ТАЗА АУЫЗ СУДЫҢ БЕРІЛУІ – ЖҰМЫЛА ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ НӘТИЖЕСІ
2026 ж. 05 тамыз
77
0
Кешегі аптада Шардара қаласына көптен бері айтылып келе жатқан «Тама-Тастанбек» құдығынан таза ауыз су тартылып, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев, аудан прокуроры Алмас Әлі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков бастаған аға буын өкілдері және өзге де жауапты тұлғалар қатысты.
Бұл жоба – бір күнде қабылданған шешімнің емес, жылдар бойы аудан әкімі Арман Романұлы бастап, облыс басшысы Нұралхан Көшеров қостап, аудан тұрғындары аттай қалап сайлаған облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Серманизов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары – жерлесіміз, ақын Қазыбек Иса мен облысымыздың атынан сайланған Құдайберген Ержан, Қайрат Балабиевтер үлкен мінберден қайта-қайта көтеріп, жұмыла жұмыс істегендерінің нәтижесі.
Бұл жерде аудан әкімінің де, облыс әкімінің де, облыстық мәслихат депутаттарының да, Парламент Мәжілісі депутаттарының да атқарған һәм сіңірген еңбектері зор.
Нешеме жылдар бойы кейінге ысырылып келе жатқан жобаны облыс басшысы алдында қорғап, қорғап қана қоймай өңір басшысымен бірге тиісті министрліктерге шығып, мақұлдату – оңай шаруа емес.
Жоба мақұлданған соң қаражат бөлдіруді кейінге қалдыртпай, уақытылы бөлініп тұруын қадағалау – өз алдына бөлек мәселе. Бұл мәселені қалың жұртшылықтың сеніміне ие болған халық қалаулылары қадағалап отырды. Болмаса жарты жолдан тоқтап қалған талай жобаларды көріп-біліп, естіп жүрміз.
Қазыбек Иса, Құдайберген Ержан, Қайрат Балабиевтердің шардаралықтармен кездесулері барысында алдымен осы мәселе көтерілетін. Жағдайға қаныққан соң депутаттар Үкіметтің алдына мәселені төтесінен қоятын. Қазыбек Исаның ауыз су мәселесін өткір көтеріп, Үкіметтің осы саладағы жұмысын қатаң сынға алғанына талай рет куә болдық.
Сол кезде Қазыбек Иса: «Судың үстінде отырған Шардара халқы суға мұқтаж. Таяқ тастам жердегі "Тама–Тастанбек" таза су қорын тарту мәселесі талай жылдан бері көтеріліп келеді, бірақ әлі шешілген жоқ», – деп мәлімдеді.
Сонымен бірге ол соңғы 25 жылда үш мемлекеттік бағдарламаға 5 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалғанына қарамастан, көптеген өңірдің әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай отырғанын айтып, бұл жағдайды «ТРИЛЛИОНДАР ЖҰМСАП, ТАЗА СУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ АЛМАУ - ТАЗА МАСҚАРА!» деп қатты сынады!
Әлі есімізде, 2024 жылдың қаңтарында Қазыбек Иса Шардара ауданы тұрғындарымен кездесіп, халықтың ауыз суға қатысты талап-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында тұрғындар Қазыбек Исаның «Тама–Тастанбек» су қорын ел игілігіне беру мәселесін Парламентте де, Үкімет сағатында да көтергеніне ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтып, депутаттан осы жобаның толық жүзеге асуын қадағалап, қолдау көрсетуді сұрады. Халықтың аманатын арқалаған ақын Астанаға барған соң бұл мәселені қалт жібермей қадағалады.
Биыл қаңтардағы қақаған қыста депутаттық сапармен ел аралағанда көп депутаттар секілді қаладан қайта салмай, Қызылқұмның қойнауына сүңгіп, 40 шақырым жердегі “Тама-Тастанбек” су жобасын қадағалауға өзі барып, алғашқы аққан таза суды өзі татып көрген еді. “Қызылқұмның бұлағы ғой бұл! Бүкіл ауданға таза су жетеді құдай қаласа!”-деген видеосы елге тарап кеткен болатын.
Тағы да айтып өтелік, бұл жоба – Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың, Үкіметтің қолдауының, облыс әкімдігі мен Шардара ауданы әкімдігінің игілікті ісі мен қарқынды қайрат көрсеткен Қазыбек Иса, Қайрат Балабиев сынды азаматтардың табанды талабының нәтижесі десе болады.
Сонымен Шардара қаласындағы 30 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Су құбырының жобалық өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метрді құрайды. Құрылыс барысында жалпы ұзындығы 39,28 шақырым болатын диаметрі 500 миллиметрлік екі магистральды полиэтилен су құбыры тартылды. Сонымен қатар көлемі 500 текше метр болатын 2 және көлемі 5 мың текше метр болатын 2 су резервуары салынды. Жоба аясында 14 су алу ұңғымасы бұрғыланды. Оның ішінде 12-сі жұмысшы, 2-еуі резервтік ұңғыма. Екі қосалқы станция мен суды тазарту қондырғылары орнатылып, барлық инженерлік жүйелер толық іске қосылды.
Шалғайда жатқан Шардарадағы жарқын істеріміз мол болсын!
Сәбит Лаханов,
Қазақ үні