Қазақстанда жолаушылар тасымалы 2,9% өсті

Қазақстанда жолаушылар тасымалы 2,9% өсті

2026 жылғы қаңтар–қазан айларында Қазақстанда барлық көлік түрімен 1,64 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға артық.

Есепті кезеңде жолаушылар айналымы 80,3 млрд жолаушы-километрді құрады (жолаушылар айналымы – тасымалданған барлық жолаушының жүріп өткен қашықтығының жиынтық көрсеткіші). Бұл өткен жылдың қаңтар–қазан айларымен салыстырғанда 8,1%-ға өсті. Жолаушыларды барлық қатынас түрлері бойынша тасымалдаудан түскен кіріс 1,4 трлн теңгеге жетті.

Жолаушылар тасымалының негізгі көлемі автомобиль және қалалық электр көлігіне тиесілі. Он айда бұл көлік түрлерімен 1,61 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға артық. Аталған көлік түрлерінің жолаушылар айналымы 38,8 млрд жолаушы-километрді құрап, 9,5%-ға өсті.

Әуе көлігімен 13,8 млн жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артық. Жолаушылар айналымы 10,7%-ға өсіп, 28,2 млрд жолаушы-километрді құрады. Әуе тасымалынан түскен кіріс 852,1 млрд теңгеге жетті.

Ішкі су көлігімен 267,7 мың жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8%-ға көп. Жолаушылар айналымы 10,8%-ға артып, 5,2 млн жолаушы-километрді құрады.

Теңіз және жағалау көлігімен 46,8 мың жолаушы тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5 есе көп.

Теміржол көлігін 15,7 млн жолаушы пайдаланды. Жолаушылар айналымы 13,3 млрд жолаушы-километрді құрады.

Жолаушылардың ең көп саны Алматы қаласында – 394,8 млн адам, Астана қаласында – 285,6 млн адам және Қарағанды облысында – 122,2 млн адам тіркелді.

Өткен жылмен салыстырғанда тасымалданған жолаушылар саны Шымкент қаласында – 27,1%-ға, Астана қаласында – 10,3%-ға, Қарағанды облысында – 9,2%-ға және Жетісу облысында 8,4%-ға айтарлықтай өсті.

Жолаушылар айналымының ең жоғары көрсеткіші Алматы қаласында – 24,7 млрд жолаушы-километр, Астана қаласында – 15,1 млрд және Шымкент қаласында 6,4 млрд жолаушы-километр тіркелді.