Қазақ өз астанасына өзі - қонақ... Астана көшіне қамшы керек!

  Дәл қазір жазарман қауымның ұртын бүлкілдетіп тұрған малта - Астана тақырыбы болып тұр. Мереке қарсаңында болатын жағымпаздықтың «қара жарысын» бастап кеттік, Алла амандығын берсе, алдағы 10 күн ішінде ұяттан бетімізді басатын талай сөзді ағалардан еститініміз анық. Артығымызды асырып айта алатынымыз әу бастан белгілі, кемшілігімізге келгенде кежегеміз кейін тартып тұрады. Әркез Астанаға жол түскен сайын және қашсаң қуатын ақпараттарға қарап отырып көңілге бір ой келеді. Ол – Астана көші. Ел-жұртты әрі-сәрі күйде қалдырған Президент Н.Назарбаев шешімдерінің бірі – Астананы көшіру еді, біреу қарсы болды, біреу қолдады, түсінікті, ел болған соң бұлай болуы заңды. Міне Астананың   15 жылын қарсы алмақшымыз. Миллиондап қаржы жұмсадық, мыңдаған құрылыс салдық, ән арнадық, жыр жаздық, әлемдік жиындар өткердік. Бүгінде сол Астананың кереметтігін жеткізуге сөз таппай қиналып жүрміз. Ана бір жылы Президент өзі қарсы болмағанда, бұл күнде «Нұрсұлтан» деп атап кететін бе едік, кім білсін? 1998 жылы Президент өзі бастаған көш жол алған болатын. Тарихтағы кей көштер сияқты қуғын-сүргіннің, өзге жұрттың зорлық-зомбылығының салдарынан емес, тәуелсіз елдің өз қалауымен жасалған айтулы шешім еді.  Ат арытып, тон тоздырғамыз жоқ, күндіз аялдап, түнде жортқамыз жоқ. ұшақпен зеңгір көкті тіліп отырып барып, Сарыарқаның кең даласына туымызды тіктік. Бүгінде бәріміздің саясаттан көңіліміз қалған, саясаткердің сөзіне иланбаймыз, зиялының үніне елеңдеп жүреміз. Осы тұрғыдан алғанда, Астананы сықиған саясаттың қаласы етпей, рухани келбетіне әр бергеніміз жөн сияқты. Астанаға қоныс аударған ұлт зиялыларын саусақпен санап алармыз. Ә.Кекілбаев, А.Сейдімбек, М.Жолдасбеков қатарлы 3 ақсақалымыз Нұрсұлтан Әбішұлына батасын беріп, бірге аттанды.Марқұм Ы.Нұрғали, Ф.Оңғарсынова, Д.Досжан,  Н.Айт және де саясатпен «қатысы бар» өнер ошақтарының төңірегіндегі санаулы ғана ат төбеліндей ата-апаларымыз табан тіреді, қалған ұлт зиялыларының Алматы да сеңі бұзылмай отыр. Анда-санда өтетін іс-шараларда төбе көрсеткені болмаса, Алматыдағы жылы орынын суытқан жоқ.    Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы болған азаман, жыл сайын астанада мәдени ошақтар ашылып, рухани орта қалыптасып келе жатыр. Біздің назарымздағы зиялылар ол жаққа барса жұмыссыз қалмайтыны анық. Қайта Астананың руханы әлеміне серпін беріп, мәдениетінің мәнін келтірер еді. Қазақ жерінің қай түкпірі болмасын киелі. 80 жыл Алашқа Ақорда болған Алматыға ұлтымыз айрықша бауыр басып қалған еді. Медиаорталық салынып мемлекеттік телеарналар көшкені болмаса, газет-журналдар мызғымай отыр. БАҚ деген мемлекеттің ең үлкен саяси құралы. Елдегі оқырманы көп іргелі газеттердің орыны ойсырап тұр Астанада. Мәселен, «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», «Ана тілі», «Жас қазақ», «Түркістан», «Айқын», «Дала мен қала», «Қазақ үні» т.б ұлттың сөзін сөйлеген басылымдар сонда барып, әлемге Астананың көзімен қарауы керек еді, барлығы қазір Астанаға тілші жұмсаудан ары аспай отыр. 4-5 жыл болса түсінер едік. Міне,  15 жылдығын атап өтудеміз. Астанадан оппозицияның да қарасын көрмейміз. Бүгінде оппозицияның жетекшісі болып жүрген Ж.Тұяқбай, Б.Әбілов, Т.Жүкеев, Ә.Қосанов барлығы да Алматының жылы ауарайымен бірге маужырап жүр. Баспасөзі де Алматыда, Бапиы бастап, Мамайы қостап қозғалар емес. Барлығы да  Сарыарқаның сар аязына барып сәл ширап алса, айтып жүрген тәп-тәуір ұсыныстарын билікке тыңдатар ма еді. Болмағанда анда-санда болса да Астанаға барып бастары қосылса, ойланатын жұрт табылатын еді. Әнші біткен  Алматыда кіндігінен арқандалып жүр. Алматының үлкен өнер ордасы екені даусыз, бірақ, сол орда Астанада да жоқ емес, концерт берем десе, көк тіреген сарайлар жоқ емес, ән айтатын той таусылып тұрған жоқ, соңғы жылдары қарапайым  халықтың да қарасы көбейіп келеді. Әйтеуір барлығы өз Астанасына өздері қонақ. Шет мемлекеттен келген қандастардың да Астанаға аяқ алысы сылбыр. Оңтүстікке үйір, суықтығы Астанадан еш кем қалмайтын шығысқа барғыш. Не үшін, тәуелсіз елдің Ақордасы тігілген жерге барып табан тіремеске. Арамызда барып қайта қайтқандарда табылады. Біреуіне суық жақпаған, біреуіне қызмет табылмаған, біреуі жұмысын қимаған. Астана көшіне қамшы керек!

Құмар Жұмахан,

masa.kz

*Тақырып өзгертілді