Жаңа талаптар кәсіпкерлерді шығынға батырмау керек - Олжас Нұралдинов
2026 ж. 16 қазан
75
0
Құрылтай депутаты Олжас Нұралдинов «Ақ жол» фракциясының атынанҚР Сауда және интеграция министрі А. Шаққалиевке депутаттық сауал жолдап, электрқуаттау станцияларын реттеу талаптары мәселесін көтерді.
***
1 желтоқсаннан бастап электрқуаттау станцияларының иелері үшін жабдықтарды метрологиялық бақылау бойынша жаңа талаптар енгізіледі.
Бір қарағанда, бұл техникалық мәселе сияқты. Алайда, іс жүзінде бұл қуаттау станциялары операторларының қосымша шығындарға ұшырауын білдіреді. Ал, бизнестің қосымша шығындары сайып келгенде тарифке әсер етуі ықтимал.
Мәселен, 25 қыркүйекте Сауда және интеграция министрлігі №272-НҚ бұйрығын қабылдады.
Енді тек автомобильге нақты берілген электр энергиясының мөлшері ғана емес, кернеу, тоқ күші мен зарядтау уақыты мемлекеттік реттеуге жатады.
Нарық қатысушыларының мәліметінше, электр қуаттау станцияларының бір үлгісін немесе партиясын сынақтан өткізу және санатын бекіту шамамен 1,8–2 миллион теңге тұруы мүмкін.
Бұл ықтимал шығындардың бір бөлігі ғана.
Кәсіпкерлер ұсынған материалдарға сүйенсек, жаңа талаптарды іске асыруға қатысуға тиіс салалық ұйымның өзінің қазіргі уақытта электр қуаттау станцияларының түрлері мен олардың жаңа талаптарға сәйкестігін анықтау әдістемесі жөнінде нақты ұстанымы жоқ.
Сондай-ақ, кернеудің, тоқ күшінің және қуаттау уақытының дұрыстығы іс жүзінде қалай тексерілетіні де түсініксіз.
Соған қарамастан, талап қабылданып, оның күшіне енетін күні де белгіленді.
Яғни, кәсіпкерге жаңа рәсімдерден өтіп, ол үшін ақы төлеу қажеттігі алдын ала айтылғанымен, министрліктің өзі бұл рәсімдердің нақты қалай жүзеге асырылатынын әлі толық айқындамаған.
Осы тұста маңызды сұрақ туындайды: реттеудегі белгісіздік салдарынан кәсіпкер неге шығынға батуы тиіс?
Мәселен, кәсіпкерлік кодекстің 9-бабында да келесідей маңызды қағидат көзделген: жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын жаңа талаптар тұтынушылар мен мемлекет үшін түсетін пайда осындай реттеуге байланысты шығындардан асқан жағдайда ғана енгізілуге тиіс.
Қарапайым жанармай құю станциясын мысалға алайық.
Мемлекет тұтынушы қанша жанармай литрін алғанын бақылайды. Бірақ, ешкім бензиннің бакқа қандай жылдамдықпен құйылып, оған қанша минут жұмсалғанына қатысты жеке метрологиялық бақылауды жүргізбейді.
Электр қуаттау станцияларына қатысты жағдай бұдан да күрделі.
Сондықтан, мұндай станцияларға қатысты мемлекеттік метрологиялық бақылаудың негізгі нысаны тұтынушыға нақты берілген электр энергиясының мөлшері, яғни, ақысы төленетін киловатт-сағат болуы керек.
Электр көліктерінің электр қуатын қабылдау мүмкіндіктері бірдей бола бермейді. Бір автомобиль жоғары қуатты қабылдай алса, екіншісінің мүмкіндігі әлдеқайда төмен болуы ықтимал.
Тіпті, бір автомобильдің өзі аккумулятор температурасына, қуат деңгейіне және батареяның жай-күйіне қарай әртүрлі уақытта әрқилы қуат қабылдайды.
Нәтижесінде операторға өзі толық басқармайтын параметрлерді бақылауға байланысты қосымша шығындар жүктеледі.
Мемлекет электр көлігін дамытуды, әлдеқайда экологиялық таза технологияларды енгізуді және қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуды міндет етіп отырғанын ерекше атап өткен жөн.
Алайда, қуаттау инфрақұрылымы жетілмесе, электр көліктерінің жаппай дамуын күту мүмкін емес.
Егер әрбір жаңа станцияны орнату қосымша міндетті рәсімдерге байланысты қымбаттай берсе, бұл желі ауқымын кеңейту қарқынына тікелей әсер етеді.
Әсіресе, ірі қалалармен салыстырғанда мұндай жобалардың экономикасы айтарлықтай төмен өңірлер мен тас жолдар бойында бұл мәселе айрықша өзекті.
Біздің пайымдауымызша, электр қуаттау станциялары үшін мемлекеттік метрологиялық бақылаудың негізгі нысаны тұтынушыға нақты берілген электр энергиясының көлемі, яғни, тұтынушы ақы төлейтін киловатт-сағат мөлшері болуы тиіс.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде «Ақ жол» Демократиялық партиясы Сауда және интеграция министрлігіне келесіні ұсынады:
Біріншіден. Кернеуді, тоқ күшін және қуаттау уақытын мемлекеттік метрологиялық реттеу қажеттілігін қайта қарап, реттеудің негізгі назарын нақты берілген электр энергиясының дұрыс есептелуіне аудару керек.
Екіншіден. Жаңа талаптарды қолданбас бұрын, оларды орындаудың нақты әрі бірыңғай әдістемесін ұсынып, сондай-ақ, бұл талаптардың тұтынушыға қандай пайда әкелетінін және оның кәсіпкерлер шығындарына қаншалықты сай келетінін көрсететін экономикалық негіздеме әзірлеу қажет.
Жаңа талаптар күшіне енгенге дейін аталған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдауыңызды сұраймыз.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
О. Нұралдинов
Д. Еспаева
А. Қожахметов
М. Шынасилова
Е. Юсупов
Д. Ахметжаев
Ю. Ли
Б. Бибаев