Тығырыққа тіреген терминалдар: "Ақ жол" кәсіпкерлер мүддесін қорғауда
2026 ж. 04 қараша
82
0
Құрылтайдағы «Ақ жол» фракциясының депутаты Асылхан Қожахметов жүк тасымалдаушыларды қымбат терминалға мәжбүрлеу мәселесін көтерді.
"Қазақ үні" депутаттық сауалдың толық мәтінін ұсынады.
***
«Ақ жол» фракциясы кәсіпкерлердің Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы жүк тасымалдау кезінде тап болатын түйткілді мәселелеріне бірнеше рет назар аударған болатын. 2021 жылы партиямыз контейнерлердің орта жолда тұрып қалуына байланысты бизнестің миллиардтаған шығынға батқанын, ал, 2025 жылы вагондарды жеткізудегі кедергілер жөнінде мәлімдеген.
Алайда, аталмыш жайттарға бірнеше рет назар аударғанымызға қарамастан, мәселе шешімін тапқанның орнына, мүлдем ушығып барады.
Мәселен, «Достық» станциясы арқылы сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын бизнес өкілдерінің хабарлауынша, жүктерді мәжбүрлі түрде тарифі әлдеқайда қымбат терминалдарға жөнелту жағдайлары орын алып жатыр.
«Достық» станциясының төрт терминалы бар: «КеденТрансСервис», «Евротранзиттерминал», «ДостықТрансТерминал» және «Атасу». Одан бөлек, жүк иелерінің, мысалы, «КеденТрансСервис» немесе «Атасу» терминалдары арқылы жүктерін қайта тиеу келісімшарттары болса да, ҚХР-дан жалғыз жолақпен келіп жатқан контейнерлер жүк иелерінің келісімінсіз «ДостықТрансТерминал» аумағына қайта бағытталуы мүмкін. Нәтижесінде, алдын ала терминал операторын таңдап, ақысын төлеп қойған жүк иелері өз жүктерін қайта түйеу орынын ерікті түрде таңдау құқығынан қағылады. Онымен қоймай, бастапқы логистикалық шығындарды қалыптастыру кезінде есепке алынбаған, яғни, өзге оператордың әлдеқайда қымбат қызмет ақысын төлеуге мәжбүр болады.
Станция басшылығы түсініктеме ретінде контейнерлерді терминалдар арасында «теңдей бөлу» қажеттілігін айтып сылтауратып отыр.
Алайда, мұндай уәж нақты мәліметтерге еш негізделмеген.
«SevenR Logistics» ЖШС ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2026 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша «Достықтағы» шамамен 3 720 контейнердің 978-і «КеденТрансСервис» терминалына, 1 069-ы «Евротранзиттерминалға», 1 534-і «ДостыкТрансТерминалға», ал 139-ы ғана «Атасу» терминалына тиесілі. Бұл деректер бойынша теңгерімсіздіктің бар екені айдан анық. Әсіресе, контейнерлердің станциядан 10 шақырым қашықтықта орналасқан «ДостыкТрансТерминалға» жаппай бағытталуы күмәнді көрінеді.
Қайта тиеу құнының айырмашылығы да айтарлықтай. Кәсіпкерлердің мәліметінше, балама терминалдардағы тариф бір контейнер үшін 90 АҚШ долларынан аспайды. Ал, «ДостықТрансТерминал» ЖШС 205–235 доллар көлемінде ақы алады. Яғни, жүк жөнелтушімен келіспей контейнерлерді басқа терминалға бағыттау оны едәуір қосымша шығынға батырады.
Президент Қ.К. Тоқаев «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін ашу кезінде атап өткен Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамыту және мемлекеттің Еуразиядағы негізгі көлік хабтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайту жөніндегі стратегиялық міндеттері аясында, мұндай тәжірибеге мүлдем жол беруге болмайды.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» ҚДП фракциясы келесіні талап етеді:
1) Жүк иесімен келіспей контейнерлерді қайта тиеу терминалын өзгерту бойынша «Достық» станциясы лауазымды тұлғаларының әрекеттерін заңдылыққа тексеру.
2) Контейнерлерді белгілі бір терминалға «теңдей бөлу» туралы шешім қабылдаудың нақты тәртібін белгілеу.
3) Контейнерлерді өз қалауынша басқа терминалға бағыттау салдарынан тарифі жоғары терминалдың қосымша шығындарын жүк иелеріне жүктеудің заңдылығын тексеру.
4) Контейнерлерді бөлудің ашық әрі әділ тәртібін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, негізсіз бәсекелестік артықшылықтардың бар-жоғын және қолданылатын тарифтердің негізділігін тексеру.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
А. Қожахметов
Д. Еспаева
О. Нұралдинов
Ю. Ли
М. Шынасилова
Д. Ахметжаев
Б. Бибаев
Е. Юсупов