SOS!!! БАЙҚОҢЫРДАН СУЫТ ХАБАР-3

Халықтың көпшілігі әр түрлі дәрежедегі ауруларға шалдығып жатыр... 

 Бүгін 2013 жылдың 4 шілдесінде сағат кешкі 17.00-де Қызылорда облысынан Баян Қошмамбетова деген бір әйел Сағат Жүсіп атты азаматтың ұсынысымен маған телефон шалды. Ракета жарылысынан кейін Қазалы, Төретам, Байқоңыр елді-мекендеріндегі халықтың көпшілігі әр түрлі дәрежедегі ауруларға шалдығып жатыр екен. Әсіресе, жас бүлдіршіндердің қалі тіпті ауыр дейді. Бірнеше жасы келіп қалған үлкен кісілер де аяқ астынан науқастанып, қатты ауырып қалғанын да ол әйел ашық айтты. Қалада, Төретамда, Байқоңырда науқастар саны күрт өсіп кетіпті. Науқастардың дені – өзіміздің маңдайының соры бес елі қазақтарымыз көрінеді...

Баян Қошмамбетова Байқоңыр қаласында тұрып жатқан туған сіңлісі Аягөз Сарықұлованың Гүлайым Нұриева атты 19 жастағы студент қызының осы «Протон-М» зымыранының жарылысынан кейін, оның халінің күрт нашарлап кеткенін айтып, маған сіңлісінің телефонын берді. Мен өзім ол адамға енді хабарласқалы жатқанымда, Аягөз Сарықұлова қарындастың өзі телефон шалды. -Менің қызым Гүлайым Нұриева таяуда ғана Түркістандағы Қазақ-Түрік университетінен демалысқа келген болатын. Қызымның ден саулығы бұрын сондай жақсы еді. Осы Байқоңыр ғарыш айлағында «Протон-М» зымыраны жарылған соң, денесінің қызуы көтеріліп, басы айналып, құсып, мазасы кетті. Денсаулығы түзелер деп, басында мән бермеген едік. Гүлайымның жағдайы түзелер емес. Бұрын ауырмаған қызымның аяқ астынан сырқаттануын ана зымыран жарылысынан көремін. Ресейліктер қашанғы Қазақ жерін сынақ алаңына айналдыра бермек. Біздің биліктегілердің халқының жағдайын ойлай қоятынына өз басым сенбеймін. Қашанғы қазақтарды қорлай бермек олар?-деп, ақтарыла әрі ашына сөйлеген қарындас кенет үнсіз қалды... Осы бір жаны қиналған ана сөзінен көкірегі ояу әр адам бірдеңені ұғар деп ойлаймын. Қазақстандық биліктің Мәскеу алдындағы дәрменсіздігін көріп отырып, іш қазандай қайнайды. Бұл  билікке, әсіресе, қазақ ұлтының түкке де керегі жоқ па деген ой келеді... Олар бөтен тілде шүлдірлеп, орыс көрсе, арттарын қыса қоятын сорлылар сияқты. Міне, Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін алғалы 21 жыл болыпты. Біздің билік осы 21 жыл бойы орыстың алдында құрша жорғалап келеді. Олар орыстардан қатты қорқады. Бұл ащы да болса, ақиқат ағайын!..

 Жұмаш КӨКБӨРІ,

04.07.2013 жыл. Сағат кешкі 18.00.

www.qazaquni.kz