Миллиардтар шетелге кетіп, отандық өндіріс тұралап тұр: «Ақ жол» Үкіметке сауал жолдады
2026 ж. 04 қараша
56
0
«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы
ҚР Ұлттық экономика министрі
С. М. Жұманғаринге
Авторы – Құрылтай депутаты Дәурен Ахметжаев
Бүгінде жаңа өндіріс құру үшін инвестиция көлемі 2 миллион АЕК, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды кеңейту немесе жаңғырту үшін 5 миллион АЕК белгіленген.
Соның салдарынан өндіріс ашып, жұмыс орындарын құрып, отандық өнім шығарып отырған кәсіпкерлер жаңа жобаны енді бастаған инвесторларға қарағанда қолайсыз жағдайда қалып отыр. Өйткені өндірісті жаңғырту әрдайым жаңа зауыт салуды талап етпейді. Көп жағдайда жабдықтарды ауыстыру, өндірісті автоматтандыру немесе өнім көлемін ұлғайту жеткілікті.
Алайда мұндай жобалар жоғары инвестициялық шектерге байланысты мемлекеттік қолдау ала алмай келеді.
Бірақ бүгінгі күнге дейін инвестициялық преференциялардың отандық өндірушілер үшін қолжетімділігі шешімін тапқан жоқ. Сонымен қатар өндірісті кеңейту үшін қаржыландыру ғана емес, өнімін өткізу де үлкен мәселе болып тұр.
Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ірі өндірістердің айналасында экономикалық экожүйе қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Құрылыс материалдарын, металл конструкция-ларын және инженерлік жабдықтарды елімізде өндіруді дамыту қажеттігін көрсете отырып, мұндай бастамалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізіне айналуға тиіс екенін айтты. Сондай-ақ, «Ұлттық қор қаражатын импортты қаржыландыру үшін пайдалануға болмайды» деп нақты міндет қойды.
Алайда іс жүзінде көптеген сатып алуларда импорттық өнімдерге басымдық берілуде. Соның салдарынан миллиардтаған қаржы шетелге кетіп, отандық өндіріс қажетті көлемде дамымай отыр.
Нәтижесінде кәсіпкерлер өнімнің өзіндік құнын төмендете алмайды. Өйткені өндіріс көлемі жеткіліксіз.
Ал тұрақты өткізу нарығы болмағандықтан өндірісті ұлғайтуға да мүмкіншілігі жоқ.
Осылайша отандық өндірушілер үшін тұйық шеңбер қалыптасуда.
Осыған байланысты Үкіметтен мынадай шараларды қабылдауды ұсынамыз:
Бірінші, инвестициялық пре-ференциялар беруді қайта қарап, өндірісті жаңғырту және кеңейту жобалары үшін қолжетімді ету;
Екінші, осы жобалар үшін инвестициялық шекті 1 миллион АЕК-ке дейін төмендетуді және жобаның экономикалық маңызын ескеретін нақты тәсіл енгізу;
Үшінші, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялар мен ірі жер қойнауын пайдаланушының сатып алуларында қазақстандық өндірушілерге кепілден-дірілген қолжетімділік тетіктерін енгізу;
Төртінші, офтейк-келісімшарттар бойынша тапсырыс берушілердің көлемдерді, мерзімдерді, бағаларды және төлем шарттарын біржақты өзгертуіне жол бермейтін кепілдіктерді күшейту;
Бесінші, импорттық өнімнің жосықсыз баға демпингінен отандық өндірушілерді қорғау тетіктерін жетілдіру;
Және де Ұлттық қор қаражаты есебінен іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларда отандық құрылыс материалдары, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды өндірушілерге басымдық беру.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
Д. Ахметжаев
Д. Еспаева
О. Нұралдинов
А. Қожахметов
М. Шынасилова
Е. Юсупов
Б. Бибаев
Ю. Ли