ШАРДАРА ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАДЫ

d182d3a9d0bbd0b5d0b3d0b5d0bd-d182d399d0b6d196d0b1d0b0d0b5d0b21d0b0d0bbd0b0d182d0b0d183-d0b1d0b0d182d18bd1805       

Шардарадағы Наурыз мерекесі ұлы тұлғаларды ұлықтаудан басталды. Жоңғар қалмақтарымен соғыста қазақ әскерінің бас сардары болған Алаштың айтулы Алатау батырының 450 жылдығы, Қоқан бегіне қарсы көтерілістің көсемі Мұсабек батырдың 195жыл, мемлекет және қоғам қайраткері Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдығы және Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойларын атап өтуге ауданның ерекше дайындалғанына куә болдық.

         Торқалы тойға Алматы мен Шымкенттен, көршілес аудандардан аузы дуалы ақын-жазушылар мен ел басқарған еңбек ардагерлері келіп қатысты.

          Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, ақын Темірхан Медетбек пен сазгер Мыңжасар Маңғытаев, белгілі қаламгерлер Нұрмахан Оразбек, Исраил Сапарбай, Бақыт Сарбала, Мамадияр Жақып, Қазыбек Иса, Өмірзақ Ақжігіт, Әмірхан Балқыбек, Темірхан Момбекұлы, педагогика ғылымдарының докторы Сандыбай Жайлауов, еңбек ардагері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қасқабай Асанов, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, ел ағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, зерттеуші-ғалым Ілесбек Байжанов, зерттеуші Асан Тұрабай секілді зиялы қауым өкілдері мерейтойға қонақ болып келді. Қаладағы үш бидің ескерткіштері мен үш батырдың мүсіндеріне және ұлы Абайдың тұғырына гүл шоқтарын қойып, тағзым еткен соң, зиялы қауым өкілдері Төлеген Тәжібаевқа қойылатын ескерткіш орнын барып көрді.

         Ұлы тұлғаларға құрмет ретінде ең алдымен көкпар жарысынан облыс чемпионаты өткізілді. Командалық әдіспен шапқан көкпар тартысына Шардара, Мақтарал, Төлеби, Түлкібас, Сайрам аудандарының шабандоздары қатысты. Шардараның даласын екі күн бойына дүбірге бөлеген айтулы додада Төлеби ауданының командасы І орынды иеленді, ІІ орынды Түлкібас ауданының командасы, ІІІ орын Мақтаарал ауданының командасына бұйырды.

         Жеңімпаз командалармен қатар ардагер шабандоздар мен атбегілер, үздік көкпаршылар да марапатталды.

         Тағы бір айта кетерлігі аудан әкімі М.Марайымның «Алғыс хаты» мен ақшалай сыйлықтары Шардарада ұлттық өнерімізді дамытуға үлес қосып жүрген ақын-жыраулар – Тәшман Шекеров, Құдайберген Өтешов, Әбдіғаппар Айдаров, Жиенбек Шырынбеков, Аманғали Ннияз бен Сәкен Бегмановтарға да берілді.

       Облыс чемпионаты аяқталған соң кәдімгі аламан көкпардың көрігі қызып сала берді. Шардаралықтар мен жоғарыдағы батырлардың бүгінгі ұрпақтары тіккен салымдарды облыс пен көршілес республикадан келген шабандоздар сарапқа салды. Соңғы салымға тігілген «Жигули» автокөлігі шардаралық шабандоз Мейрамбек Мырзашаевтың қанжығасына байланды.

         Ұлы тұлғаларды ұлықтауға арналған конференция Абай атындағы Мәдениетсарайында өткізілді. Конференцияны аудан әкімі Марғұлан Марайым сөз сөйлеп ашты.

       –Тәуелсіздік жылдары тарих қойнауында іздеусіз, сұраусыз қалған асылдарымыз аршылып жатыр. 1590 жылдар шамасында Тәуекел ханның Самарқан-Бұқар жорығында бас қолбасшы, Есім ханның құба қалмақпен шайқасқан жорықтары кезінде қазақ жасақтарының қарт ағасы болған, алғашқы ата заңымыз «Жеті жарғыны» құрастыруға қатысқан Алатау батыр исі қазаққа ортақ тұлға еді. Сол сияқты Мұсабек батыр Қалдарбекұлының Қоқан бегі Мырзабидің басын алған ерлігі де өз бағасын ала алмай келеді. 1858 жылы Оңтүстік Қазақстандағы Қоқан хандығы басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрестің көсемі болған Мұсабек батырдың есімі халқымызбен бірге жасай беруі тиіс.

         Шардара ауданының Сүткент ауылында дүниеге келген Төлеген Тәжібаевтай ғұлама ғалымды толық тану енді басталды. Тоталитарлық кезең тұсында есімі тұмшаланып келген ғалым ағамыз нағыз кемеңгерлік пен зиялылықтың үлгісін көрсеткен тұлға болды. 30 жасында халық ағарту комиссариатының комиссары, 32 жасында Республика үкіметі төрағасының орынбасары, сыртқы  істер комиссариаты комиссары қызметтерін атқарған Төлеген Тәжібаев БҰҰ мінберінде алғаш болып сөз сөйлеген қандасымыз болып тарихта қалды.

           Осынау тұлғалар ел қорғаны, ел мақтанышы. Олардың ерлік істерін айтып, жас ұрпаққа жеткізу біздің парыз,– деді Марғұлан Зұлхарнайұлы.

           Конференцияға арнайы қонақ болып келген Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев та шардаралықтардың қуанышын бөлісіп, құттықтау сөз сөйледі. Белгілі қаламгерлер Оразбек пен Темірхан Медетбек тебіреніске толы сезімдерін жеткізді. Зерттеуші ғалым Ілесбек Байжанов Алатау батыр туралы, педагогика ғылымдарының докторы, ұстаз Сандыбай Жайлауов Төлеген Тәжібаев жайынад, ақын Қазыбек Иса Мұсабек батыр жөнінде баяндамалар  жасады.  Конференциядан соң батыр бабалар мен ғалым ағаның рухына арналып ас берілді. Ас үстінде Социалистік Еңбек Ері, кезінде КСРО Жоғары Кеңесі депутаты болған Боранбай Шүкірбеков, XII шақырылған Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы хатшысы Ннұрлан Әбжаппаров, Өзбекстан Жоғары Кеңесі депутаты болып, көрші елде үш рет аудан басқарған ел ағасы Бегім Серіков, еңбек ардагері Ізетбек Тұрысбеков, Төлеген Тәжібаевтың туыстары және тағы басқалар сөз сөйледі. Оларға аудан әкімі Марғұлан Марайым лайықты сый-сияпат көрсетті.

                Осылайша қазақ тарихында үлкен орындары болғанмен, әлі бағаланбай келе жатқан ұлыларды ұлықтау Шардара жерінде басталды. Ендігі кезек қос астана мен облыс орталықтарында...

 

Әділ ӘБДІРАМАНОВ.

 

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы әкімі

Марғұлан МАРАЙЫМ мырзаға

Қадірлі Марғұлан Зұлқарнайұлы!

         Ұлыстың Ұлы күні - Әз Наурызды бар қазақтың бас қолбасшысы, атақты Алатау батырдың 450 жылдығы, Қоқанға қарсы көтерілістің көсемі Мұсабек батырдың 195 жылдығы және көрнекті мемлекет қайраткері, академик Төлеген Тәжібаевтың 100 жылдығын атау арқылы қарсы алып отырған шардаралық жерлестерімді осынау зор мерекелерімен құттықтаймын!

            Қазақ тарихындағы шешуші кезеңдерде, Тәуекел ханның , Есім ханның және Салқам Жәңгірдің, яғни ұзақ дәуір Бас қолбасшы болып, байтақ жерді қорғаған, ел ұранына айналған Алаштың Алатау батырын қалай ардақтасақ та жарасады. Қоқанның бегі Мырзабидің басын алған Мұсабек батырдың да бағалана бастауы енді қолға алынуда. Әлемнің ең жоғары мінбері - Біріккен Ұлттар Ұйымында алғаш сөйлеп, баяндама жасаған біртуар қайраткер Төлеген Тәжібаевты да қадірлеу кешеуілдеп келе жатқаны белгілі. . Осынау ұлағатты шараның Шардарадан басталуы мен үшін үлкен қуаныш. Ел тарихында ерекше орны бар ұлыларымызды ұлықтауда осы өлкенің перзенті ретінде қолдан келген көмегімді көрсете алатынымды жеткізгім келеді.

            Ұлыс оң болып, ұлыларымызды ұлықтау зор бола берсін деп, шырайлы Шығыс, асқар Алтайдан, өскелең өскемендіктер атынан ақ тілегімізді арнаймыз!

Ислам ӘБІШЕВ,

Өскемен қаласының әкімі

19.03.2010.