Астанада «әлсіз» әкімдердің "шеруі" өтуде...

Сенеміз бе, қайтеміз?!.

Шіренген шенеуніктердің көңіліне алаң, өміріне топалаң кірді...

Биылғы жылдың 7 наурызында Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке А корпусының әкімшілік қызметкерлеріне қойылатын арнайы талаптарды бекітуді тапсырған Елбасының қаулысы шертіп жеп, сіміріп ішкен шенеунік атаулының ішкенін – ірің, жегенін – желім қылды. Сәуір айы – тұңғыш рет тәуір ай болмады. Елімізде А әкімшілік корпусына талапкерлерді іріктеу байқаулары жарияланды. Білімі жоқ, білігі кемшін, тәжірибесі татымсыз, кәсібилігі ақсаған, заңдардан мақұрым, кездейсоқ келген «мырқымбайларға» тықыр таянды. Мамырдың бел ортасында басталған мемлекеттік қызметкерлердің байқауы барысында талай масқараның куәсі болдық. Қайсыбір күндері үміткерлердің жартысына жуығы тырапай асып жатты. Қалың да қоңды «портфельдерімен» қимай қоштасқандардың арасында елге танымал еліміздің бұрынғы Бас есепшісі, қазіргі Қаржы министрлігінің Қаржылық мониторинг жөніндегі комитетінің төрағасы Мүсірәлі Өтебаев пен қазақтардың туған топырағындағы 10 соттық жеріне «қол салып», жер телімінің тегін бөлуіне қарсы ұсыныс жасаған  Аймақтық даму министрлігінің Жер ресурстарын басқару жөніндегі комитетінің төрағасы Қадырхан Отаров та бар. Біздің басылымымыздың сынына ұшыраған Астана қаласындағы Алматы ауданының «белі бесіктен шықпаған» әкімі Павел Кулагиннің табанының тайғанын «әділдіктің орнауы» деп қуансақ, өз облысымыздың әкімінің аппарат жетекшісі Жалғас Мырзағалиев үшін ұялып, жерге қарадық. Еліміздегі әкімдер мен көп лауазымдардың тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасқан жемқорлық үрдістерімен тағайындалатындықтарын анық та айқын дәлелдеген бұл сынақта біздің Батыс Қазақстан облысы сауатсыздықтың үлгісін көрсетіп, өзгелерден оза шауып, 7 әкімінен «айырылған» қостанайлықтарға қоңсы қонды. Атап айтқанда, Бөкейорда ауданының әкімі Нұрлан Сабыров, Жәнібек ауданының әкімі Берік Есенғалиев, Зеленский ауданының әкімі Марат Оңғарбеков, Казталовка ауданының әкімі Рыспай Өтешев, Қаратөбе ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшиндер жұмсақ орынтақтарынан опырыла құлады. Елордада қып-қызыл күрес жүріп жатқанда, Орал қаласының Бас жол полицейі Олег Недопекин Ресей азаматынан 7 мың АҚШ долларын бопсалағысы келген қатардағы қызметкері, жол полициясының инспекторы Ажғалиевтің кесірінен жылы орынынан айырылып қалды. Әйткенмен, «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» демекші, жарты жұрты шулап жүргенде, Батыс Қазақстан облысының «қожайыны»Нұрлан Ноғаев «Өзіңнен бастасайшы!» деп аталатын бастаманың белсендісі атанып, өзінің ай сайынғы табысын “461 мың теңгені құрайды”, деп жариялады. Не қымбат мейрамханаларда ішіп-жеуге, не әлемдік танымал брендлердің киімдерін алуға, не қонақтар пен құдаларды шақыруға, не еуропа елдерінде балаларды оқытуға, не сужаңа көліктер мінуге, не зәулім үйлер салуға жетпейтін болмашы қаржыны несіне әуреленіп жария қылған?!. Сенеміз бе, қайтеміз?!. Қажымұқан ҒАБДОЛЛА, Батыс Қазақстан облысы