«Ресей қазақстандық қалаларды қайтарып алады»: Павлодарда Путинді әскер кіргізуге шақырған әйелді ҰҚК ұстады
2026 ж. 30 қазан
67
0
Павлодарда сепаратистік мәлімдеме жасап, Қазақстанның егемендігі мен қазақ халқына тіл тигізген әйел ҰҚК-ның жедел шарасымен құрықталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күдікті прокуратураның үйлестіруімен Павлодар қаласында қолға түскен. Арнайы қызмет оған қатысты сепаратистік сипаттағы бейнематериалдарды жариялады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу бастады.
Айта кетелік, бұған дейін желіде өзін Ольга Мухамеджанова деп таныстырған әйелдің видеосы тараған еді. Ол кадрда қазақ халқының атына ауыр сөздер айтып, «Ресей қазақстандық қалаларды қайтарып алады» деп астамсыған. Тіпті Кремль басшысы Владимир Путинді «қазақтар өз қожайынын білуі үшін» елге әскер кіргізуге ашық шақырған болатын.
Тергеу органдарының дерегінше, келіншек бұрын да құзырлы орган назарына іліккен, ол есірткі саудасы үшін сотталған болып шықты.
Ашығын айтқанда, желідегі паранойя бір сәттік ақымақтық емес, елдің ішкі бірлігіне жасалған қауіпті сынақ. Мемлекеттің аумақтық тұтастығына қол сұғып, шетелден әскер сұрайтындардың соңы әрдайым тергеу изоляторымен бітуі тиіс және бұл оқиға соның нақты мысалы.
Айта кетелік, бұған дейін Ольганың алматылық аттасы қазақтың жап-жас қызын «шваль», «ауылбай» деп тілдеген еді.