Қазақ тілді жұмыс сұраушыға “тіл үйрен, ауылға қайт” деген әйел 10 күнге қамалды – заңгер
2026 ж. 07 қараша
70
0
Белгілі заңгер Мейірман Шекеев қазақ тілінде сөйлейтін азаматты орыс тілін білмегені үшін жұмысқа қабылдаудан дөрекі түрде бас тартқан Ольга есімді әйелдің әкімшілік жазамен құтылғанын мәлімдеді. Заңгер полицияның аталған іс бойынша берген ресми жауабын жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әйелге қандай жаза тағайындалды
Алматы қалалық полиция департаментінің заңгерге берген ресми жауабына сәйкес, прокуратурадан тиісті тапсырма түскеннен кейін Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әйелдің жүрген жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген. Нәтижесінде полиция қызметкерлері Ольганың жүрген жерін анықтап, оны полиция бөліміне жеткізген. Сол жерде әйелден оқиғаның мән-жайына қатысты түсініктеме алынған. Жиналған материалдарды қарау нәтижесінде оның әрекетіне “әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес құқықтық баға берілген”.
«Істі сотта қарау нәтижесінде О.А-ғақатысты 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды», – делінген полицияның ресми жауабында.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары әйелдің қазақ тілінде сөйлейтін азаматтарды жұмысқа қабылдаудан бас тартқаны және айтқан сөздері үшін кешірім сұрағанын хабарлады. Дегенмен заңгер Мейірман Шекеев Ольганың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық белгілерімен қатар, қылмыстық кодекстің 174-бабы немесе 145-бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық белгілері де бар деп есептейді.
Оқиға неден басталды
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматы қаласының тұрғыны жұмыс іздеп хабарласқан азаматты мемлекеттік тілде жазғаны үшін балағаттап, бейәдеп сөздер қолданған хат алмасудың скриншоттары тараған болатын. Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудызған еді. Таралған ақпаратқа сәйкес, хат алмасуда көрсетілген телефон нөмірі қоғамдық тамақтану саласында кәсіпкерлікпен айналысатын әйелге тиесілі. Ол жұмыс іздеушінің мемлекеттік тілде хабарласқанына ашық наразылық білдіріп, оны жұмысқа қабылдаудан бас тартып қана қоймай, жеке басына тіл тигізген. Атап айтқанда, желіде тараған жазбаларда әйелдің мынадай сөздер айтқаны көрсетілген:
«Всякую шваль я не собираюсь брать на работу» («Кез келген оңбағанды жұмысқа ала бермеймін»), «Учи язык» («Тіл үйрен»), «Езжай в аул к себе и не позорь Алматы» («Ауылыңа қайт, Алматыны масқаралама»), «Позорище» («Масқара»), «Кроме своего казахша ни х..я не умеешь» («Өзіңнің қазақшаңнан басқа түк те білмейсің»).
Әйелдің мұндай дөрекі жауабы қазақтілді қоғамның наразылығын туғызды. Қоғам белсендісі Диас Құзаиров Алматы қалалық полиция департаментіне арыз түсіріп, оқиғаға құқықтық баға беруді және кінәлі адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. Кейін құзырлы органдарға белгілі заңгер Мейірман Шекеев те арыз жолдаған.