Су болмаса, шу болады!

  Құлсарылық тұрғындар таңның атысынан кештің батысына дейін, ауыз судың жүруін аңдып, зәрезеп болады. «Әлқиссаны әуелі жергілікті басшылардан бастағанымыз жөн шығар» деп, «Жылыой-Тазалық» ЖШС-не ат басын тіредік. Мақсатымыз – ауыз судың аянышты ахуалын алдымен мәселенің қайнар көзінен анықтау.

  Аталған мекеменің бастығы Бауыржан Әбдірахмановтың айтуынша, жергілікті тұрғандар үшін ауыз судың ешқан­дай шиеленісті жағдайы жоқ екен. Атағынан ат үркетін аты көп бағдарламалардың баршаға тиесілі базарлығы үлестіріліп, барлық мәселелер оң шешімдерін тапқан. – «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша төрт елдімекенге су құбыры тартылып жатыр. Қосшағыл елдімекенінде 278 үйге су құбыры барды. Қалған тұрғындар құдық қаздырып алып, су құйдырып ішуде. Өткен жылдың қараша айында аудан әкімінің шешімі шығып, бүгінгі таңда тәулігіне бес мың куб ауыз су жіберіп, жергілікті тұрғындарды қамтып отырмыз. Бұйырса, бұл жұмыстарды таяу арада толық аяқталады деп күтудеміз, – деді, Б.Әбдірахманов әдемілеп жеткізген әңгімесінде. Сендік. Сенімге селкеу түспесін деген ниетпен қала ішін аралауды жөн көрдік. Кешқұрым №1 орталық ықшам ауданына бардық. Көзіміздің алғаш шалғаны – жалғыз терек түбіндегі тесікке үймелеген ағайындар болды. «Бақсақ, бақа екен» демекші, тар тесікке телміргендер ауыз судың жүруін аңдығандар екен. Жергілікті тұрғын Зәмзәгүл Шалабаева шағымын жеткізді. – Айналайындарым-ау, көрген күніміз осы. Ертелі-кеш судың жүруін бала-шағамызбен бағып отырамыз. Сусыз күніміздің қараң екені айтпаса да түсінікті. Жоққа шығармаймыз, бұрын суымыз алаңсыз жүріп тұрған. Су құбырын тартушыларға ақшасын төлеп жүргіздіріп алғанбыз. Алайда, бүгінгі таңда ол да сап тыйылды. Неге екенін, жергілікті билік өкілдері ғана білетін шығар. Біздің білетініміз, күнделікті ішер суға зәру болып отырғанымыз, – дейді. Осы ықшам ауданның тұр­ғыны Гүлшат Абдулина: «Су құбыры үйіміздің іргесінде жатыр. Бірақ, суға қарық болып отырғанымыз шамалы. Судың ақшасын жинағанда жақсы, ал, су берерге келгенде, төбелерін де көрсетпейді. Аталған мекемеге бара қалсақ, құр сөзбен шығарып салады. Әкімдер ауысады да жатады, керек десеңіз, аты-жөндерін де білмейміз. Әкімдер есеп бергенімен, қарапайым тұрғындар сол есепті де ести алмайды. Бізге келіп жай-жапсарды да біліп жатқан ешкім жоқ», – деген қара қазандай өкпесін айтты. «Жылыой-Тазалық» ЖШС-не тұрғындардың өкпелеуі орынды іспетті. Аталған мекеме ауыз су мен қаланың тазалығына да осы мекеме жауапты. Ал, қаланың тазалығы – ауызша ғана айнадай жарқырап тұрғанымен, әр үйдің қуысында қоқыс көп. Мекеме басшысы Б.Әбдірахманов күл-қоқыстың уақытылы алынып тұратындығын алға тартады. – Жалпы, біздің мекеме қа­рамағында 128 адам, 36 техника қызмет атқарады. Техника болған соң, бұзылмай тұрмайтыны белгілі. Шынына келгенде, тех­ника аздық етуде. Қалған жұмыстарға жұмысшыларымыз жұмылады. Айта кету керек, тазалық мәселесі таусылмайтын тақырып қой. Осыған жергілікті тұрғындарда атсалысса екен деп тілейміз. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары сөзсіз, – деді ол. Жұмыстың жасалып жатқан­дығы көрініп-ақ тұр, қоқыс жәшіктері тазартылған. Бірақ, айналасынан аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл келеңсіз көрініске жергілікті тұрғындардың да жауапкершіліксіз қарайтынын айтпасқа болмас. Әр тұрғын өз үйінің айналасына жауап беретін болса, мұндай келеңсіздіктер орын алмас еді. Жергілікті тұрғындар «аталған мекеме бар жүкті мойынына алған екен, солар жұмыстансын» дегенді тілге тиек етеді. Қалай болғанда да, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанға не жетсін?!. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы: «Тазалық – тәртіптің құлы» дегенді тегін айтпаса керек. Қалай десек те, Құлсары қоқыстан арылу керек. Алақандай қаланың айнадай жарқырап тұрар сәті әлдеқашан жеткен. Әйткенмен, ауыз су әлі де тұрғындарды алаңдатады. Күрмеуі қиын мәселені жоймақ ниетпен «Игілік» бағдарламасы қолға алынды. Ендігі үміт – сол «Игіліктің» игілігін ел көрсе дейміз... Қысқасы, Құлсарыда су болуға тиіс, су болмаса, шу болады. Жергілікті тұрғындар осыған бекініп отыр...

Асан-Темір ҚАРШЫҒА

Атырау облысы asan_iron@mail.ru