Әлеуметтік квота: мемлекеттік грантқа кімдер үміткер бола алады?

Әлеуметтік квота: мемлекеттік грантқа кімдер үміткер бола алады?

Қазақстанда әлеуметтік осал санаттағы талапкерлер мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына жалпы негізде емес, өздеріне арналған арнайы квота бойынша қатысады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің басқармасының басшысы Жандәулет Құдайбергенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысының белгілі бір бөлігі әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге арнайы квота ретінде бөлінеді.

– Мәселен, төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерлерге мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінің 5 пайызы қарастырылған. Сонымен қатар қандастарға, толық емес отбасынан шыққан талапкерлерге және өзге де әлеуметтік осал санаттарға арнайы квоталар бөлінеді, – деді Жандәулет Құдайбергенов.

Оның сөзінше, толық емес отбасыдан шыққан талапкерлер үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының 3 пайызы көзделген. Сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар талапкерлер мен І немесе ІІ топтағы мүгедектігі бар адамға қарап отырған отбасылардан шыққан талапкерлерге де арнайы квота қарастырылған.

– Бұл талапкерлер жалпы конкурсқа қатыспайды. Олар тек өздеріне арналған квота аясында бақ сынайды. Арнайы квота бойынша бөлінген гранттарға жалпы конкурсқа қатысушылар үміткер бола алмайды, – деді комитет басқармасының басшысы.

Жандәулет Құдайбергеновтің айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге де қажетті қолдау көрсетіледі.

– Егер талапкердің өзінің І немесе ІІ топтағы мүгедектігі болса немесе заңнамада көзделген өзге санаттардың біріне жатса, ол арнайы квота бойынша конкурсқа қатыса алады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында оқу барысында көру және есту қабілеті бұзылған, сондай-ақ өзге де ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге инклюзивті білім беру талаптарына сәйкес қажетті жағдай жасалып, тиісті қолдау көрсетіледі, – деді ол.