Ұлы Даланың бірегей археологиялық ескерткіші жаңа даму кезеңіне қадам басты
2026 ж. 23 шілде
57
0
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласына қарасты Кенжекөл ауылдық округінде орналасқан Байдала қорымындағы археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысты. Бұл - Қимақ қағанаты дәуіріне жататын аса маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі әрі Ұлы Дала тарихының тың беттерін ашуға мүмкіндік беретін бірегей тарихи нысан.
Ғалымдардың мәліметінше, Х ғасырдағы араб карталарында көрсетілген Қимақ қағанатының саяси орталығы - Имакия қаласы дәл осы аумақта орналасқан. Белгілі археолог Тимур Смағұловтың жетекшілігімен ұйымдастырылған археологиялық экспедиция 20 жылдан астам уақыт бойы тарихи-мәдени мұраны сақтау мақсатында қорғау-қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Биылғы маусымда зерттеушілер сақталған обалардың бірін зерттеуді жалғастыруда. Қорымның жерлеу орларының қалдықтары тазартылып, құрбандыққа шалынған жануарлардың сүйектері табылды. Ал негізгі жерлеу орнын ашу жұмыстары тамыз-қыркүйек айларына жоспарланған.
Археологтар өңір басшысына соңғы жылдардағы ең маңызды ғылыми жаңалықтарды таныстырды. Солардың ішіндегі ең бірегейі - Еуразия даласындағы археологиялық теңдесі жоқ, қимақ-қыпшақ кезеңіне жататын толық сақталған жылжымалы баспананың табылуы болды. Ағаштан жасалған, үстіне қазақтың киіз үйіне ұқсас шатыр орнатылған доңғалақты арба ортағасырлық көшпелілердің тұрмысын жаңа қырынан тануға жол ашып отыр. Сонымен қатар ағаш ер-тоқым, үзеңгі, ауыздық, қару-жарақ бөлшектері, әшекей бұйымдар, жібек маталар және басқа да құнды жәдігерлер табылған. Осы уақытқа дейін мұндай «доңғалақты үйлер» туралы тарихи ғылымда тек жазба деректер мен сызбалық бейнелер ғана белгілі болған.
Асайын Байханов мұндай тарихи ескерткіштерді сақтау мен жан-жақты зерттеудің өңір үшін ғана емес, тұтас ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
- Байдала - туған өлкеміздің терең тарихын танытатын орын. Әрбір археологиялық олжа ғылыми әрі мәдени-тарихи тұрғыдан аса құнды. Олар мемлекеттілігіміздің бастауын тереңірек түсінуге және Ұлы Даланың ортағасырлық өркениеті туралы танымымызды кеңейтуге мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз - ескерткішті жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеуді қамтамасыз етіп, бірегей олжалардың заманауи музей экспозицияларының ажырамас бөлігіне айналуына жағдай жасау, - деді Асайын Байханов.
Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы археологиялық зерттеулерді одан әрі дамыту, бірегей жәдігерлерді консервациялау мен реставрациялау жұмыстарын қамтамасыз ету, сондай-ақ археологиялық кешенді музейлендіру және оны Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының негізгі нысандарының бірі ретінде дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.