Алтыншы түлік

Қазақ өз малын: жылқысын, қой-ешкі, түйе, сиырын «төрт түлік» дейді. Қазіргі заманда бесінші түлік балық болды. Қазаққа алтыншы түлікті игеруді ұсынамын, себебі онымен айналысқан бір қазақты әлі көрмеппін. Айтайын деп тұрғаным – бал арасы. Бұл да малдың бір түрі; көптен ойда жүрген идея еді, бірақ бүгін, елді қаржы-экономикалық дағдарыстан алып шығу әңгімеленгенде, айтудың реті дөп келіп тұр. Әр өсімдік гүлдейді, әрқайсының гүлінің (сексеул мен жантақтың да) шырын нәрі болады, ара сол нәрді жинаймын деп, әр гүлге қонып, нәр және гүл тозаңын да жияды: ол жас ұрық қорегі. Кәрезді ара балауыздан жасайды, ал балауыз, ара сүті, уы, прополис, тозаң қымбат тауар. Бұлар қосымша табыс. Олардың емдік қасиетін, ара тозаңдатқан дақылдардың өнімі 20%-ға дейін артатынын, таза ауада экологиялық таза ас ішіп, күн көргеннің өзі бір ғанибет екенін сөз шығындап, қайталап жатпай-ақ қояйын. Бір жазда орта есеппен 50 кг балды араның әр үйірі береді екен, тек оны бағып-қаға біл. Бір омарташы жиырма шақты ара үйірін бақса, бір тонна бал ондіреді екен. Ақшаға шақсақ, миллион тенге: байып кетпесе де, ешкімге тәуелсіз болмай күнін көріп, бала-шағасын асырай алады. Оған қосымша бірлі-жарым жылқы, сиыр, он шақты саулығы болса, ол қазақтың мұртын балта шаппайды. Оған қала – Алматы да, Астана да – керек емес. Оның балалары да шаруа болып өсіп, қаланың жылтырағына қызықпай, елдің қожасы болады. Қазақтың алтыншы түлікті игеру керегі, меніңше, даусыз. Ал енді осы ниетті іске асыру үшін не керек? Неден бастау керек? Ұсыныстың тоқ етері мынау: осы шаруаны құп көрген қазақ «Бал» ғылыми-өндірістік бірлестік құруы тиіс. Оған 8-9 шаршы км сулы жерде оқу орны, жатақхана, шеберхана, көлігі, егіндік, шабындық, омартасы, ғылыми-зерттеу кафедралары бар оқу-өндірістік шаруашылық керек. Бұл оқу орны әр облыстың әр ауданынан бәсекеден өткізіп, 4-5 оқушы қабылдап, бірер жылда «оқыған омарташы» дипломы бар маман даярлайды. Олар ауылдарына барып, өз бал шаруашылығын, омартасын ашады. Осы жолмен 5-6 жылда әр ауданда 20-25 бал шаруашылығы құрылса, бірлестік балмен Қазақстанды ғана қамтамасыз етіп қоймай, шетелге де сата алады. Бал – шексіз пайда көзі, ол мұнай емес: бітпейді, бағасы да аса құбылмайды. Бір миллиард қытайлық жылына бір грамм қазақ балын жесе, 1000 тонна бал сатып алады екен, ол дегенің бір миллиард теңге. Осы дөңгелек стөлді өткізуші «Нұр Отан» партиясы «Бал» бағдарламасын қолдап, ол үшін КТУ, жер, «Самырұқ-Қазына»дан 150 000 000 теңге алуға себі тисе, елді дағдарыстан шығаратын көп жолдың бірі осыдан басталар еді. Гуманистік партия құрушы Мақсұт ОРАЗАЙ деген қазақ