Жанболат МАМАЙ, «Рух пен тіл» клубының жетекшісі: ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ТӘРК ЕТЕТІН «Кедендік одаққа» қарсы үн көтереміз!

       d0b6d0b0d0bdd0b1d0bed0bbd0b0d182-d0bcd0b0d0bcd0b0d0b9-2 ...Мемлекеттік тіл, ұлт, жер проблемасы көтерілетін жиындар неге Алматының бір түкпірінде өтуі тиіс? Бұл мүлде дұрыс емес. Осы себептен біз жиынды Астана алаңында өткізбекпіз. Рұқсат берсе де, бермесе де. Тіпті, «Сарыарқаның» артын берсе де, біз оған шықпаймыз. Бәрібір Астана алаңына барамыз. Оған шығуға жастарға ешкім де тыйым сала алмайды. Француз жастары айтпақшы, біз «тыйым салуға тыйым саламыз!».

           Ең алдымен, тәуелсіздікті тәрк етуге бағытталған «Кедендік одаққа» қарсы үн көтереміз. Егер осы жолы егемендіктен қолдан айырылып, орыс бодандығына қайта оралсақ, келешек ұрпақ мұны кешірмес. Сондықтан, осы мәселені біз алға шығаруды көздеп отырмыз. Қазақ жастары «мемлекет басшысы мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс!» деген мәселені көптен айтып жүр. Егер ол кісі мемлекеттік тіл мәселесін шешуге шын мәнінде бет бұрса, президент үшін бұл оңай жұмыс. Бірақ, Назарбаевтың өзі орысша сөйлеген соң, айналасындағылар да, биліктегілер де өз ойын орыс тілінде жеткізеді.

           Бұл не сұмдық сонда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осы және басқа да сауалдарды ел басшылығының алдына қоймақпыз.

           Президент «мен сайлаушылардың тілінде сөйлеймін» дейді. Сонда оның сайлаушылары кім? Егер орыстар болса, онда ол кісі сайлауда 23 пайыз дауыс жинар еді. Онда ол кісі қалайша президент атанды?! Ал, қазақ халқы да қолдады деп ойласа, онда мемлекеттік тілде неге сөйлемейді?

          Митингінің басты ұранын: «Біз өзгерісті қалаймыз!» деп белгіледік.

«Қазақстан»