ТАРИХИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖАНАШЫРЛЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Үстіміздегі жылдың қаңтарында сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі, бүгінгі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке «Көкжал Барақ батырдың 7- ұрпағы Жиынбек Рәбілұлынан 7 сұрақ» деген айдармен төмендегідей хат жолдаған болатынмын.

            «Құрметті Мұхтар Абрарұлы! Сізді Егеменді еліміздің білікті бір маманы, қазақ халқының тарихи құндылықтарына жанашырлықпен қарайтын, оның әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жетік білетін және бағалайтын адам деп біле отыра, қазақ халқының перзенті ретінде намысыма тиіп отырған Астанадағы «Тәуелсіздік сарайының» артына лақтырылып тасталған, Қазақ хандығының негізін қалап, біртұтас мемлекеттігін құрушы Жәнібек пен Керей хандардың мүсіндері, «Қазақфильм» киностудиясынан мемлекеттің қаражатына шығарылған, азғындық пен арсыздықты насихаттаушы «Келін» фильмі және басқа студиялардан шыққан «Қарой», «Әке қорлығы», «Қайрат - чемпион. Девственник №1» сияқты соңғы кезде жаппай етек жая бастаған анайы фильмдер мәселелері жөнінде әдебиетіміз бен мәдениетімізге тікелей қатысы бар лауазым иесі ретінде төмендегі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын.

1. Жәнібек, Керей хандардың және хан батырларының мүсіндері неге қорғансыз, жабусыз ұзақ уақыт бойы далада жатыр? 2. «Тәуелсіздік сарайында» тәуелсіздік туралы баяндама жасай тұра, сол тәуелсіздіктің жемісін жеуді біле тұра, ата-бабаларымыздың әруағын мазалап, мүсіндерін далаға лақтырып тастап, мазақ етуді қалай түсіндіресіз? 3. Жәнібек хан, Керей хан және хан батырлары мүсіндерінің болашақ тағдыры не болмақ? 4. Ділімізге жат «Келін» фильмінің мемлекеттің қаражатына және «Қазақфильм» киностудиясынан шығуына кім себепкер болды? 5. «Келін» фильмін американдық «Оскар» киноакадемия жүлдесіне кім ұсынып отыр? 6. «Келін» фильміне мемлекеттен қанша қаражат шығындалды? 7. Анайы түрде шығып жатқан, жастарымызды азғындыққа итермелейтін фильмдер қашан, қалай ауыздықталады? Жауабыңызды Қазақстан Республикасы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібітуралы» заңының 8-бабының 1-тармағы негізінде 15 күн ішінде мына мекен-жайға жолдауыңызды сұраймын...». Бұл хатқа заңда белгіленген 15 күннен кешіккендіктен, Құл-Мұхаммед мырзаның блогы арқылы қайта хабарластым.

          Содан 3 - наурызда менің сұрақтарыма блог арқылы мынадай жауап берілді:

«Құрметті Жиынбек Рәбілұлы! Сіздің бұған дейін Министрлікке жазған хатыңызға заңда көрсетілген мерзім ішінде жауап берілгенін хабарлаймын. Десе де, Сіздің өтінішіңізге байланысты хатыңызға қайта жауап беремін. Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші туралы айтарым, бұған дейін аталған хандар ескерткішінің эскиздік модельдері Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі Мемлекеттік комиссияда қаралмаған. Аталған ескерткіштер Астана қаласы әкімдігінің қаржысына салынғандықтан, бұл мәселені шешу әкімдіктің құзыретіне жататынын қаперіңізге саламын. Сонымен қатар, Астана қаласының әкімдігінің ұсынуымен жақында өткен Мемлекеттік комиссияда Керей мен Жәнібек хандар ескерткішінің бірнеше жоба ішінен үздік эскиздік жобасы анықталғанын жеткіземін. «Келін» фильмі жобасын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әзірлеп, 2006 жылы тақырыптық-өндірістік жоспарға енгізген болатын. Сол уақыттан бастап өндірістік жұмыстары жүргізіліп, 2008 жылға қарағанда фильмнің негізгі түсіру кезеңдері аяқталғандықтан, бұл кинотуындыны орта жолдан тоқтатып тастау мүмкін болмады. Қазақстанның Бюджеттік кодексінде белгіленген тәртіп бойынша мемлекеттік ұйымдардың жоспарлы шығармашылық туындыларға цензура жүргізуге тыйым салынған. Бүгінде қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы жасалып, оның басым көпшілігі кино саласына арналды. Аталған заң жобасына фильмдерді прокаттау куәлігі негізінде көрерменнің жас ерекшелігіне сай әртүрлі категорияларға бөлу, осыған орай әр фильмнің шектеулі көрсетілер уақытын белгілеу сияқты тармақтар қарастырылған.Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен түсірілетін фильмдерге бақылауды күшейту мақсатында «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес, кино өнімі бойынша қызмет ететін бас мердігер ретінде «Қазақфильм» Акционерлік қоғамы белгіленді. Бұл – мемлекет өзіне қарасты «Қазақфильм» АҚ арқылы бюджет қаржысынан түсірілетін фильмдердің сапасын қадағалауды күшейтеді дегенді білдіреді. Ал, «Оскар» сыйлығына «Келін» фильмінің ұсынылуына тоқталсақ, бұл шара АҚШ Киноакадемиясының өкілдерінің шешімі болып отыр. Қоғамдық негізде құрылған «Оскарлық комитеттің» киноөнер туындыларын іріктеп, оларды Америкалық киноөнер академиясының сыйлығына ұсыну бойынша өз шешімін қабылдауда тәуелсіз екенін қаперде ұстаған жөн. Қазіргі таңда «Қазақфильм» компаниясының өндірісіндегі жобалардың барлығы дерлік ел мүддесіне негізделіп, тәуелсіз еліміздің өнегелі өткені мен жетістігі мол бүгінін суреттеуге арналған. Атап айтқанда, «Алтын жауынгер», «Қара майор», «Астана, махаббатым менің!», «Атажұрт» сияқты көркем фильмдер, «Ел бейнесі», «Ұстаз жүрегі», «Мәдениет, ғылым және білім саласының көрнекті қайраткерлері» сериясымен деректі фильмдер, балаларға арналған «Қазақ елі» анимациялық сериалы және «Қазақ ертегілері» тақырыбында анимациялық фильдері «Қазақфильм» киностудиясында түсірілетінін хабарлаймын».

Өз басым Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның бұл жауабын біздің қоғамымыздағы кинотуындылар мен ескерткіштердің қандай жолмен қалай шығып, қалай бағаланып жатқандығы туралы толық мағлұмат беріп тұр деп есептеп, өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдім, құрметті оқырман.

 

Жиынбек РӘБІЛҰЛЫ,

Заңгер