«Азайды соңғы кезде байғұс бөкен…»

Еркіндік пен азаттықтың символы – ақбөкендер Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Қалмақ жерлерін мекен еткен. Бұл күні қазақ даласында ғана қалды. Аракідік Моңғолия жерінде де кездесіп қалатын көрінеді. «1917-18 жылғы қыстың жұты түз тағысының жүздеген мың басын шығынға ұшыратты. Сол кездегі жергілікті үкіметтің шешімімен, 1919 жылдан бастап Сарыарқада киік аулауға қатаң тыйым салынды. Бірақ, одан көп өзгеріс бола қоймады. 1927-28-жылғы жұттан кейін ақбөкендерге жер бетінен мүлде жойылып кету қаупі төнді», – деп жазады 1955 жылы кеңестік кездің зоологы А.Слудский. Қанша қырғынға ұшыраса да, қатаң тыйым салудың арқасында 1954 жылға дейін небары 35 жылда Қазақстандағы сайын дала сұлуларының саны 6 миллионның үстіне барған. Сөйтіп, 1954 жылдан 1975 жылға дейін Қазақстанда кәсіптік жолмен 5 миллион киік ауланып, одан 90 мың тонна ет, 1,7 миллион шаршы метр бағалы тері және 480 тонна мүйіз сатылған. Біздің республика сол кездері киік өнімдерінен орта есеппен бір жылда 3,5 миллион АҚШ доллары көлемінде табыс тауып отырды деген нақты дерек бар. Міне, мемлекет табысының бір көзі қайда жатыр. Қазақ жерінде ғана қалған 130 мыңға тарта киікті қырып-жоймай, қатаң қорғауға алса, уақыт өте келе қаулап өсер еді. Бір маусымда егізден, үшеуден лақтайтын бұл жарықтықтар көбейген соң, кәсіптік жолмен ауланса, халық қазынасына қаншама үлес. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Орман-тоғай және аңшылық шаруашылығы комитеті бірлесіп, бағдарлама құруға тиіс. Қазақ даласындағы киіктердің бәрі арнайы қорық қызметкерлерінің бақылауында ұсталуы шарт. Жер-су халық қазынасына тиесілі болғандықтан, мұндағы жан-жануарды да көбейтіп, ел игілігіне жаратса керек-ті мемлекет. 2003 жылдары республика бойынша ақбөкендер саны 20 мыңға бір-ақ құлдырағанда, жұрт киік көруге зар болып қалған. Кейінгі бір-екі жылда ептеп көбейіп еді, қайтадан жабайы жыртқыштай жәукемдеуде. Қыны кепкен браконьерлер ұсталып, сотталса да қояр емес. Мәселен, биыл облыста киік атуға байланысты 3 факт бойынша қылмыстық іс тіркеліп (2-і Ұлытаудан, 1-і Нұрадан), бірінші фактыға қатысты 2 адамға қылмыстық іс қозғалып, оларды 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, «УАЗ» автокөліктерін тәркілеп, 3 киіктің құнына 778 мың 950 теңге айыппұл салса. Қалған екі іс сотқа жіберілген. Қазір, ірі қалалардың бәрінде «қымбат бағаға киіктің ескі мүйізін аламын» деген жарнама қаптап тұр. Бұл «ескі» сөзін жамылып, жасырын, заңсыз сауда жасаудың «жаңа» түрі. Хабарлассаң қан-сөлі кеппеген жас мүйіз сұрайды. Сорақысы сол, ҚР қылмыстық кодексінің 290 бабында сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар жануарлар мен олардың бөлшектерін заңсыз қырып-жойып, саудалап, тасымалдаушыларға жаза кесілген де, мүйіз жарнамасы жөнінде нақты ештеңе айтылмаған. «Түлкі түрінен табады» дейді дана халқымыз. Бөкеннің де түбіне жетуге айналған мүйізі. Кей бейресми мәліметтерде киік мүйізінің қытай нарығындағы құны 1 келісіне (3-4 мүйіз) мың доллардан, 4 мың долларға дейін делінген. Елімізде 200 мың теңге тұратын бұл жарықтықтың мүйізі құрсақтағы баладан, қаусаған қартқа дейін ем. Көбіне дәстүрлі қытай және тибет медицинасында кәдеге асады. Адам ағзасын жасартып, қуатын арттырады. Бедеуліктен құтқаратын жер бетіндегі жалғыз дәрі осының мүйізі. Ағза, іш-құрылыс, бас ауруларының кез келгеніне дауа. Тибет медицинасына жылына 8 тонна мүйіз керек екен. Қазір киіктің Қазақстанда ғана қалғанын ескерсек, жазықсыз жануарларды жекелеген топтардың қалай қырып жатқанын бағамдай беріңіз.

Бекжан БАҚЫТҰЛЫ Қарағанды облысы