ҚазҰУ Кореяның жетекші университеттерімен стратегиялық серіктестігін кеңейтеді
2026 ж. 16 қыркүйек
117
0
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кореялық жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.
Аталған келісімге «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммиті шеңберінде қол жеткізілді.
Атап айтқанда ҚазҰУ Кореяның Коре университеті және Ёнсе университетімен әріптестік байланысты ресми түрде бекітті.
Маңызды ресми рәсімге ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Самғат Ермекбаев, сондай-ақ Кореяның беделді Коре және Ёнсе университеттерінің басшылығы қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ёнсе университетімен серіктестігі 2011 жылдан бері жүйелі түрде дамып келеді. Жаңа уағдаластықтар бұл байланыстарға жаңа серпін беріп, академиялық ұтқырлық пен студенттер алмасу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Өз кезегінде Коре университетімен жасалған келісім бірлескен ғылыми зерттеулерді, ауқымды академиялық іс-шаралар мен іргелі білім беру бастамаларын дамытуды көздейді.
Тараптар қол қойған қос меморандум жекелеген академиялық алмасулардан неғұрлым кешенді, ауқымды стратегиялық серіктестікке көшуге жол ашады. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ортақ ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізу, халықаралық ғылыми топтар құру, бірлескен және қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру белгіленген. Сонымен қатар бұл келісімдер ҚазҰУ студенттеріне Кореяның жетекші университеттерінде өндірістік және ғылыми тағылымдамадан өтуге бірегей мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Коре және Ёнсе университеттері Корея Республикасындағы ең беделді, бәсекеге қабілетті және әлемдік рейтингтерде жоғары орын алатын әйгілі SKY академиялық тобының құрамына кіреді.