Алматыда тағы үш оқушы уланып, ауруханаға түсті
2026 ж. 15 қазан
129
0
Республикалық физика-математика мектебінің тағы үш оқушысы Алматыдағы инфекциялық ауруханаға жатқызылды.
Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева Алматыда жаппай ауырған балаларға қатысты мәлімдеме жасады.
— Алматыда улану белгілерімен ауруханаға түскен балалардың жағдайын білуге бардым. 43 ұл және 5 қыз бар. Жаңа ғана тағы үш баланы алып келді. Олар РФММ интернатында тұрады, әртүрлі облыстан келген. Жағдайлары қалыпты. Улану дерегі бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, — деп жазды Динара Зәкиева Instagram парақшасында.
Демек емдеу мекемесіне жеткізілген балалардың саны 51-ге жетті.
Еске салайық, 14 қазанда РФММ-нің 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны хабарланды.
Кейін РФММ әкімшілігі оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты түсінік берді. 14–16 қазан аралығында мектеп сабақтары онлайн форматта өтеді.
Сондай-ақ аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан бөлек Оқу-ағарту министрлігі Алматыда оқушылардың жаппай улануына қатысты пікір білдірді.