Бағаналы орда, басты орда - Астана!

                           XX-шы ғасырдың соңы мен XXI-ші жүзжылдықтың табалдырығында Еуразия құрлығындағы қалалар өмірбаянына тарихи және геосаяси ірі оқиға болып енген шаңырақ қала—Астана! Шежіресі дәуірлерден сыр шерткен, Батыс пен Шығысты төскейінде тоғыстырған—Темірқазық. Әлем өркениетінің ошағы болған ұлы кеңістіктің кіндігі, Қазақтың алтын ордасы. Астана мен Есіл бізге белгілі тарихы тым әріге, ашель—мустер заманына сыр шертеді. Дәуірінде айбыны асып, қуаты тасып тұрған Ғұн империясының көсемдері Сарыарқаның төсіне, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жатқан Тайтөбенің үстіне қамал салған. Кеңдігінен бас айналатын, қараған көз талатын ұлан даланы сол қамал күндіз-түні қалт еткізбей қарауылдаған. Ғұндардың тілінде «ақ»- батыс, «мола»- қамал ұғымын білдірген. Сонда Ақмола атауы «Батыстағы қамал» деген сөз болып шығады. Бұл ғылыми тұжырымды алғаш жазбаша дәлелдеген Византия ғалымы – Прокопи. 1939 жылы «Вестник древных истории» журналында оның қолжазбасы басылған, сонда көне ғасыр зерттеушісі осындай қорытынды жасайды. Кейін тарихшы Қайрат Ғабитханұлы Қытайдағы көне жазбаларына сүйеніп, бұл түйіннің дұрыстығын тағы да дәлелдеді. Қилы замандарды бастан өткерген қаланың біз білетін қысқа тарихы осындай. Ғасырлар қойнауында бағы жанған шаһар бүгінде жаңа тарихын жазып жатыр. Айналдырған 15 жылдың ішінде Астана еларалық ұлттық маңызға ие талай істің мұрындығы бола білді. ЕҚЫҰ саммиті, Азиада, Ислам конференциясы ұйымының саммиті, жыл сайынғы Бүкіләлемдік экономикалық форум, т.б. халықаралық деңгейдегі басқосулар мен жиындар Астананың геосаяси маңызына салмақ қосқаны даусыз. Бұл күндері «International Street Dance Session2013 inActana» атты көше биі халықаралық фестивалі, «Экстрим толқыны» атты спорттық кеші, Астана кубогы үшін велоспорт шабандоздары арасындағы жарыс, жастардың неке қию рәсімі, тағы басқа көптеген шаралар ұйымдастырылды. Астана жыл сайын қала күні қарсаңында бұрынғыдан да жасарып, биылғы өзгешелік, қала тұрғындарына жаңа скверлер мен саябақтар пайдалануға берілді. Аулалар қоршалып, су жаңа спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңшалары жабдықталып жаңартылуда. Абаттандыру бағдарламасына асфальт-бетон жабындарын алмастыру, тротуарларды қалпына телтіру, көгалдарға декоративті қоршаулар орнату сияқты жұмыстар енгізілген. Дәстүрлі әншілердің қатысуымен 4 шілде Конгресс-холлда «Астанаға тарту» концерті өтті. Қазақ халқының мақтаныш етер асыл мұра, рухани жәдігерліктерінің ішінде ғасырлар сүзгісінен өтіп, бүгінге жеткен көл-көсір ән қазынасы ерекше орын алатыны сөзсіз. Концерттік бағдарламаға ән өнерінде алаштан ат оздырған Бекболат Тілеухан, Рамазан Стамғазы, Қарақат Әбілдина, Айгүл Қосанова, Клара Төленбаева, Эльмира Жаңабергенова, Ардақ Исатаева, Еркін Шүкіманов сияқты дүлдүл әншілер қатысты. Ашық аспан астындағы сахнада классикалық, джаз және эстрада жанрындағы танымал әртістер ән мен жырдан шашу шашты. Сонымен қатар осы кештерде үрмелі және халық аспаптар оркестрлері де өз өнерлерін жиналған қауымның назарына ұсынды. Мереке қонақтары дәстүрлі түрік музыкасы мен джаз жанрының керемет туындыларының куәсі болды. Танымал қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен өткен «Эстрадалық марафон» кешкі бағдарламаның көрігін қыздырды. Биылғы 15 жылдық торқалы тойға жоспарланған ұзын-саны 30-дан асатын мерекелік іс-шаралардың 20-ға жуығы ұлттық нағыштағы дүниелер болып табылады. 2 шілдеде Конгресс-холлда болған ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық кеші болып өтті. Ерік Жолжақсыновпен басталып, Жеңіс Ысқақова, Нұрлан Өнербаев, Нағима Есқалиева, Ақжол Мейірбеков, Роза Рымбаевамен аяқталды. Концерт 3 сағатқа созылды. Сол күні «Астана- арқау» түркі музыкасының фестивалін Оқушылар сарайында тамашаладық. «Астана айналасындағы мыңжылдық» көшпенділер өркениеті фестивалін 4-6 шілдеде, «Хан шатыр» СО-ның алаңында болды. 5 шілдеде Конгресс холлда Тұрсынбек Қабатовтың «Әзіл әлемі» атты керемет шығармашылық кеші өтті. «Астана—бағы биік асқарымсың» атты кітап пен поэзия фестивалін 6 шілдеде Абай ескерткіші тұрған алаңда болып өтті. Биылғы жаңалықтың бірі әрі бірегейі 6-7 шілде күндері «Қазақ елі» монументінің алаңында бой көтерген «шаһар ішіндегі шаһар». Екі күн бойына елордалықтар мен қонақтар сол шаһарға бас сұғып, заманауи өнер сайыстарын тамашалады, мерекелік жәрмеңке мен мейрамханадан дәм татып, таңғы сағат 10-нан кешкі сағат 23-ке дейін концерттік, ойын-сауық бағдарламаларды көре алды. 6 шілдеде Астананың туған күніне орай, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан мерекелік торт кесу салтанаты өтті. Сол күні «Хан шатыр» сауда-саттық және ойын-сауық орталығына келген әрбір қонақ мерекелік торттан ауыз тие алды. Жыл өткен сайын елорданың қазақы болмысы айқынырақ таныла бастағаны қуантады.

                                                                                Жұмамұрат  Шәмші,

                                     тарих  ғылымдарының кандидаты

www.qazaquni.kz