Ұлы тұлғаның ұлық тойы

                                                Мұқан Төлебаевтың туылғанына – 100 жыл    Қазақтың көрнекті композиторы, СССР халық әртісі, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚазССР-іне еңбегі сіңген өнер қайраткері, әлем мойындаған тұлға Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойы туған жері Жетісу өңірінің Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылында айрықша аталып өтті.  Небәрі 47 жыл ғұмыр кешсе де, артына өлмес, өшпес мұра қалдырған ұлы композитордың кесек-кесек туындылары бүгінде еліміздің ұлттық құндылығына айналып, әлемдік деңгейге көтерілген. Оның шығармаларының өміршеңдігі ұлттық өнердің тамыры тереңде жатқан құнарлы, қасиетті қайнар бұлағынан нәр алып, әлемдік өнер жауһарларын талғам тоғыстыра алғандығынан болса керек. Ұзақ жылдар ел жүрегінен жылы орын тапқан, асқақ мемлекеттік гимннің авторлары­ның бірі, қазақ опера өнерінің інжу-маржаны «Біржан-Сара» операсын дүниеге келтірген, сөйтіп, ұлттық өнеріміздің құді­ретін асқақтатып, еуропалық үлгідегі кәсіби шеберлік шыңына шығара білген тағылымды тұлғаның мерейтойы қарсаңыңда Талдықорған қаласындағы Қаратал шағын ауданындағы Ілияс Жансүгіров атындағы көшенің бойындағы көрнекті жерге Мұқан Төлебаевтың ескерткіші орнатылды. Гранит тастан тұрғызылған ескерткіш қоладан құйылған. Ескерткіштің биіктігі – 3,5 м, ал постаменттің биіктігі – 2,5 метр. Жалпы аумағы 1100 шаршы метр жер абаттандырылған. Ескерткіштің мүсіншісі – М. Әзмағанбетов, сәулетшісі – Қ. Жарылғапов. Ескерткішті орнатуға 47 миллион теңге бөлінген екен. Ескерткіш ашылмай тұрып, салтанатқа жиналған көпшілік қауым сахналандырылған көрі­ністі қызықтап, облыстық театр әртістерінің ойынын тамашалады. Мұқан Төлебаевтың өміріне арналған спектакльдік қойылымның үзіндісі-тұғын бұл. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған Алматы облы­сының әкімі Аңсар Мұсаханов Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс аумағында ұлттық құндылықтарға қатыс­ты атқарылып жатқан жұмыстарға және қысқа ғана ғұмырында жүзден астам музы­калық шығарманы дүниеге кел­тіріп, қазақтың еуропалық үлгі­дегі кәсіби музыка¬сының негізін қалаушылардың бірі атан­ған Мұқан Төлебаевтың шығармашылығына тоқталды. – Ұлтының тарихын, мәде­ниетін, өнерін білу – бүгінгі және келер ұрпақтардың алға апарар аманаттық ісі, перзенттік парызы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен талай-талай тамаша салт-дәс­түрімізді қайта жандандырып, оны халық жадында мәңгі қалдыру мақсатында болашаққа батыл қадам жасалуда. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысында кейінгі жылдары жаңадан жиырмаға жуық ескерткіштер орнатылды. Олардың қатарында Ескелді би, Балпық би, Қаблиса Жырау, Қаракерей Қабанбай, Сүйінбай Аронұлы сияқты тарихи тұлғаларға арналған өнер туындылары да бар. Енді, міне, тағы бір айтулы сәтте бас қосып тұрмыз. Ұлттық өнерімізде ерекше орны бар қазақ операсының жарық жұлдызы Мұқан Төлебаевтың бейнесі қаламыздың көрікті жерінде салтанатты тұғырға қонды. Мұқан Төлебаев ескерткіші келер ұрпақтың ұлттық өнерімізді сүйіп, олардың отансүйгіштік сезімін қанаттандырады деген сенімдемін. Жетісудың орталығы Талдықорған қаласында тағы да бір киелі орын пайда болды деп есептеймін. Бүгінгі бой көтерген еңселі ескерткіш құтты, той тойға ұлассын, ағайын, – деді облыс басшысы. Аталған ескерткіштің ашылу салтанатына белгілі өнер қайрат­керлері мен Мұқан Төлебаевтың жары Дариға Төлебаева, ұлы Айдар, басқа да туған-туыстары қатысты. Одан кейін той Лепсі ауылында жарасымды жалғасын тапты. Лепсі ауылындағы той қарсаңында күрделі жөндеуден өткізілген мәдениет үйінде мерейтой иесіның шығармашылық тұлғасы туралы салтанатты кеш, облыстық ұжымдарының және Мұқан Төлебаев атындағы «Алтын таяқша» дирижерлер байқауының лауреаттарының қорытынды гала концерті өтті. Аталған шарада облыстық мәслихат хатшысы Ермек Келемсейіт, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Рахмет Есдәулетов, Сар­қан ауданының әкімі Тұратбек Шарапиев және Мұқан Төлебаевтың досы, қазақтың көрнекті композиторы Бақытжан Байқадамовтың қызы Балдырған Байқадамова, композитордың жары Дариға апай, тектінің тұяғы ұлы Айдар сөз алып, көпшілікке Мұқан Төлебаевтың азаматтық, шығармашылық тұлғасы жайында жан-жақты сыр шертті. Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойына арналып ел қазынасынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Аталған қаржыға Лепсі ауылына аудан орталығынан қатынайтын үлкен күре жол жөндеуден өткі­зіліп, ауыл көшелері абаттандырылып, медициналық пункт ғимараты салынып, мектеп, мәднеиет үйі, композитор атындағы мұражай күрделі жөндеуден өткізілген. Былтырдан бері жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде жоғарыда аталған жұмыстардан басқа Лепсі ауылдық әкімдігінің ғимараты жөнделіп, Лепсі ауылы мен Лепсі өзенінің жағалауында тазалау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, Лепсі – М.Төлебаев және Құрақ су –Матай арасындағы, ұзындығы 71,5 шақырым облыстық маңызы бар жолға ағымдағы орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған бюджеттен 133,860 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар Қызыл қайың – Лепсі және Талдықорған-Лепсі аралығындағы жолдарға ағымды жөндеу жұмыстары атқарылған. «Жақсыдан шарапат» деген осындай-ақ болар. Мерейтой аясында Талды­қорған қаласында республикалық «Алтын таяқша», «Кестелі орамал» атты дирижерлер мен композиторлар және вокалистер байқауы өтті. «Біржанның інілері, Сараның сіңілілері» атты облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 6 кітап – «Қазақ композиторлары», Ә.Ақмұрзаеваның «Өмірдастан-әндастаны», М.Төлебаеваның «Мәңгі ғұмыр – мәнді сазы», Жомарт Игіманның «Талант табиғаты», Н.Кетегенованың «Мұқан Төлебаевы», М.Төлебаеваның «Мұқан Төлебаев әлемі» шығарылып, оқырманмен қауышты. 15 маусым күні ұлы компо­зитордың мерейтойы «Мерейтау» деп аталатын төбеде, қазақы үйлер ауылында жал­ғасты. Мұнда да көпшілік қауым сахналандырылған көріністі қызықтап, облыстық театр әртістерінің Мұқан Төлебаевтың өміріне арналған спектаклінің жалғасын тамашалады. Ұлы тұлғаның жан-жақты қыры туралы облыс әкімі Аңсар Мұсаханов, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, тағы да басқа өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері тұлға танымы жайында тағылымды сөз сөйледі. Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбекқызы Мұқан Төлебаевтың шығармашылығы туралы өте тұщымды баяндама жасап, ұлы тұлғаның жан-жақты бейнесіне барынша қанықты сипаттама берді. Той соңы өнер ұжымдарының гала концертіне және ат бәйгесіне ұласты.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ Алматы облысы