«Протон» құлады. «Апат болған жоқ». Мұсабаевтың мұнысы не сөз?

8
1180

2 шілде күні  Астана уақыты бойынша, сағат 08.38-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының № 81 алаңынан «Протон-М» зымыран-тасығышы құлады.  ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі «Протон-М» зымыран-тасығышы ұшырылымнан кейін 10 секундтан соң жерге құлап, жарылды» деп мойындады. Бірақ, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «апат болған жоқ» деп отыр.

Премьер-Министр Серік Ахметовтің жетекшілігімен өткен шұғыл отырыста Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев: «Зымыран ұшырылған алаңның маңына құлады, заңнамалық тұрғыдан қарасақ, апат болған жоқ» дейді.

Агенттік басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстан мен Ресей арасында жасалған келісімге орай, зымыран  Ресей Федерациясының жалға алған аумағынан тысқары жерлерге құлағанда ғана апат болып саналады екен.

  Талғат Мұсабаев зымыран құлай салысымен гептил отыны жанғанын айтады. «Мұндай жағдайда гептил отыны түгел жанып кетеді де, оксид азот түзіледі. Жарылыстан соң пайда болған түтін үш бағытқа бөлініп, оның бірі Қармақшы, екіншісі Қазалы, үшіншісі Байқоңырға бағыт алған. Ал бұл уақыттағы жаңбыр түтіннің  жойылуына септігін тигізді, осы жағынан алғанда жұртшылыққа қауіп деңгейі азайды деуге болады», дейді ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Т. Мұсабаев.

Мұсабаевтың бұлайша түлкі бұлаңға салып, мәселенің бетін күлбілтелегені, сірә, ұлық орыстың алдындағы «інілік ізеті» болса керек. Өйткені гептил бірден жойылып кететін элемент емес, оның уы сіңген жерінде 9-10 жылға дейін жататындығын қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров үнемі айтумен келеді.

Абай-ақпарат

8 ПІКІРЛЕР

  1. Ғарышкердің пайым-парасатының төмендігі бір жағдайдан -ақ белгілі болып шыға келді. Елге жаны ашитын азаматтың қылығы емес қой бұл

  2. кімді алдағысы келеді бұлар? мұсабаев әуелі сөйлесу мәдениетін меңгеріп бірақ сөйлегені дұрыс шығар. елді кеудесінен итеріп балағаттаған басшыдан не қайыр, не көмек?

  3. келісімге орай тысқары жерге құласа апат болып саналады деген не сандырақ, үкіметтегілердің сауатсыздығы ғой,әйтпесе белгіленген жердің ар жағы болсын,бер жағы болсын жер ортақ қой. Жер асты бәрібір тарайды емес пе . Ал тілшіге көрсеткен қылығы …. егер ана жерде өзге ұлттың тілшісі болса,ондай қылық көрсетпес еді. Қазақты балағаттап, таптауға болады. Әттең, тым жуастық, өзін «әдімілеп» ұрып алса ғой.

  4. Мәселе шешетін батырымыз түрі мынау тілшілермен камераның алдында итерісіп аузына келгенін айтып онда ұлтқа деген жанашырлық, ұлтжандылық мүлде жоқ.

  5. Ол бетіндегі маскасын шешті деген сөз! Бір журналисті балағаттағаны ғана нені көрсетті! Ұяты жоқ адам екен. Кеудесіне нан піскен демей ме қазақ атам,дәл соның өзі екен ғой мынауың!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз