Шығыстағы төтенше жағдайды жою жөнінде Үкіметтік комиссия құру қажет

nurtay-cabilyanov-12

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовке

депутаттық сауал

 

 

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

         2010 жылғы 17 наурызда ауа-райының жылынуынан Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарында елді мекендерді су басып, төтенше жағдай қалыптасуда.

         Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының Абай, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Үржар, Ұлан аудандарының 26 елді мекенін су басып, қатты зардап шегуде.

        Су астында 1187 тұрғын-үй, 1512 қора-жай, 323 қыстақ қалып отыр. 836 тұрғын-үй, 479 қора-жай, 24 қыстақ, 8 көпір қирап, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды су шайып кеткен.

        Су тасқынынан мыңдаған адам баспанасыз қалды, 8 296 ірі қара мал, 33400 қой-ешкі, 1960 жылқы малы қырылған.

      Өте күрделі жағдай Тарбағатай ауданында қалыптасып отыр. 18-19 наурыз күндері Тарбағатай ауданына қарасты Көкжыра, Жәнтікей, Қызыл-Кесік, Көктүбек ауылдарын су басып қалды. Қазір аудан бойынша 650 тұрғын-үйлер, 748 қора-жай, 50 қыстақ су астында қалған. 423 тұрғын-үйлер, 465 қора-жай, 24 қыстақ бұзылған. Аудан бойынша 34660 тұрғыны бар 13 ауылдық округтің 33 елді-мекенін су басу қаупі бар.

        Қолайсыз ауа-райы мен арнайы техниканың жетіспеуі төтенше жағдайды жою мен оның алдын алу шараларын шұғыл жүргізуге мүмкіндік бермеуде.

 

Осыған байланысты Сізден:

1. Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құру;

2. Су тасқыны салдарынан құлаған, пайдалануға жарамсыз болған үйлерді жаңадан салуға қаржы бөлу, тұрғын-үйлері жарамсыз болған азаматтардың өтініштері мен құжаттарын жеңілдетілген тәртіп бойынша (жарамсыз тұрғын-үйлердің құжаттарының, жеке куәліктің, салық төлеуші нөмерінің көшірмелерін нотариалды куәландырусыз) қабылдау;

3. Су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің азаматтарына шығын болған малдары үшін бюджеттен ақшалай өтемақы төлеу;

4. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттік материалдық резервтен қажетті азық-түлік пен киімдер, заттар бөлу;

5. Су алып кеткен елді мекендердегі мектептердің оқушыларын оқу процесімен қамтамасыз ету, мектеп түлектеріне бірыңғай ұлттық тест тапсыру және оқу орындарына түсу үшін жеңілдіктер мен жағдайлар қарастыру және бюджет саласы қызметкерлеріне еңбекақысын уақытында төлеу, пайдалануға жарамсыз білім және әлеуметтік объектілерді қайта салу;

6. Ата-аналары су тасқынынан зардап шеккен, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында ақылы бөлімде оқып жүрген студенттерге мемлекеттік грант, білім несиесін беру;

7. Су алып кеткен елді мекен тұрғындарына табыс көзінің жоқтығын ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде балаларына жәрдемақы беру, атаулы көмек көрсету;

8. Су тасқынынан бұзылған автожолдарды, көпірлерді қалпына келтіру, соның ішінде «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Боғас-Ақсуат» бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың Қызыл-Кесік ауылындағы көпірді қайта салу;

9. Төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қар тазалайтын арнайы техника қарастыруды сұраймыз.

Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз.

 

Құрметпен, Нұртай САБИЛЬЯНОВ,

Е.Апсалямов, А.Милютин, Е.Рахметов,

С.Ферхо, Т.Сыздықов, А.Смайыл.