Соңғы пайғамбардың сақалы мүфтиятқа табыс етілді.

 Ал мүфтият неге әлі үнсіз?!.

Күн емес сағат сайын сенсация іздеп сергелдеңге түсіп жүрген сайт, телеарна, газеттердің айтқыштары мен жазғыштарының жартысынан көбі елең етпеді. Әлде еткісі келмеді. Айдалада жатқан Ақш- тың әлдебір автожолында адасып қалған аюдың қонжығын күні бойы көрсеткен көке арналар да көңіл  аудармады. Анығы аударғысы келмеді. Сенсацияның көкесін Ақмола облысы Атбасар қаласы, Садовый ауылының тұрғыны сексен төрт жасар Фатима Дайырбекова жасады.Кейуана қара шаңырағында 40 жылдан бері соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ның бір тал сақалы салынған киелі қобдишаны сақтап келіпті. Ата-бабаларынан мирас болған құнды жәдігерді еліміздің бас мүфтиіне аманаттап, тапсырмақ ниетте екен. Алғаш естігендердің біріншілері «Машшалла, жақсылық» десіп, жүректеріне қолдарын қойды, екіншілері «қайдан біліпті пайғамбарға тиесілі екенін, ДНК жасатып па, дәлел қайда, уақаптардікі шығар?» деп даурықты. Кезінде экранның арғы бетіндегі Кашпировскиге сенген қазақ Құдай мен Құран қатар аталғанда сенімсіздік білдіргеніне таң қалдық.  Екі топ бір көлікке отырып барып қайттық. Атбасар мешіті АЛЛА деген азаматтарға лық толыпты. Барлығы сан ғасырдан саф алтындай сақталып жеткен сарқыт сақалды бір көріп, тәу етуге келген топ.Ұзындығы үш сантиметр сақал шыны ыдыстың ішінде. Қобдишаның екі шеті күміспен күптелген. Ең бастысы бір тал сақалдың соңғы Пайғамбарға тиесілі екенін айғақтайтын  ондаған мөрі бар құжат бірге сақталған. Енді исі мұсылман бауырлар үшін қасиетті саналатын қастерлі затқа күмән келтіріп, көңілге күпір алмай мөр басылған құжаттағы сөздердің түпнұсқадан тікелей аудармасын  еш өзгертусіз көшіріп басуды жөн көрдік. Әйтпесе Атбасар мешітіне барғандардың ішінде пайғамбар мұнда қайдан жүр, Қазақстанға оның ішінде Ақмолаға келіп пе деген әумесер сауалдар да болған.   Осман мемлекетінің қазынасына жататын Пайғамбардың, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, осынау бір тал мүбәрак сақалын шейх Ахмадуддин һижри 1273 жылдың 12 мұхарам күні (миләди 1856 жыл 12 қыркүйек) Мекке Мукаррама қаласы, Алла оның шарапатын арттырсын, мұсылман қауымының алдында Сәйд Масғұд ибн Сәид Махмұдтан алды. Ал Сәид Масғұд болса, осы бір тал мүбәрак  сақалды 1267 жылы 18 шағбан күні (1849 жыл 9 шілде) Мекке Мукаррамада, Алла оның құрметін арттырсын, Мәдина Мүнәууараның тұрғыны Сәид Абдулла ибн һашимнен алған. Абдулла ибн һашим осы бір тал мүбәрак сақалды 1265 жылы 14 шәууәл күні (1849  жыл 2 қыркүйек) Мекке Мукаррамада Сәйд Асғад ибн Сәид Мұхамемедтен алған.  Алланың рахымына пақыр пенде ( яғни Ахмадуддин) Осман мемлекет қазынасынан алған Пайғамбардың, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, осынау бір тал мүбәрак сақалын 1257 жылы рамазан айының бесі күні Рум қаласында мұсылман жамағатының қатысуымен білімдар, тақуадар Рум Муфтиі Мулла Иуаз Мұхаммеедке ризалығымен һәдия еткен.   Ал Мулла Иуаз Мұхаммед 1287 жылы сафар айының 8-күні (1870 жыл 7 маусым) осынау бір тал мүбәрак сақалды Исламбул қаласында екі харамның қажысы Дамулла Рахманбердінің ұлы Мулла Абдулханифке табыстаған.    Мүбәрак сақал туралы ешқандай күмән, шүбә болмасын, иншалла. Бұхараға жеткен соң ғұламалары және жұрты оны растасын, ұлықтап, құрметтесін, қастерлесін!   Аталмыш келісім 1287 жылдың 11 сафар күні (1870 жыл 10 маусым) сүннет һәм құжат жолымен Рум қаласында орналасқан өзбек нақшыбандия тәкиясында жасалды. Бұл тәкия Бұхара шәриф жолаушалырының тоқтайтын мейманханасы. Оны салған шейх Қажыбай марқұм. Қажы Иуртеке осынау бір тал мүбәрак сақалды шамамен миләди 1869 жылы алды.   Мен бұл мүбәрак сақалды 1921жылы март айында қажы Иуртеке қажыдан алдым. Алған адамның аты Бөкей қажы Сандыбайұлы.    Бөкей қажы қайтыс болғаннан кейін оның ұлы Әбдібек алды. Бөкей қажының қайтыс болған жылы 1924 жылдың фефраль айы. Құжаттағы мөрлер (солдан оңға қарай): Мұхаммед Иуаздың мөрі, Абдулқаййум әл-Бұхари әл –мәдәнидің мөрі Мулла Абдулмәжидтің мөрі Қажы Мұраттың мөрі Қажы арифтің мөрі Абдулкаримнің мөрі Қажы Әбул-хайыр Абдумунир әл –Мәдәнидің мөрі Баубек Йуртекенің мөрі. Бөкей қажы мешіт салып, дін уғыздаған тақуа жан болған. Ал Фатима Дайырованың әкесісол мешітте азаншы(мәжен) қызметін атқарыпты. Өмірінің соңында мүбәракті жарына аманаттап, ол өз кезегінде отбасында ер бала болмағандықтан қыздары Фатимаға тапсырған.Осындай иманды жандардың арқасында қасиетті бір тал сақал Қазақ жеріне кеп қалған.Кәзір ата аманатын арқалаған Фатима әжей Атбасар қаласының іргесіндегі Садовый ауылында тұрады. Кейуана көне жәдігерді әкесінің көзінің қарашығындай сақтап, қылышынан қан тамған кеңес кезінде қатты қиналғанын айтып берді. Дін мен уағыз тұрмақ ақ пен қызыл сөздерін ауызға алғаны үшін айдалып-атылып кетіп жатқан аласапыранда сақал салынған қобдишаны беліне байлап, үйіненбезіп тау тасқа түнеп жүріпті. Аманатты ұрпаққа аман жеткізу үшін отбасымен бірнеше қала ауыстырып көшіп-қонуға мәжбүр болған. Содан бері, әжей көне Құран кәрім мен Пайғамбарымыздың бір тал сақалы салынған қобдишаны ешкімге көрсетпей, қастерлеп ұстап келген. Енді еліміз имандылыққа бет бұрған кезде қасиетті жәдігерді мұсылман қауымына табыс етуді жөн көріпті. Екінші себеп өзінен кейін таза-дін жолында жүрген ұрпақ жоқ. Сөйтіп сақал салынған қобдишаны әжей Алматыға Діни мүфтиатқа апарып өз қолымен тапсырады.Кейбір кертартпалар күмән тудырмас үшін тағы да дәлел іздеген діндарлар жолға шығады. ҚМДБ-ның найб мүфтиі Серікбай Ораз бастаған бір топ имамдар Мұхаммед пайғамбардан қалған көне жәдігерлер сақталған Ирусалим мен Ыстамбұл қаласына барып келеді. Құр барып келмей шаһарлардағы түпнұсқалаларымен барлығын сәйкестендіріп, салыстырған уақытта  шыны ыдыстардың бір екендігі,  сол сақал салынған капсуланы бекіткен құтының аузындағы мөр мен оны сақтап келген осы күнге дейінгі сандықшаның мөрі және сол кездегі Осман мемлекетінің ресми қағаздарының барлығы сәйкес екендігіне көздерін жеткізіп қайтады. Тарихтан Осман империясының сұлтаны Ислам дінін қабылдаған елдердің басшыларына осындай тәбәрактарды сыйлық ретінде ұсынғаны белгілі.Мұндай сыйлық бірнеше жыл бұрын Елбасымызға Түрік мемлекетінен табыс етілген еді. Сондықтан Ақмола жерінен табылған бұл жәдігердің орны бөлек. Қастерлі заттың қазақ жеріне келуінің өзі бабаларымыздың ислам дінін берік ұстанғандығының белгісі дейді имамдар. Сонымен ақ-қарасы анықталып, шүбәсіз соңғы пайғамбарға тиесілі бір тал сақалды Фатима Дайырбекова ауыл жамағатымен бірге мүфтиятқа табыс етті. Әжей бүгін иығымнан ауыр жүк түскендей болды дейді. Осы аманатты кімге қалдырсам деген уайымнан талай түнді ұйқысыз өткізіпті. Қарияның сауапты қадамына риза болған Ақмолалық дін жолындағы азаматтар оған Атбасар қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етіп, ат мінгізіп шапан жапты.. Қасиетті жәдігердің ортақ мұра болып қалғанына Пайғамбар үмбеттерінің қуанышында шек болмады. Құран бағышталып, ас таратылып, мәуліт оқылды. Содан бері екі жұма уақыт өтті. Ақмоладан аттандырып жіберген аманат затымыз Астанаға барып зым-зия жоғалған сияқты. Мүфтият та үнсіз. 40 жыл бір шаңыраққа ғана шапағатын тиігізіп келген сақал шарифті  жалпы жамағат көруге мүмкіншілік жасалса. Астанадағы бас мешітке қойылып, оған қажылыққа баруға қаржысы жетпейтін талай қазақ тәу етіп жатса, қандай сауапты іс болар еді. Рамазан айының қарсаңында тәуекелге бара алмай жүрген талай мүмін тәубәсіне келіп, мұсылмандыққа бет бұрмасына кім кепіл. Әйтпесе Исаның қаны деп шарап ішіп , өздерін пайғамбар жариялап жүрген жындысүрейлер де бар емес  ортамызда. Солар көрсін, талай сахабаның қолы тиген соңғы пайғамбардың сақалын.  Әлде мүфтият пен діни агенттік бірлесіп садақа жинайтын банкомат пен терминалдар ашамыз деп бастары қатып жүр ме екен? Сіз қалай ойлайсыз ойлы оқырман?

 Жасұлан ЛЕСБЕКҰЛЫ,  

Ақмола облысы.

www.qazaquni.kz