Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Бұрынғы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Бүгін құрылған Санақ комиссиясы Қазақстан Халық кеңесінің төрағасын сайлауға берілген дауыстарды санап, нәтижесін анықтады.

— Дауыс беруге арналған жәшік ашылған кезде 121 бюллетень алынды. Жарамсыз бюллетень жоқ. Берілген дауыстар келесідей бөлінді: жақтағандар — 120 дауыс, қарсы болғандар — жоқ, қалыс қалғандар — біреу. Осылайша Қазақстан Халық кеңесінің төрағасы болып Қошанов Ерлан Жақанұлы сайланды, — деді Санақ комиссиясының төрағасы Мұрат Әбенов Президенттік орталықта.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов үлкен сенім артып, Қазақстан Халық кеңесі төрағалығына ұсынған Мемлекет басшысына және Халық кеңесінің барлық мүшесіне ризашылығын білдірді.

— Бүгін баршамыз үшін айрықша күн. Біз ел өмірінде ерекше орын алатын жаңа институттың қалыптасқанына куә болып отырмыз. Оның жұмысына тікелей араласу құрметіне ие болдық. Мемлекетіміздің саяси жүйесінде халықтың мүддесін білдіретін жаңа саяси орган пайда болды. Халық кеңесінің құрылуы — Мемлекет басшысы жүргізіп отырған ауқымды әрі жүйелі саясаттың нақты нәтижесі, — деп атап өтті Е. Қошанов.

Айта кетейік, Ерлан Жақанұлы Қошанов 64 жаста. Ол 1962 жылы 14 тамызда Қарағанды облысының Шет ауданында туған. Жезқазғандағы Қарағанды политехникалық институтының филиалында (инженер-механик) және Қазақ мемлекеттік басқару академиясында (халықаралық экономист) білім алған. Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесарі, шебері болып бастаған.

Кейінірек Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінде түрлі қызметтер атқарды, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Үкіметтің Парламенттегі өкілі, Көлік және коммуникация вице-министрі, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болды.

Әр жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары — Үкіметтің Парламенттегі өкілі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Қарағанды облысының әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметтерін атқарып, 2022 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы және «AMANAT» партиясының төрағасы болды.