«Ақ жолдың» Жамбылдағы үндеуі: өндірісті қолдау – экономиканы көтерудің басты жолы

«Ақ жолдың» Жамбылдағы үндеуі: өндірісті қолдау – экономиканы көтерудің басты жолы

«Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облысындағы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары партияның экономикалық бағытын нақтылай түсті. Меркі ауданында өткен кездесулердің мазмұнына қарасақ, партия әлеуметтік уәделерден гөрі нақты секторды дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және кәсіпкерліктің әлеуетін күшейтуге басымдық беріп отырғаны байқалады.

Партия төрағасы Дания Еспаеваның алғашқы кездесуді шипажайда өткізіп, кейін бірден «Меркі қант зауытының» еңбек ұжымымен жүздесуі де кездейсоқ таңдау емес. Бұл – экономиканың әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың ұсыныс-пікірін тыңдап, өңірдің нақты мәселелерін назарға алу тәсілі.

Меркі қант зауыты – еліміздегі қант өндірісінің маңызды кәсіпорындарының бірі. Мыңдаған гектар алқапта өсірілген қант қызылшасын өңдеп, жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған зауыттың қызметі азық-түлік қауіпсіздігімен қатар, өңір экономикасының тұрақтылығына да ықпал етеді. Сондықтан мұндай кәсіпорындарды қолдау туралы бастамалардың көтерілуі – партия бағдарламасының өндіріске негізделген бағытын көрсетеді.

Кездесулер барысында көтерілген мәселелердің өзегі де осы болды. «Ақ жол» өкілдері отандық кәсіпкерлерді қорғау, салық жүйесін әділетті ету, әкімшілік кедергілерді азайту, өнеркәсіпті жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын құрудың маңызын ерекше атады. Бұл ұсыныстар Қазақстан экономикасының ұзақ жылдар бойы шикізатқа тәуелді болып келген құрылымын өзгерту қажеттігімен үндеседі.

Сондай-ақ партия әлеуметтік әділеттілікті тек жәрдемақы немесе бюджеттік шығындармен емес, экономикалық мүмкіндіктердің теңдігі арқылы қамтамасыз етуге болатынын алға тартады. Осы тұрғыда екінші деңгейлі банктердің қызметін жетілдіру, несиеге қолжетімділікті арттыру және қаржы нарығындағы теңсіздікті азайту мәселелерінің көтерілуі де назар аудартады. Өйткені қолжетімді қаржы – жаңа өндірістің, жаңа бизнестің және жаңа жұмыс орындарының негізі.

Меркідегі кездесулердің тағы бір ерекшелігі – халықпен ашық диалогқа басымдық берілуі. Кәсіпкерлер, жұмысшылар, мәслихат депутаттары мен аудан тұрғындары партия басшылығына өз сауалдарын қойып, әлеуметтік мәселелерден бастап ғылыми стартаптарды қолдау, өндірісті дамыту сияқты тақырыптарды еркін талқылады. Бұл сайлауалды үгіттің біржақты үндеу емес, пікір алмасу алаңына айналғанын көрсетеді.

Жалпы, Жамбыл облысындағы кездесулер «Ақ жол» партиясының негізгі басымдығы өндіріс, кәсіпкерлік және экономиканың нақты секторын дамыту екенін тағы бір мәрте айқындады. Партияның ұсынған бастамалары жүзеге асқан жағдайда, олардың түпкі мақсаты – импортқа тәуелділікті азайтып, өңдеуші өнеркәсіпті күшейту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және тұрақты жұмыс орындарын көбейту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру екені байқалады. Сондықтан Меркідегі кездесулерді жай ғана сайлауалды үгіт емес, өңір экономикасының болашағы туралы ашық пікірталас алаңы ретінде бағалауға болады.

А. Тасқараұлы,

"Ақ жол" партиясының сайлауалды штабы есебінен төленген