Әлжуаз заң мен құзыретсіз басқарма қазақ тіліне тірек бола ала ма?
2013 ж. 12 шілде
3053
3
Астана. 12 шілде. Baq.kz – Ана тіліміздің биік мінберлер мен үлкен жиындарда есіктен сығалап, «өгей баланың» күйін кешіп жүргені аздай, көшелердегі мекемелердің маңдайшалары, көше атаулары мен жарнамаларда да ана тіліміздің «сақау тілге» айналып жүргені жасырын емес. Дәл жанында орыс тілінде қатесіз, анық, дәл аудармасымен берілген сөздің қазақ тіліне келгенде ақсап шыға келетіні түсініксіз. Осы олқылықпен күресу мақсатында Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мамандары қала бойынша рейд ұйымдастыруды қолға алды.
Қаланың орталық көшелеріндегі көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың мемлекеттік тілдегі мәтіндеріндегі қателерді тексеру мақсатында кезекті рейд Алматы қаласының Бостандық ауданында ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19-21 баптарына сәйкес, көшедегі көрнекі ақпараттар мен жарнамаларда қазақ тіліндегі мәтін жоғарыда, орыс тіліндегі мәтін төменде орналасуы керек болса да, керісінше, орыс тіліне төрден орын беріліп, мемлекеттік тілдегі мәтін төменгі бөліктен орын тепкен. Сондай-ақ аталмыш заңның талаптары бойынша ақпарат қазақ және орыс тілдерінде қатар берілуі керек болса да, көшедегі кейбір жарнамаларда қазақ тіліндегі мәтінді беруді мүлдем «ұмытып», тек орыс тіліндегі нұсқасы ғана жазылған. Тіпті көшенің кейбір жерлерінде ағылшын тілінде ғана жазылған жарнамалар да кездесіп қалды. Бәрін қойшы, орыс тілінде үлкен шрифттермен жазылатын көрнекі ақпараттардың қазақ тіліне келгенде неліктен кішірейіп кететіні де түсініксіз. Айта берсек, мемлекеттік тілдегі мәтіндерде мың қате бар.
Аттап басқан сайын ана тілімізде кездескен сорақы қателерді Бостандық ауданына қарасты Қарқара сауда орталығынан да көп кездестірдік. Алайда сауда орнын аралай бастағаннан сауда үйінің қызметкерлері келіп, бұл аймақты босатуымызды талап етіп, рейдке қатысушы құзырлы орын өкілдері мен журналистерді әрі қарай жүргізбей қойды. Өздерінің кінәсін де сезінбестен ұзақ уақыт есіктің алдына иіріп қойған сауда орталығының басшылары ақырында есіктен мойындарын көрсетіп қана «қателіктерін алдағы уақытта жөндейтіндерін» жеткізді. Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының өкілдері де оларға ескерту беріп қана шектелді. Тиісті деңгейде талап пен тәртіп болмаған жерде тілдің құқын бұзушылардың да жауапкершілікті сезінбесі белгілі. Әйтсе де қадағалаушы органның басшылары «біздің мақсатымыз – оларды жазалау емес, ескерту беру» дегенінен танбады.
Мамай АХЕТОВ, Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:
– Біздің мақсатымыз – біреуді жазалау, үркітіп, қорқыту емес, басқалардың көрнекі ақпаратты, жарнаманы дұрыс жазуына көмектесу, ескерту бере отырып дұрыстату, неліктен осындай қателер кетіп жатқанының астарына үңілу. Биылғы жылы күшіне енген «Ономастика туралы» Заңы бойынша жергілікті басқару органдарына қатесі бар ақпараттардың иелеріне ескерту беруге құқық берілді. Ал осы уақытқа дейін біздің оларды жазуларын «қате» деп барып нұқып көрсетуге де құзыретіміз болмаған еді. Қазір осы өзімізге берілген құзыретті пайдаланып, жыл басынан бері рейд ұйымдастыруды қолға алдық. Ал биылғы жылы жалпы 300-ден аса қате жарнама табылды.
Бақылаушы органның өкілдері бүгінгі күні осы заңға да шүкіршілік етіп отырған жайы бар. Айта кетер жайт, егер Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы тарапынан бірнеше рет ескерту берілсе де, жарымжан жарнамалар мен көше атауларындағы, көрнекі ақпарат тақталарындағы қателер жөнделмесе, 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал үлкен компанияларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген. Алайда көше сайын мемлекеттік тілдегі мәтіндерде талай қате кездесіп жатса да, жыл басынан бері бірде-бір мекемеге айыппұл салынбапты. Мамай Ахетов мырзадан айыппұл салынған мекемелердің статистикасын сұрағанымызда, ешқандай мекемеге айыппұл салынбағанын жасырмады. Заң бойынша айыппұл салуға құзыреті бар бола тұра мұндай шара қолданылмағанына таңғалдық. Өйткені мекемелердің құр ескертуге пысқырмасы белгілі. Соның дәлелі әлі күнге көшелерден түспей тұрған қате жарнамалар мен маңдайшадағы қатеге толы ақпараттар. Осы орайда айта кетер жайт, тіл полициясын енгізбейінше, мекемелер айыппұл түгіл, тиісті орындардың ескертуін де елеместен, тексерушілерге пысқырып қарамастан, тіпті тиісті құзырлы орын өкілдерін табалдырығынан да аттатпайтынына көзіміз жеткендей болды. Тіпті әшейінде сатып алушылар ағылып кіріп шыға беретін Қарқара сауда орталығына рейдке шыққандарды кіргізбей қоюынан біз осыны ұқтық. Сондықтан ең болмаса қазақ тіліне қырын қараушылық тыйылғанша, тіл полициясы жұмыс істесе қазақ тілінің құқының тапталуын тыйған болар едік.
Айтпақшы, Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ескерту бергеннен кейін мекемелер бір жылдың ішінде қате жарнамасы мен маңдайшасындағы қате жазуларды, көрнекі ақпараттарды түзетуге тиіс екен. Ал бір жылға дейін оны талай адам көріп, мемлекеттік тілдің құқы тапталып тұра бермек.
Бауыржан АБДУЛЛАЕВ, Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бас маманы:
– Бір ескерту берілгеннен кейін бір жылға дейін олар қатені жөндеуі керек. Жөнделмесе ғана айыппұл саламыз. Мұның өзіне шүкір дейміз. Өйткені бұған дейін жарнама иелеріне шара қолдану туралы да заң болмаған. Бір жыл – әрине, ұзақ мерзім. Бірақ заң болғаннан кейін заңның аясынан шығып кете алмаймыз.
Мамандар «заң шеңберінен шыға алмаймыз» дейді. Ал тіл жанашырлары заңды қатайтпайынша, қазақ тілінің құқы таптала беретінін айтады.
Әлім АМАНЖАНОВ, тіл жанашыры:
– Біз көшеден қате жарнама көрсек оған жай нәрсе ретінде қарамай, ана тіліміздің, ұлттың тілінің құқы аяқасты болып жатыр деп қарауымыз керек. Ресейде орыс тілінде бір сөз қате жазылса, кез келген орыс азаматы бір сөз үшін күресіп, тілінің жолында жанын беруге бар. Ал бізде қазақ тілінің қате жазылғанына көзіміз, етіміз үйреніп бара жатқаны соншалық – ешкім наразылығын білдірмей жүре береді. Қате жарнама да жыл бойына түзелмей тұра береді. Егер қазақ тілін қате жазғандарға ауқымды айыппұл салатын болсақ, ешбір мекеме қате жібермес еді. Басқа-басқа, тіл мәселесіне келгенде неге төменшіктейтініміз түсініксіз.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, құқығының бұзылмауын талап ететін заңның әлі де болса қауқарсыз болуы қынжылтады. Тілдің құқына қатысты рейдтен біз осыны түсіндік.
Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ
Алаш айнасы