Әлихан БАЙМЕНОВ , «Ақ жол» партиясы төрағасы: КЕДЕНДІК ОДАҚ: ҮМІТ ПЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

d0b1d0b0d0b9d0bcd0b5d0bdd0bed0b2Астана қаласында 11 наурыз күні өткен Қазақстанның Кеден одағына кіруіне байланысты Партияаралық кеңестің жетінші отырысының қорытындысын «Нұр Отан» партиясы қоғамға бұрмалап жеткізгені белгілі. Бұған қарсы «Ақ жол» партиясы

мәлімдеме жасап, ол баспасөзде жарияланды. Біз бүгін Әлихан Байменовтың осы отырыста жасаған баяндамасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

         Кеден Одағы туралы бастама көтерілгеннен бері, әсіресе бұл бастама нақты іске айналып, Кеден одағының аймағындағы кедендік тарифтік реттеу жаңа жолға түсіп, бірнеше мемлекеттің аясында кедендік тарифтер орнату туралы шешімдер қабылданғаннан бері бұл мәселе төңірегінде қоғамдық пікір әр алуан.

         Бұл түсінікті де. Себебі,біз өз егемендігіне он тоғыз жыл ғана бұрын қайтадан ие болған мемлекет тарихымызда бірінші рет ұлтүсті органға, яғни Кеден одағының комиссиясына өзіміздің егенмендігіміздің бір бөлігін өз еркімізбен беріп отырмыз. Олай дейтініміз, кедендік тарифтерді орнату, баж салығының деңгейін анықтау егеменді елдің функциясы.

         Әрине, Кеден одағынан күтетін үміт те бар. Себебі, Қазақстан шикізат өнімімен шетелге шығатын мемлекет.

             Біз өз шикізатымызды тұтынушыларға дейін көрші үлкен мемлекеттер, оның ішінде әсіресе, Ресей Федерациясы арқылы тасымалдаймыз.

            Ендеше, осы жүкті тасымалдаған кезде, бізге сол мемлекеттің ішіндегідей баға орнатылатын болса, біздің жүгіміз арзан жеткізіледі. Екінші жағынан, біз ішкі нарығы шағын мемлекетпіз. Біздің ішкі нарығымыз он бес миллион халықтың тұтыну мөлшерімен анықталады. Кеден одағы тұтыну нарығын ұлғайту арқылы инвестиция тартып, бизнеске көмектеседі деген үміт те бар.

            Кеден одағынан күтілетін осы үмітпен қатар,сөзсіз түрлі деңгейде күдік те жоқ емес,оның саяси да экономикалық та негіздері бар.

              Экономикалық жағынан айтсақ, алғашқы айларынан көрінгендей, Кеден Одағынан тыс мемлекеттерден әкелінетін халық тұтынатын тауарларға баға өсуде. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, түрлі бизнес өкілдерінің өтініштерінде де анық жазылған. Екінші күдік, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына байланысты.

            Біз 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасының негізі ретінде Қазақстанның инновациялық дамуын айттық. Осы тұрғыдан алғанда, егер бірте-бірте Ресей мен Белоруссияда өндірілетін өнеркәсіп тауарларына, азық-түлік өніміне Одақ сыртынан келетін кезде жоғары баж салығы салынса, біз осы Ресей мен Белоруссияның ғана өнімін тұтынумен шектеліп қалуымыз мүмкін. Білетініміз, қорғаныс саласынан басқа салаларда Ресей де, Белоруссия да әлемде озық елдер қатарына жатпайды. Біздің инновациялық өсімімізге қажет тауарлардың көпшілігі алыс шетелде шығарылады, енді осы тауарларға баж салығы көтерілсе, онда біздің экономикамыыздың сапалы өсуі күрделенуі мүмкін. Оның үстіне Ресейде өз бизнесін қолдайтын саяси күштер мықты.

         Бұдан да басқа көптеген өзекті мәселелер бар. Бұдан туындайтын қандай түйін.

           Біріншіден, егемендіктің иесі халық. Ендеше, егемендікпен бөліске түсерде халықтың, оның ішінде бизнес өкілдерінің, саяси партиялардың, сарапшылардың, ғалымдардың пікірін тыңдап алу қажет еді. Қазіргі біздің күйіміз: «ақсақ қой түстен кейін маңырайды» дегеннің күйі. Себебі, көптеген шешім қабылданып қойды. Соңғы екі-үш айда ғана қоғамдық пікір дүрліге бастады. Ал, осы екі-үш айдың ішінде Үкімет қоғамдық пікірді сендіретіндей осы одақтың экономикалық тиімділігін дәлелдеп үлгерген жоқ.

          Тіпті өткен аптада болған Үкімет сағатында депутаттар біз 70 млрд. теңгеге дейін бюджет түсімінен айрыламыз деп отыр. Ал, қаншама жұмыс орындары жабылуы да мүмкін. Бұған кім кінәлі? Өкінішке орай, сол Үкімет сағатында Үкімет мүшелерінің жауабы бізді қанағаттандармады. Өйткені олар бұл саяси шешім дегенге келді. Саяси шешім саясаткерлердің үлесінде десек, Үкімет - кәсіби орган. Үкімет Елбасының шешімдерін дайындау керек қой, қабылданбай тұрып жасалуы тиіс.

           Тағы бір біздің күмәніміз - Үкіметтің Кеден одағы инвестиция тартуға ықпалдасады деген тұжырымы. Себебі, негізгі инвестициялар Тарту үшін басты құрал, бұл-инвестициялық ахуалды жақсарту. Ол үшін біз жемқорлықты азайтуымыз керек. Бизнеске қойылатын әкімгершілік тосқауылды төмендетуіміз керек. Жалпы, бизнес жүргізуге деген тең ахуалды қалыптастыруымыз керек. Өкінішке қарай, бұл шарттар бізде бүгін орындалмай отыр. Соның себебі болар бизнесмендер форумының соңғы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бізде өз бетімен бизнес ашып, кәсіпкерлікпенайналысуға ынта білдіретіндер үлесі азайып келе жатыр.          Оның орнына мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жұмыс жасаймын дейтіндердің саны көбейіп келе жатыр. Бұл үлкен қатерлі үдеріс. Екінші жағынан бізге инвестиция келеді дегенге қарсы уәж: олар бізге емес,бізбен көршілес Омбы, Орынбор, Саратовқа кетуі мүмкін. Себебі 165 млн тұрғынның 145 млн Ресейде. Ал,бізге тек қана «Самұрық Қазына» арқылы, басқа жолдармен мемлекет қосымша инвестиция берсе ғана келуі мүмкін инвесторлардың.

             Кез-келген одақ туралы айтқанда біз тағы бір нәрсені естен шығармауымыз керек.

            Еуропалық Одақ секілді одақтардың тәжірибесі көрсеткендей, бұндай одақ құрғанда мәселе шешім қабылдау тетіктерінде жатыр. Мысалы, Еуроодақта үлкен Германия мен Франция бар, солардың бір ауылындай ғана болатын Люксембург те бар. Сол Люксембургтің премьер-министрі Еуропаның қаржы министрлерінің одағын басқарады. Оларда шешім қабылдарда барлығының мүддесін ескеретін жүйе жұмыс жасайды.

           Ал, осындай тең әріптестікке ТМД елдеріндегі саяси мәдениет дайын ба? Шынын айту керек, кейбір басылымдарда Кеден одағы Кеңес Одағына айналып кетпей ме деген пікірлерде жариялануда.

            Оған негіз ретінде Ресей Белорусь Одағының жауапты хатшысы Бородиннің сөзін келтіреді. Ол кісі таяуда 2017 жылы Кеңес Одағы қайтадан құрылады деді. Ал, соны жоққа шығарған ешкім болған жоқ. Менің ойымша, бұл мәлімдеме бойынша біздің Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан түсініктеме сұрау керек еді.

            Тағы бір күмән тудыратын сұрақ - кешегі 28 ақпанда Кеден одағының комиссиясы бекіткен баж салығынан түсетін табысты бөлісу. Мен ашығын айтайын Премьер-министрдің орынбасары Шөкеевтің біз үш жарым пайыздан көтердік деген ақпараты көңілге қонбайды. Егер15 млн халқы бар Қазақстан ішкі өнімі бойынша Ресейден 13 есе ғана аз болсақ, қалайша біз 3,5 пайызына ғана ие болумыз мүмкін? 25 есе төмен емес қой табысымыз. Керісінше, Ресейдің «Комерсанть» басылымы Қазақстан  8.5 пайыздан 7.6 пайызға азайтты дейді. Неге біз осы туралы ақпаратты Ресей басылымдарынан алуымыз керек? Не себепті біздің бұқаралық ақпарат құралдарында мардымсыз ғана ақпарат бар? Не себептен біздің делегация келген соң, осы мәселе бойынша баспасөз мәслихаттарын өткізбейді?

             Ұлтүсті орган хатшысы болып Сергей Глазьев тағайындалғанын кім біледі екен Қазақстанда?! Кеден одағы коммиссиясы 14 отырыста 194 шешім қабылдапты. Оларды кім біледі? Олар қазақ тіліне аударылмаған. Сол себептен Қазақстан делегациясы бүгінгі күні сарапшыларға, ғалымдарға сүйеніп, ел мүддесін толыққанды қорғап отыр деп айту әлі ерте.               Еуроодақтан үлгі алатын болсақ, біз Кеден Одағы комиссиясының хатшысын жыл сайын жаңартып, басқа елдің өкілдерінде тағайындауды үйренуіміз керек. Себебі, бүгінгі күні хатшылық Мәскеуде орналасқан, хатшылықты ресейлік Глазьев басқарады.

            10 адам Ресейден, 6 адам Қазақстаннан. Бұл қалайда шешім қабылдауда біздің мүддемізге әсер етуі мүмкін. Осының бәрін ескере отырып, біз Үкіметтен біріншіден, Кеден одағының барлық органдарының жұмысын жария қылуын қамтамасыз етуді талап етеміз. Екіншіден, біздің одақтағы жұмыс жасайтын өкілдеріміз және делегация басшысы Шөкеев мырза Қазақстанның мүддесін белсендірек қорғауға тиіс.Үшіншіден , осы Одақпен келешекте экономикалық кеңестің қалыптасуына байланысты өзімізде өндірісті жандандыру бағдарламасын бекітуіміз керек. Төртіншіден, Премьер-министр басшы болып, сауда-өнеркәсіп палата, «Атамекен», Тәуелсіз кәсіпкерлер асссоциациясы, Кәсіпкерлер форумы секілді бизнес өкілдері, ғалымдардың қатыстыруымен арнайы Кеден одағы кеңесін құру керек деп есептейміз. Және де өтпелі кезеңдегі кейбір тауарлардың қымбаттауына байланысты әлеуметтік қолдау шараларын қосымша жүзеге асыру керек.

          Сөз соңында айтарым,  егер Қазақстан Үкіметі алдыңғы жылдан бастап, түрлі отырыстар, конференциялар, Парламенттік тыңдауларын өткізуге мұрындық болса, осы түйткілдің барлығы ертерек сейілер еді. Не болмаса, басқа жағына шығар еді. Егемендік иесі-халық. Халық өкілдерімен кеңесіп пішкен тон, ешқашан келте болмас.