Шикізат экспортынан дайын өнімге: Қазақстан агроөнеркәсібінің жаңа бағыты
2026 ж. 19 қараша
30
0
Қазақстанның ауыл шаруашылығында өндірістік әлеует жеткілікті болғанымен, оның экономикалық қайтарымы әрдайым жоғары емес. Өйткені біз әлі де көптеген ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сатуға бейімбіз. Ал дайын өнім шығару, оны қаптау, сақтау және халықаралық нарыққа бренд ретінде ұсыну мәселесінде мүмкіндіктеріміз толық пайдаланылмай келеді.
Мысалы, астықты тек шикізат ретінде экспорттаумен шектелмей, одан ұн, макарон, құрама жем және басқа да дайын өнімдер өндіруге болады. Сол сияқты етті жай ғана сатпай, оны өңдеп, сапалы жартылай фабрикаттар мен дайын тағам өнімдерін шығаруға мүмкіндік бар. Сүт өндірісінде де ірімшік, құрғақ сүт, май және басқа тауарлардың өндірісін кеңейту маңызды.
Терең өңдеу ауылдық жерлерде жаңа кәсіпорындардың ашылуына, тұрақты жұмыс орындарының пайда болуына және өнімнің қосылған құнының артуына жол ашады. Бұл ретте заманауи қоймалар мен тоңазытқыш жүйелерінің, логистикалық орталықтардың маңызы зор. Өнімді уақытында сақтап, сапасын жоғалтпай жеткізу – бәсекеге қабілетті экспорттың негізгі шарттарының бірі.
Қазақстандық өнімнің сыртқы нарықта танылуы үшін сапа стандарттарын сақтау, ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды орындау да шешуші рөл атқарады. Бұл бағытта шағын өндірушілерге технологиялық және қаржылық қолдау көрсету қажет.
Агроөнеркәсіп кешенінің табысы тек қанша өнім өндірілгенімен өлшенбеуі керек. Ең бастысы – сол өнімнің қаншасы ел ішінде өңделіп, қанша қосымша құн мен жұмыс орнын қалыптастырғаны. Қазақстан аграрлық держава болуды мақсат етсе, шикізат сататын елден дайын өнім өндіретін мемлекетке айналуы тиіс.
Г. Садық,
Қазақ үні