«Протон» құлады. «Апат болған жоқ». Мұсабаевтың мұнысы не сөз?

2 шілде күні  Астана уақыты бойынша, сағат 08.38-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының № 81 алаңынан «Протон-М» зымыран-тасығышы құлады.  ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі «Протон-М» зымыран-тасығышы ұшырылымнан кейін 10 секундтан соң жерге құлап, жарылды» деп мойындады. Бірақ, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «апат болған жоқ» деп отыр. Премьер-Министр Серік Ахметовтің жетекшілігімен өткен шұғыл отырыста Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев: «Зымыран ұшырылған алаңның маңына құлады, заңнамалық тұрғыдан қарасақ, апат болған жоқ» дейді. Агенттік басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасында жасалған келісімге орай, зымыран  Ресей Федерациясының жалға алған аумағынан тысқары жерлерге құлағанда ғана апат болып саналады екен.   Талғат Мұсабаев зымыран құлай салысымен гептил отыны жанғанын айтады. «Мұндай жағдайда гептил отыны түгел жанып кетеді де, оксид азот түзіледі. Жарылыстан соң пайда болған түтін үш бағытқа бөлініп, оның бірі Қармақшы, екіншісі Қазалы, үшіншісі Байқоңырға бағыт алған. Ал бұл уақыттағы жаңбыр түтіннің  жойылуына септігін тигізді, осы жағынан алғанда жұртшылыққа қауіп деңгейі азайды деуге болады», дейді ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т. Мұсабаев. Мұсабаевтың бұлайша түлкі бұлаңға салып, мәселенің бетін күлбілтелегені, сірә, ұлық орыстың алдындағы «інілік ізеті» болса керек. Өйткені гептил бірден жойылып кететін элемент емес, оның уы сіңген жерінде 9-10 жылға дейін жататындығын қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров үнемі айтумен келеді.

Абай-ақпарат