Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріледі

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтеріледі

Бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға жағдай жасалады. Бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. 

—  Сонымен қатар біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. 

— Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялап жатқанын жазған едік.