Жақын арада «Самұрық-Қазына» жаңа төрағасы тағайындалады — Бектенов

Жақын арада «Самұрық-Қазына» жаңа төрағасы тағайындалады — Бектенов

Премьер-министр, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов Қор басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға түсініктеме берді. Оның айтуынша, жақын арада Қор басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады, ал құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Олжас Бектеновтің мәлімдеуінше, қазір құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Істің барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Бұл ретте Президент жағдайды бақылауында ұстап отыр.

Премьер-министр құзыретті органдар тергеуді заң талаптарын сақтай отырып, объективті әрі жан-жақты жүргізуге тиіс екенін атап өтті.

Оның сөзінше, қазіргі жағдай нақты бір оқиғаға қатысты. Сондықтан оны Қордың бүкіл компаниялар тобының жұмысына күмән келтіруге негіз ретінде қарастыруға болмайды.

Бектенов жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалатынын айтты. Басшылық ауысқанына қарамастан, басқару сабақтастығы мен Қор жұмысының үздіксіздігі сақталады.

— Қор тобына кіретін барлық компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бекітілген жоспарларға сәйкес жалғасады. Инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық қаржылық, шарттық және борыштық міндеттемелер уақтылы әрі толық көлемде орындалады, — деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр орын алған жағдай корпоративтік басқаруды жетілдіруді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу шараларын күшейтуді талап ететінін айтты.

Осыған байланысты Қордың және еншілес ұйымдарының директорлар кеңестері мен олардың жанындағы комитеттердің, әсіресе аудит және тәуекелдерді басқару комитеттерінің рөлін арттыру көзделген.

Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері де қайта қаралады. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мүдделер қақтығысын анықтау, шешімдердің ашықтығын арттыру және басшылардың жеке жауапкершілігін күшейтуге басымдық беріледі.

— Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру, — деді Бектенов.