Жасанды интеллект: мүмкіндік пе, қауіп пе?
2026 ж. 02 қазан
18
0
Бүгін Тоқаев ЖИ-ді реттеу мәселесін қозғады. Себебі бүгінде Жасанды интеллект күнделікті өмірден бастап өндіріс, медицина, қаржы, білім және мемлекеттік басқаруға дейінгі көптеген саланы өзгертіп келеді. Оның мүмкіндігі орасан. Бірақ мүмкіндік артқан сайын жауапкершілік те күшейе түсуі керек.
Мемлекет басшысы осы мәселені көтере отырып, Қазақстанда жасанды интеллект саласының құқықтық негізі қалыптасқанын атап өтті. Ендігі міндет – технологияны шектен тыс тежемей, сонымен бірге азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін тепе-теңдік табу.
ЖИ-ді шамадан тыс реттеу инновацияны тежеп, талант пен капиталдың басқа елдерге кетуіне әсер етуі мүмкін. Ал бақылаусыз пайдалану адамның жеке деректеріне, құқықтарына, қауіпсіздігіне және ақпараттың шынайылығына қатысты жаңа тәуекелдер туғызуы ықтимал.
Сондықтан мәселе «жасанды интеллект керек пе, жоқ па?» деген сұрақта емес. Негізгі мәселе – оны қалай және қандай жауапкершілікпен қолданамыз?
Президент тағы бір маңызды мәселені айтты. Ол- жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастыратын құрал емес, білім алуға көмектесетін тәсіл болуы керек.
Бұл неге маңызды? Өйткені дайын жауапты ЖИ-ден сұрай салу оңай. Бірақ сол жауапты талдау, оның дұрыстығын тексеру, шешім қабылдау және нәтижесіне жауап беру – адамның міндеті.
Қазақстанға тек қуатты деректер орталықтары мен жаңа технологиялар емес, өз технологиясын жасай алатын ғалымдар, инженерлер, кәсіпкерлер қажет. Осы мақсатта AI+X моделін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы және мемлекеттік басқару сияқты нақты салаларда дамыту көзделіп отыр.
Жасанды интеллект адамның орнын толық басатын күш емес. Дұрыс қолданылса – адамның мүмкіндігін арттыратын қуатты құрал.
Ал оны қауіпсіз әрі тиімді пайдалану үшін бізге технологиямен қатар білім, сыни ойлау және жауапкершілік мәдениеті қажет.
Ержан Жаубай,
Фейсбук парақшасынан