Құрыған көл, бұзылған Бурабай

 Қасиетті Көкше жері қалдықтар мекені ме?    Ертеде Бурабай көлін ақбас бура мекендеген деседі. Киелі жануар жаугершілік заманда көл маңына тұрақтаған жұрттың қорғаушысы һәм хабаршысы болыпты. Қилы кезеңде дұшпанның таянғанын сезетін ақбас бура буырқанған бақсыдай аузынан ақ көбік шашып, еңіреп-боздап, тау-тасты кезіп, халыққа жаудың жақындағандығы туралы белгі береді екен. Содан елдің етек-жеңін жинаған еркектері білектерін түріп, бала-шағасы тауға тығылып-паналап, аман қалған. 

Ақбас бура бейбіт күнде жайбарақат күйге түсіп, мамыражай жайылып жүре берген. Әккі жаудың айласы таусылған мергендері аңдып жүріп, ақыры, ақбас бураны атып өлтіреді. Қасиетті ойсыл қара тізерлеп шөккен бойы құлаған жерінде қара тасқа айналып қатып қалған деседі. Мінекей, қазақтың Бурабайы туралы бізге жеткен аңыздың бір нұсқасы осындай... Сырлы ақын Сырбай Мауленов Бурабай жайлы былай депті: ...Аспанға көтерілген ақ тас тура, Секілді аңыздағы ақбас бура. Көбігін қайтадан ол көлге беріп, Қайыңға көлеңдетіп жаппас шуда. Жиналған табиғаттың асылы бар, Етегі – аппақ қайың, басы – шынар. Көкшенің күмбезіндей көтеріліп, Ойнайды жалт-жұлт етіп жасыл мұнар Әттең-жалған, бүгінде азынап-ақырып ақпар беретін Ақбас бура да, ақтарылып әдемі жыр жазатын Сырбай ақын да жоқ. Өйткені, қазір ерке Бурабайдың бетінде жалт-жұлт етіп жасыл мұнар ойнамайды. Түбі терең, кәдімгі қара суға айналған. Бір заманда Бурабай жайлы: «Тектоникалық ойыста жатқан көл дөңгелек пішінді, табаны тегіс, солтүстікке қарай еңістеу келген. Солтүстік, батыс және оңтүстік жағалаулары граниттен түзілген, шығысы – құмдауытты. Бурабайдың суы жұмсақ және мөлдір, түбіне дейін айқын көрінеді. Көл суында алабұға, шабақ, сазан, шортан, табан балық бар» деп жазылған екен. Қайда сол жұмсақ су? Қай жері түбіне дейін айқын көрініп жатыр? Білегіңе дейін қол салсаң, кір судан саусағың көрінбейді. Айдын көлдің аянышты келбетіне кім кінәлі? Әншейінде, «Бурабай бұ дүниенің жұмағы ғой» деп шіренгенде, «шәпкеміз» жерге түсіп қала жаздайды. Ала-жаздай саф ауамен тыныстап, салқын суға шомылу үшін тынымсыз ағыламыз, Бурабайға... Демалыс болғасын, арқа-жарқа әңгіме айтылып, қазан-қазан ет асылып, қорап-қорап сусындар ішіледі. Көкше жұртының етті табақпен емес, астаумен тартатынын білетін ел ішіп-жем, ас-ауқаттың кенде болмайтынынан хабардар. Оттегін шашқан айнала орман тәбетіңізді ашып, аузыңыз бір босамайды. Осы тіршіліктің қалдығы қайда кетіп жатыр?.. Көкшеде қара жерден екі-үш метр шұңқыр қазылып, бар қалдықтың сонда жиналатынын жұрттың бәрі біледі. Бурабай демалыс аймағындағы барлық шипажайлар мен қонақ үйлерде түгел осындай шұңқырлар бар. Шайынды су ағып кететін «канализация» деген құрғыр-құбыр мұнда атауымен жоқ... Бұл сұмдықты жергілікті жұрт жақсы біледі. Сондықтан, Бура­бай көліне жергілікті тұрғынның біреуі де шомылмайды. Ол аз десеңіз, кеңес­тің заманында орыстың сансыз ормандарынан орын табылмағандай құйтырқы саясатпен «Өкпе аурулары емханасы» Бурабайға салынған. «Құрт ауруының таяқшалары 100 жылға дейін жойылмай, Бурабай көлінің суына түсуі мүмкін» деген үрей жұрттың бойын билеп алған. Көл құрып барады. Эколо­гиясы бұзылған аймақтың – экономикасының өрлеуі екіталай. Алматының талдарын түгендеуден ары аспайтын эколог Мэлс Елеусізовтің елең етпей отырғанына таңымыз бар. Облыстық туризм бас­қар­масының бастығы Шынарбек Батырхановтың сөзіне сенсек, биыл облыста туризмді дамытуға 17 миллард теңге бөлініпті. Оның ішінде инженерлік құрылымдарды жүргізу жұмыстары бар көрінеді. Көкшеге келгенде, Оқжетпесті көргенде, Жұмбақтасқа жүзгенде – бір уақ: «Осы біздің ішкен-жеген асымыздың қалдықтары мен жуынып-шайынған суымыз қайда кетіп жатыр?» – деп ойланса деймін, бай-шонжар һәм шенеунік-шіренгіш ағаларымыз бен апаларымыз... Қазақтың қасиетті жері Көкшесі мен киелі көлі Бурабайы қалдық қалдыратын итаяқ-мекен емес. Бар қазақтың басын қосуға ұмтылған айбынды Абылайханның ордасы тігілген ордалы мекеннің обалына қалсақ, өкініштен өртенеміз...

Жасұлан ЛЕСБЕК Ақмола облысы