ӨМІР МЕН ӨЛІМ АРАСЫНДАҒЫ МАЙДАНДЫ ӨЗІМ ТАҢДАДЫМ
2026 ж. 19 қараша
145
5
Адам өмірі үшін арпалысқан сәтте уақыттың әр минут емес, секундтың өзі құнды. Науқастың үміті үзілмесін деп бар күш-жігерін жұмсап, ажалмен бетпе-бет келген науқасты өмірге қайта оралту – кез келген жанның қолынан келе бермейтін ерен ерлік десе болғандай. Бұл – білім мен біліктілікті ғана емес, асқан сабырлылықты, төзімділікті талап ететін мамандық. Өмір мен өлімнің арасындағы осындай күрделі майданды жүрек қалауымен таңдаған жандардың бірі – Қарасай аудандық ауруханасына қарасты Жұқпалы аурулар бөлімшесінің Жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, реаниматолог-анестезиолог Дархан Ізбасқанов.
Оның медицинаға келуіне анасы себепші болған. Бала кезінен көріп өскен ананың өнегесі мен ақ тілегі қабыл болып, ол бүгінде елдің алғысын арқалақан ақ халатты абзал жанға айналды. 1983 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Бөген ауылында дүниеге келген Дархан көпбалалы отбасында тәрбиеленді. Анасы ауылдық жерде қырық жылға жуық медбике болып жұмыс істеді. Анасының үй-үйді аралап, науқастарға көмек көрсеткенін көріп өскен ол ауырып тұрған жанға көмек қолын созудың қаншалықты пайлалы әрі сауапты жұмыс екенін өте жақсы біледі. Әсіресе тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде медицина қызметкерлерінің мойнына түскен салмақты оның анасы да сезінді. Анасының күн түн демей адам өмірі үшін жасаған еңбегі оның санасында сақталып қалды. «Анам маған: "Балам сабақты өте жақсы оқы, болашақта дәрігер боласың" деп қакмшылап отыратын. Өзі кезінде қазіргі Асфендияров атындағы университетке екі жыл қатарынан тапсырып, түсе алмапты. Сондықтан болса керек, "Мен жете алмаған арманға сен жет" деп тілеулес болды. Сондай-ақ анамның інісі де дәрігер, анестезиолог. Ол кісінің әңгімелерін тыңдап, ауыр операциялардан кейін адамдардың қалай аяққа тұрғанын естіп, көкейіме түйіп өстіп», – дейді кейіпкеріміз.
2000 жылы орта мектепті бітірген жас талапкер Ақтөбе медициналық академиясының педиатрия факультетіне оқуға түседі. 2006 жылы өз саласы бойынша жоғары білім алды. Бір жыл Қызылорда қаласында интернатурадан өтті. 2007 жылы Арал ауданындағы ауылдық елді мекендерде дәрігер-педиатр болып еңбек жолын бастады. Аманөткел, Қызылжар ауылдарында қызмет атқарып, аурухана бас дәрігері міндетін де абыроймен атқара білді. Ауыл медицинасының қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтаған жылдар оның кәсіби маман ретінде қалыптасуына септігін тигізді.
2013 жылы Арал аудандық ауруханасына ауысып, анестезиология және реаниматология саласы бойынша шеберлігін шыңдай түсті. Келесі жылдан бастап жансақтау бөлімінде дәрігер-анестезиолог, реаниматолог ретінде еңбек етті. Адам өмірі үшін күресетін жүгі ауыр салада талай тағдырмен бетпе-бет келіп, науқастың өмірі үшін жан алысып, жан берісті. 2022 жылы отбасымен Алматы облысының Қарасай ауданына қоныс аударып, аудандық орталық ауруханаға жұмысқа тұрды.
Бүгінде білікті маман Жұқпалы аурулар бөлімшесінің Жансақтау бөлімшесін басқарады. Балалар мен ересектердің өмірін сақтап қалуға бар білім-білігін арнаған майталман маман талай жанның алғысымен көгеріп, көктеп келеді десек артық айтқандық емес. Жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар маман Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларында кәсіби білімін жетілдірді. Дәрігер Арал ауданының және Қызылорда облыстық денсаулық сақтау департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталып, ел алдында еңбегі еленді.
«Нағыз өмір мен өлім арасындағы майдан атанған мамандықтың әр минуты шұғыл әрі дұрыс әрекетті талап етеді. Әсіресе, жұқпалы аурулар бөліміндегі жансақтау қызметінің жауапкершілігі орасан зор екендігі көпке мәлім. Қарасай ауданы – халқы тығыз орналасқан, тұрғындар саны жарты миллионға жуықтайтын іргелі өңір екенін ескерсек жұмыстың күрделілігі, өздігінен түсінікті. Мұнда балалардың үлесі мен туу көрсеткішінің жоғары болуы да дәрігерлерге артылар міндеттің ауқымын кеңейте түседі.
Жаз мезгілінде жедел ішек инфекцияларына шалдығатындардың қатары жиілесе, күзде жоғары және төменгі тыныс жолдарының қабынуы, вирустық инфекциялар, өкпе қабынуына ұшырайтындар көптеп танылады.
Қызмет барысында Дархан Сағымбазарұлы менингит секілді аса қауіпті дертке шалдыққан науқастарды да емдейтінін айтады. Мұндай сәтте дәрігердің жылдам шешім қабылдауы, кәсіби тәжірибесі мен әрбір әрекетінің дәлдігі аса үлкен рөл атқарады.
«Біздің жұмысымызда әрбір секунд аса маңызды. Адам өмірін сақтап қалу үшін бар күш-жігеріңді аямайсың. Өмір бар жерде өлім бар екені де түсінікті. Десе де, бала болсын, ересек адам болсын, ажалдан арашалап, қайта аяққа тұрғызған сәттегі сезімді өте бөлек. Бұл сәт дәрігердің жүрегінде де мәңгі сақталады. Науқаспен бірге күресіп, бірге қуанып, оның жан дүндүиесінде болып жатқан сезімді өзің де бастан өткересің», – дейді ол.
Осындай сәулелі сәттердің бірі – ауыр халде жеткізілген 7-8 айлық сәбидің өмірін сақтап қалу кезі болды. Менингит диагнозымен түскен нәрестенің жағдайы аса ауыр болды. Анасының сабырлылығы мен дәрігерлерге деген зор сенімі де емдеу барысында үлкен қолдау болғанын атап өткен жөн Он төрт күнге созылған күрделі емнен кейін сәбидің жағдайы тұрақталды. Осылайша ол палатаға ауыстырылды. Өмір үшін арпалысқан әрбір дәрігер үшін бұл өте үлкен қуаныш.
Осы орайда білікті маман Дархан Ізбасқанов науқастың сауығып кетуі тек дәрігердің біліміне ғана емес, әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігіне де байланысты екендігін тілге тиек етті. Әсіресе балаларды түрлі жұқпалы аурулардан қорғауда ата-ананың ең басты міндеттерінің бірі. Көпшілік шоғырланған орындарға кішкентай балаларды себепсіз ертіп бармау, жеке гигиена талаптарын сақтау, аурудың алғашқы белгілері байқалғанда дер кезінде дәрігерге қаралу – сияқты қағидатар қарапйым көрінгенімен аса маңызды. Өкінішке орай осыны елеп ескермеудің салдарынан ата-аналар қоғамда жұқпалы дерттің өршуіне үлес қосып жатады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығы тектен-текке айтылмаған. Баланы бақыт десек, сол бақытымыздың баянды болуы үшін әрбір ата-ана еңбектенуі тиіс деп ойлаймын. «Денсаулық – басты байлық» екенін ескеріп ең бірінші кезекте баланың саулығын сақтауға мән берген жөн. Ата-аналар балаларын суықтан қорғап, аурудың алдын алу шараларына бейжай қарамаса, жағдай да қалыпты болады», – дейді дәрігер.
Реаниматологтың жұмысы ауруханадағы кезекшілікті атқарудан ғана тұрмайды. Жұмыс күнінің басында әріптестерімен бірге ешкімнің жансақтау бөліміне түспеуін тілейтіндігін айтады дәрігер. Ал жұмыс аяқталған соң да науқастардың жай-күйі ойынан бір сәт шықпайтынын жасырмайды. Қай емнің тиімді болатынын, қандай дәрі-дәрмек қосу керектігін ой елегінен өткізіп, әр науқастың сауығуына себепші болып жүретін маман бір сәт те тыным алмайтын тәрізді. Оның айтуынша, дәрігерлік мамандықтың күрделілігі – ауыр халдегі адамды өмірге қайта алып келу болса, ең үлкен қуанышы – сол жанды отбасына аман-есен шығарып салу.
Дәрігерлік – жай ғана кәсіп емес, адам тағдырына деген адалдық пен жауапкершіліктен тұратын маңызды мамандық. Өзгенің өміріне жауап беру бұл аса үлкен жауапкершілік. Біреудің үмітіне айналып, бір отбасының көз жасын сүртіп, олардың басына түскен үлкен қауып-қатерді сейілту – дәрігер деген ең ір мәртебелі мамандықтың міндеті.
Дархан Ізбасқанов алғыс арқалап, абырой биігінен көрінген абзал азамат. Әр күнін адам саулығына арнап жүрген дәрігердің ақ тілегі – ел аман, жұрт тыныш, әр шаңырақта денсаулық пен қуаныштың салтанат құруы. Осынау жүгі ауыр, жауапкершілігі мол жолда ол әріптестеріне мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейтіндігін атап өтті.
Атына заты сай дархан пейілді Дархан дәрігердің сөзінше, адам өмірін сақтау жолындағы еңбек марапатпен өлшенбейді, аман қалған әрбір ғұмырда дәрігер маманның ең үлкен жеңісі!
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz