Әбденов кетті, Марченко мыңқ етпеді...

Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Сақбал­дыұлы Әбденов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі қызметінен босатылды, деген хабарды Ақорда өз твиттер-аккаунтында жария етті. Н.Назарбаевтың Үкімімен вице-министр Т.Дүйсеноваға ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі міндетін уақытша атқару жүктелді. Сөйтіп, Қазақстан әйел­дерінің зейнет жасын өсіру төңірегіндегі дау-дамайға нүкте қойылды. Елбасының аталған заңды Парламетке қайтаруын дүйім ел қанағаттанарлық сезіммен қабылдады. Әйткенмен, қазақ қоға­мын дүр сілкіндіріп, біраз дүрбелеңге түсірген бұл шиеленісті мәселенің басында Ұлттық банктің басшысы Г.Марченко тұрған болатын. Сондықтан, әділдікке жүгінсек, өз қызметінен, алдымен, Г.Марченко кетуі керек еді. Бірақ, тіреуі күшті Марченко мыңқ етпеді... Енді Парламенттің қос палатасынан намысы бар бір азамат табылса, халықтың мүддесіне қайшы заң қа­был­дағандықтары үшін әріп­тестеріне өз еріктерімен де­путаттық мандаттарын тапсыру жөнінде ұсыныс айтуы керек шығар. Әйткенмен, қазіргі қалаулылардың бойынан мұндай қымбат қасиет табыла қояр ма екен?!.

Айбек БЕСТЕНҚҰЛ