Латынға өту – баламасыз байлам

    Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі тарихи өзгерістің бастамасы болып отыр. Жаңа әліпбиге қашан көшетініміз әзірге белгісіз. Десек те қазақ тілі ерте ме, кеш пе латын әліпбиіне көшеді. Елбасының айтуынша, біз 2025-жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісуіміз керек. Болашақ үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге,ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Осы мәселе төңірегінде маусым айының 6-7 күндері Шет Тілдер және Іскерлік Карьера Университетінде «ҚАЗАҚСТАН – 2050 СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ ӨТУ ҮРДІСІ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік симпозиум өткен болатын.Симпозиум екі отырыстан құралды: бірінші отырыста Қазақстанның жаңа саясаты, экономикалық өрлеудің жаңа принциптері талқыланса, екінші отырыста «Жаңа Қазақстанның жаңа әліпбиі мен мемлекет тілі» тақырыбында мәселелер қаралды. Конференцияға Түркия, Қырғызстан елдерінен белді профессорлар, еліміздің Астана, Арқалық, Тараз қалаларынан ғалымдар арнайы шақырылды.Сондай-ақ, Шет тілдер және Іскерлік Карьера Университетінің ректоры Сабри Хизметли, Орта Азия Мәдениет Қорының Президенті Али Өзек, Түркияның Кастамону университетінің ректоры Сейт Айдын қатысты. Симпозиумға келген қонақтар өз баяндамаларын оқып, латын әліпбиіне көшудің тиімді жақтарын атап көрсетті. Латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымыз көп. Біріншіден, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқара­тыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді.Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықа­ралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жол ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады.Бізге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Латын әліпбиіне көшкен өзге елдер тек пайда көрген. Айталық, латын қарпіне көшкен соң, Өзбекстанда тұратын халықтың 97 пайызы өзбек тілінде сөйлейтін болған, өзбек тілі ең керекті және ең басты тілге айналған. Біз де латын әліпбиіне көше­тін бол­сақ, мемлекеттік тіліміздің мәр­тебесі көтеріледі. Латын әліп­биіне көшудің арнайы бағдарлама­сын енгізсе, оны меңгеру отандаста­ры­мызға қиынға соқпайды. Латын әліпбиі таңсық дүние емес. Себебі, бү­гінгі интернет, жаңа медиа – бәрі де латын әріптерімен жазылған. Латын әліп­биі біртіндеп жастардың өміріне еніп келеді. Екі күнге созылған конференция көздеген мақсатына жетті. Жиынға қатысушылардың 90 пайыздан астамы латын әліпбиін қолдансақ деген ниет білдірді. Арқалық университетінің оқытушысы Нұргүл ханым «студент­те­ріміз латын әліпбиін күтіп отыр», – деп жас­тардың қолдайтынын тілге тиек етті. Жиын соңында баяндамаларын оқыған Сейт Айдын, Али Өзек, Ондер Барлы, Эврем Аян, Али Рафет Өзкан, Мира Сапарәліқызы, Назымгүл Бердімұрат, Лейла Қайырбекова, Назым Мұхамедиева, Мұқаш Исраилов сынды азаматтарды уни­вер­ситет ректоры ар­найы сертификаттарымен марапаттады. Конференцияға қатысушылар «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне болады» деген қорытындыға келіп, баршасының ойы бір арнаға тоғысты. Белгілі ақын Қазыбек Исаның пікірін­ше, латынға өту – Тәуелсіздікті ойлай­тындар үшін баламасыз байлам болуы керек. Орыстың рухани отарынан құтылудың оңтайлы жолы – әліп­биімізді ауыстыру екенін де атап айтқан болатын. Латынға көшу, түбі бір түркі халқына ортақ әліпбиді қолдану – қазақ үшін жаңа серпіліс болары хақ.

Сәуле Орынқұл