сот актілеріне наразылық білдіру туралы өтінішхатын қанағаттандырды.

Фракция өтініш білдіргеннен кейін Қаржылық бақылау комитеті мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің бюджет қаражатын негізсіз пайдалануы бойынша құқық бұзушылықтарды анықтады.

Ағымдағы жылғы 30 қаңтарда фракция депутаттары «Алтын Ғасыр», «Байқоңыр», «Европейский» және «Үміт» тұрғын үй кешендерінен күштеп шығарылып жатқан тұрғындардың бастамашыл тобын қабылдады. Фракция депутаттары ҚР Президенті Әкімшілігіне, Бас прокуратура мен Әділет министрлігіне өтініш білдіргеннен кейін үлескерлерді пәтерлерінен күштеп шығару тоқтатыла тұрды.

Ақпан айында фракция депутаттары араласқаннан кейін «Қыпшақ» ТК үлескерлері пәтерлерінің кілттерін алды (құрылыс салушы пәтердің құнын толық төлеген үлескерлердің құқықтарын шектеп, оларды қосымша келісімге қол қоюға мәжбүрлей отырып, оларға пәтерлерінің кілттерін беруден бас тартқан болатын).

Шығысқазақстандық Никифоренконың көпбалалы отбасы үшін пәтер мәселесі шешілді. Ипотекалық кредит бойынша пәтерінен шығарылу қаупі болған отбасы нәтижесіз бірнеше мәрте биліктің әртүрлі сатыларына көмек көрсету туралы өтініш білдірген болатын. 2013 жылғы ақпанда «Ақ жол» партиясы араласқаннан кейін олар өздерінің жеке баспанасына ие болды.

Фракция Алматы маңындағы авиаапаттан зардап шеккен Дүйсеновтер отбасына көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды.

Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың «Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттық сауалына берген ресми жауабына сәйкес Алматы және Алматы облысының кәсіпорындарына еркін қойма режімі қайтарылды. Бас прокурор кеден қызметкерлері іс-әрекеттерінің заңсыздығын растады, сондай-ақ оның жауабында Кедендік бақылау комитеті қызметкерлерінің кеден заңнамасы мен әкімшілік рәсімдер туралы заңнама бойынша жіберген бірқатар құқық бұзушылықтардың анықталғаны көрсетілген.

«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы сайлау алдындағы платформасын іске асыру және сайлаушылардың талаптарын орындау бойынша жұмысын жалғастыруда.

 

(Бұл мәліметтер ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының жасаған қорытынды талдауында көрініс тауып отыр)

www.qazaquni.kz

 

 

10 ПІКІРЛЕР

  1. Әттегенде, Парламент Мәжілісінде сегіз ғана ақжолдықтар бар, партия депутаттары үш-төрт есе көп болғанда елімізде көп дүниелер жақсыға түзелер еді.

  2. Біраз шаруа жасалыпты. Құптарлық іс. Алдағы уақытта – халықтың көкейінде жүрген мәселе көтеріле берсе игі. Қуаныш Аманов, Атырау облысы

  3. М. Жоғарыда келтірілген фактілеріңізге қарағанда біраз оңды шараулар тындырыпсыздар. Ары қарай жалғастыра беріңіздер.

  4. аса сене қоймаймын сіздерге. ауыздарыңыз қанша көпіріп айтса да, қарапайым халық қарсы болған, әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеру мәселесі кезінде ешкімнің үні шықпады. тыныш қана аз уақытта айдап шықтыңыздар. содан кейін көңілім қалды сіздерден.

  5. Азат Перуашев (АП) ұсынып жатыр, Администрация Президента (АП) өткізбей жатыр… Бар мәселе осында, Бірінші АП күштілік жасауда….

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз