Тасқыннан зардап шеккендер – МЕМЛЕКЕТ назарында…

3
997

Шығысқа келген шенеуніктер шешімі не болды?

Шығыс Қазақстан облысының су тасқынынан зардап шеккен Тарбағатай мен Зайсан аудандарындағы жағдайды көзбен көріп, тиісті шешімдер қабылдау үшін наурыз айының соңғы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бастаған, бірнеше министр орынбасарлары мен Мәжіліс депутаттарынан құралған Үкіметтік топ өңірге арнайы келді.

              Арқа төсінен асыға жеткен Үкімет мүшелерін Өскемен әуежайынан күтіп алған облыс әкімі Б.Сапарбаев бірден Зайсан ауданына алып кетті. Олар 18 наурыз күні кенеттен келген қызыл судың кесірінен 34 баспанасы су астында қалып, 85-ке жуық қой-ешкісі мен 60-тан астам ірі-қарасы шығын болған Тасбастау ауылына ат басын тіреді. Қираған баспаналарды көрді. Тасқыннан жапа шеккен тұрғындармен кездесті.

– Бізді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сонау жерден арнайы жіберіп отыр. Сіздердің жағдайларыңызбен жан-жақты танысып, тиісті шешімдер қабылдап, көмек қолын созуға келдік, – деді тұрғындар алдында сөз алған Өмірзақ Шөкеев.

          Содан кейін ол табиғаттың тосын мінезінен әуре-сарсаңға түскен тұрғындарға мемлекет пен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілетін көмектерге жеке-жеке тоқталды. Ол қандай көмектер?

        Бірінші, баспанасы жарамсыз болып қалған тұрғындарға мемлекет тарапынан тиісті қаржы бөлінеді. Әр отбасындағы адам саны ескеріліп, қаржы қарастырылады. Бірақ тұрғызылатын үйдің шаршы метрі 65 мың теңгеден аспауы керек. Екінші, жөндеу жұмыстарын қажет ететін баспаналарға да көмек көрсетіледі. Бірақ көмек қаржы ретінде емес, облыс әкімдігі тарапынан құрылыс жұмыстарына қажетті материалдар ретінде бөлінеді. Жөндеу жұмыстарын тұрғындар өздері жүргізеді. Үшінші, Төтенше жағдайлар министрлігінің қорынан тасқыннан зардап шеккен әр отбасыға 10 адамдық (негізінен баспанасы жарамсыз болып қалған тұрғындарға) бір палаткадан және 1 пештен беріледі. Төртінші, тұрғындар төсек, көрпе-жастық, өзге  де заттардан зәрулік көрсе, оған ауыл әкімдері көмек қолын созады. Бесінші, тасқыннан зардап шеккен аудан тұрғындарына бастапқы көмек ретінде азық-түлік бөлінеді. Олар: 1 қап ұн, 10 келі күріш, 5 келі гречка, 3 келі сары май, тушонка, 10 келі қант. Алтыншы, үйлері қирап, баспанасыз қалған отбасыларға жан басына материалдық көмек ретінде 5 мың теңгеден беріледі. Жетінші, малы шығынға ұшыраған тұрғындарға «Қазагро» ұлттық компаниясы есебінен несие бөлінеді. Бұл істі «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы «Жайлау» бағдарламасы бойынша жүзеге асырады. Яғни, несиеге мал беріледі. 5 жылға. Несиенің пайызын төмендету облыс әкімінің мойнына жүктеледі. Сегізінші, зардап шеккен аудан тұрғындарының Өскемен мен Семейдің жоғарғы оқу орнында оқитын балалары биылғы жылғы төлемақыдан босатылатын болды.

           Бұл көмектер – Зайсан мен Тарбағатай ауданына ортақ. Өмірзақ Шөкеев Тасбастаудан кейін Тарбағатай ауданының тасқыннан ерекше қиындық көрген Жәнтікей мен Көкжыра ауылындарын аралап, жағдайды көзбен көріп, тұрғындарымен кездескенде де осыны айтты.

Ө.Шөкеев өз кезегінде үй тұрғызу, жөндеу жұмыстарына тұрғындардың  өздерінің де араласап, бас-көз болуы керектігіне де тоқталды.

– Сіздер Үкімет бәрін береді деп қол қусырып отыра бермей, жұдырықтай жұмылып жұмыс істегендеріңіз жөн. Біздің мақсат – үш-төрт айда барлығын қалпына келтіру. Оған күш те бар, тәжірибе де бар, – деді ол.

            Осы күні облыстағы тасқын су алған аудандармен және апаттың зардаптарын жоюмен шұғылданатын оперативті штаб құрылды. Оған Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев жетекшілік ететін болды.

           Астанадан келген бас қонақ аймақтағы жағдаймен толық танысып болғаннан кейін Өскеменде өткен төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабтың мәжілісіне қатысып, өңірдегі су тасқынының алдын-алу шараларына байланысты ұсыныстарын айтып, тиісті міндеттер жүктеді. Төтенше жағдайлармен күрес жүргізудің оңай іс емес екенін түсінген Прьемер-министрдің біріншіорынбасары бұл іске тәжірибелі басшыны жұмылдыру қажеттігін қадап айтты. Айтып қана қойған жоқ, ол адамның атын атап, түсін түстеп берді.

– Облыста төтенше жағдайлар жөніндегі арнайы комиссия құруды және оны басқаруды Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішевке жүктеуді тапсырамын. Ислам Алмаханұлының бұл бағыттағы тәжірибесі өте мол. Бірнеше жыл бұрын болған Оңтүстік Қазақстандағы алапат су тасқынының зардабын жою іс-шараларына жетекшілік еткен, – деді Өмірзақ Естайұлы.

 

P/S   Астанада жайлы креслода тербелген шенеуніктер не болса да елдің жағдайын көзбен көріп қайтты бұл жолы. Көп нәрсеге қанықты. Тек қырдан «қырық қадам» аттағаннан кейін жұрттың жағдайын жадынан шығармаса болғаны. Мемлекет тарапынан әзірге бөлінген көмек (соңғысы болмасын деңіз – А.Ә) тасқыннан зардап шеккен ағайынның шекесін шылқыта қоймасы анық. Сондықтан Астанадағы бюджеттің қазанын қайнатқан қауым Тарбағатайдағы жұрттың жағдайын естен шығармағаны дұрыс.

 

Азамат ӘБІЛҰЛЫ

ӨСКЕМЕН

3 ПІКІРЛЕР

  1. Іскер Исламның Оңтүстіктегі ерен еңбегін Шөкеев ұмытпаған екен ғой.Сапарбаев пен Ислам Әбішев қосылса, бітпейтін іс жоқ шығар.Адам шығыны болмауы, алдымен Алланың, содан соң осы бейнетқор әкімдердің іскерлігі болар. Абай.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз